Мәдениет және өнер

«Оқырманы әлі де іздеп келетін, ескірмейтін кітаптар бар»

Біздің сұхбат

Анар ЖАППАРҚҰЛОВА, ақын, Шымкент қалалық әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры:

– Анар Әбусайылқызы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды» деп атап айтты. Президенттің осы тапсырмасының үдесінен шыға алып жүрсіздер ме? Бүгінгі кітапханаға оқырмандар көп келе ме? Қазіргі оқырман кімді, нені көп оқиды?

Расында да Президент оқырман үшін кітаптың қолжетімді болуы керектігі жайлы Түркістанда өткен құрылтайда басымдық бере отырып айтқан болатын. Тіпті елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар болуы қажеттігін тиісті сала мамандарына тапсырған-ды. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматыда және Астанада сондай кітапханалар бой көтеруде. Осының өзінен-ақ біздің елде кітапқа, кітапханаға деген көзқарастың жоғары екенін, бұл саланы жетілдіру үшін ауқымды жобалар қолға алынғандығын байқауға болады.

Кітапхана – бұл күн сайын тіршілігі қазандай қайнап жатқан руханият ордасы. Бір күніміз бір күнімізге ұқсамайды. Жаңалығымыз көп, атап айтар басты жаңалығымыз – биыл кітапханамызға 10 жыл толды. Осыған орай, қазан айында «Кітапхана – өркениет мұрасы» деп аталатын Республикалық кітапханашылардың кәсіби басқосуын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жиынға Алматы, Астана қалаларымен қатар, барлық өңірлерден әріптестеріміз келеді деп күтілуде.

Оқырмандарымыздың саны жыл өткен сайын артып келе жатыр. Бұл жалаң жауап емес, шын мәнісінде кітап оқығысы келетін, іздегенін кітаптан тапқысы келетін әртүрлі жастағы оқырмандарымыз баршылық. Олардың сұранысына орай ұсынар кітап қорымыз қомақты. Қорды оқырмандардың сұранысы бойынша ұдайы толықтырып отырамыз. Уақыт өткен сайын оқырмандардың талабы да өсіп келе жатқанын байқаймыз. Соған лайықты қызмет көрсетуге әрекет етудеміз.

Кітапханада қызмет етіп жүріп көз жеткізген бір дүнием, қанша уақыт өтсе де сұранысқа ие, ескірмейтін кітаптар бар. Кітапханаға келген оқырман ең бірінші М.Әуезовтің «Абай жолын», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарын», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын», Мұқағали Мақатаевтың өлеңдер жинағын сұрайды. Сондай-ақ, жас оқырмандар мотивациялық кітаптарға көп үңіледі.

Жалпы кітапхана тарихының тамыры тереңде. Әрісін айтпағанда сонау 9-11 ғасырдың өзінде кітапханасымен даңқы шыққан Бұхара, Самарқанд, Отырар кітапханалары әлемнің ғылымға, білімге ұмтылған қауымын ұдайы қызықтырған. Отырар кітапханасын Александриядан кейінгі әлемдегі екінші кітапхана дейтініміз де содан. Ең алғашқы қышқа жазылған кітаптар қоры Ассирия патшалығында болғандығын (Ирак) тарих баяндайды. Шығыс халқы кітапқұмар. Алайда, бүгінде әлемдегі ең үлкені де, ең кереметі де Конгресс кітапханасы (АҚШ) болып отыр. Әу бастан ғылым-білімге деген қызығушылығы алабөтен, зерек азиялықтарды «әлемді көп оқығандар басқарады» қағидасымен батыстықтар басып озып кеткені ме? Тіпті «СССР оқымыстылар елі» ұранына сай келу үшін кеше қазақтар арасында автобуста кітап оқитындар да аз емес еді. Бүгініміз қандай?

– Иә, кітаптың да, кітапхананың да тарихы тереңде. Әлемдегі ең үлкен, ең керемет кітапхана АҚШ-тағы Конгресс кітапханасы десек те, көне қолжазбалар мен сирек кітаптардың шоғырланған жері Азияда деп анық айта аламыз. Бұған Пекиндегі, Анкарадағы, Измирдегі, Бағдаттағы, Тәшкендегі, Алматыдағы Ұлттық кітапханаларымыз дәлел бола алады. Осыдан оншақты жыл бұрын жұрттың назары жаппай смартфондарға, қалта телефондарына ауған болса, қазір елдің көпшілігі одан да шаршады. Тіпті әлеуметтік желілердегі белсенділік те біршама бәсеңдеп келеді. Ел іздегенін смартфондардан, электронды кітаптардан емес, қолмен ұстап, парақтап оқитын кітаптан таба алатындығына көз жеткізіп келеді. Сондықтан да бүгінгі таңда кітап оқитындардың қарасы көбейіп келеді деп айтуға толық негіз бар.

– Олай болса кешегі «Отырар кітапханасының» даңқын бүгінгі кітапханалар жалғастыра ала ма? Мысалы, Шымкенттегі сіз басқарып отырған кітапханада не жоқ? Не жетіспейді? Жақында қала әкімі арнайы келіп, кітапханамен танысып кетті деп естідік. Не айтты? Әкімнің назарын аударуы қажет қандай мәселені айта алдыңыздар?

– Кітапхана қай кезеңде де ағартушылық қызмет атқарады. Оның негізгі жұмысы — оқырманды ақпаратпен қамтамасыз ету және көркем оқуға шақыру. Бұл тұрғыдан алғанда, әл-Фараби кітапханасы өзінің биік миссиясына жауапкершілікпен қарап, адал атқарып келеді. Қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы кітапханамызға арнайы келіп, күнделікті тыныс-тіршілігімен танысты. Танысып қана қойған жоқ, кітап қорын толықтыруға, сирек кітаптарды реставрациялауға қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге тапсырма берді. Соның ішінде балаларға арналған кітаптарды көбейтуге баса назар аударды. Біз бүгінгі таңда осы бағыттағы жұмыстарды жүргізудеміз.

– Жалақысы мардымсыз кітапхана ісі мамандығын таңдайтындар азайған заманда кәсіби маман табу да оңай болып жатпаған болар…

– Негізінен жұмысқа қабылдағанда кітапханашы мамандарға басымдық береміз. Олар өз ісінің шынайы маманы болса дейміз. Кітапты сүймейтін, кітап оқуды жақсы көрмейтін адам бәрібір кітапханашы бола алмайды. Ал, кітапханашылардың жалақысы Президенттің пәрменімен кешегі күнге қарағанда қазір біршама көтерілді. Кітапхана қызметкерлеріне жалақыны көтеру мәселесі Үкіметтің назарында. Себебі 2022 жылдан бастап азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының, соның ішінде кітапханашылардың жалақысын 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен арттыру туралы шешім бар.
Осыны негізіге ала отырып, биыл жергілікті әкімдіктен айлығымызға 25 пайыз үстеме қосылды. Біртіндеп бұл мамандық иелерінің де әлеуметтік мәселесі шешіліп келеді.

Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды» деген болатын. Олай болса, кітапханамен бірге кітапханашылардың да мәртебесі арта түсетініне сенімдімін.

Осыдан бірнеше жыл бұрын цифрландыру мәселесі кітапханаларға да жеткен. Сол кезде жиі кездесетін кедергінің бірі авторлық құқыққа байланысты (автордың ресми рұқсаты керек) болғаны есте. Бұл мәселе қазір толық шешілген болар? Жалпы, цифрландыру үрдісі кітапханаларға не берді? Пайдасы қандай? Тиген зияны бар ма?

– Шымкенттегі әл-Фараби кітапханасында цифрландыру жұмыстары жоспарға сай жүйелі атқарылып келеді. Біз Ұлттық электрондық кітапхананың өңірлік бірден-бір серіктесіміз. Жергілікті авторлардың құқығы қатаң сақталады, ол тараптан мәселе жоқ. Болмайды да деп ойлаймын.

Жасыратыны жоқ, арагідік «Соңғы кезде кітапханалар мәдениет ошақтарының, клубтың қызметін атқарып кеткендей әсер қалдырады» дейтін пікірлер айтылып қалады. Расында да ән мен күйге бөленген концерттік бағдарламалары бар мәдени іс-шаралар ұйымдастырып жүресіздер. Ақын-жазушының ғана емес, әртіс, әнші, композиторлардың да кештері кітапханада өтуде. Сол кештерде ән салып, образдық рөлдер ойнайтын да кітапханашылар. Бұл қаншалықты дұрыс? Әлде бұл оқырман тартудың жаңа әдісі ме?

– Өзекті мәселені қозғап отырсыз. Кітапханада жоспарға сай көпшілік шараларды жиі ұйымдастырсақ, «кітапхана мәдениет үйіне айналып кетті» дейтін әріптестеріңіздің бары рас. Ал көпшілік шараларды азайтып, ішкі жұмыстармен шұғылдансақ, «кітапханалар ұйықтап қалды» деп те сөгетіндер жоқ емес. Біз қазір жылдық жоспарды жоспарлағанда ең бірінші, мемлекеттік маңызы бар шараларды, атаулы даталарды, тұлғаларды назарға аламыз. Керісінше жыл өткен сайын кішігірім шараларды азайтып, ірі жобаларды жүзеге асыруды жоспарлаудамыз. Бірақ, оқырманның да, автордың да сұранысына сай, жоспардан тыс шараларды да атқарамыз. Бұл кітапханашының әнші, биші болып кеткендігінен емес, көп қырлылығын, жан-жақтылығын байқатады деп білемін.

Анар Әбусайылқызы, сіз ғалым филологсыз. Біраз жыл педагогика университетінде оқытушы болдыңыз. Ел сізді о баста айтыскер ақын ретінде танып білді. Кітапхана дегеніңіз мемлекеттік басқармаға бағынышты мекеме. Белгілі бір дәрежеде мемлекеттік басқармаға бағыныштылық сіздің ақиқатты айтып, саладағы кемшілікті көтеріп, сахнада жыр толғауыңызға өзіндік кедергісін келтіріп жүрген жоқ па? Кітапхана басшылығына келгелі суырып салма ақындығыңыз тұсауланып қалмады ма?

– Менің кітапхана саласына келуімнің басты себебі – кітапқа деген құмарлық, кітапханаға деген іңкәрлік. Кандидаттық диссертация қорғауыма Алматыдағы Ұлттық кітапхананың үлкен ықпалы болды. Қазір өзіңіз білесіз, қайда жүрсең де, қалай айтсаң да біреудің аузына біреу қақпақ қоймайды. Сондықтан да басқармаға бағынысты мемлекеттік мекемеге келіп, «айтатын сөзімді айта алмай іркіліп қалудамын» деуіме ешқандай негіз жоқ. Керісінше, айтсаң дауыс жететін, үнің естілетін жердемін. Басқарма да, әкімдік те Құдай қосқан көршілеріміз. Қажет жерде ойымызды іркіп қалған емеспіз. Орынды ұсыныс айтсақ қолдайтын басшы бар. «Көршілерімізбен» татумыз. Әзіліміз де, шынымыз да осы.

– Ақындар қоғамның кемшілігін көтере отырып, елдің мұңын билікке жеткізуші рөл атқаратыны рас. Бүгінгі қоғамда қазір жиі талқыға түсіп тұрған тақырыптың бірі – той. «Қазақтың тойы бітпесін» дегенді сан-саққа жүгіртіп кеттік. «Қазақтың тойына реформа керек» дейтіндер де бар. Сіздер жиын-тойда жиі жүретін қауымсыздар. Қазақтың тойына сіздіңше не жетпейді? Нені өзгерту керек деп ойлайсыз?

– Иә, елдің ортасында, жиын тойдың ішінде көбірек жүретініміз рас. Қазіргі тойларда жетіспейтін емес, артық дүние көп. Қуанышты бөлісумен емес, даңғазалық пен ысырапшылықтың бәсекесіне түсіп кеткендейміз. Бұл мәселенің де шешілетін шарықтау шегіне жақындап келеміз. Бәрі де реттелетініне сенемін. Тойдың тағлымды өтуі үшін той иесі ретінде әрқайсымыз атсалысып, даңғазалықтан ада болуға тырысуымыз керек сияқты. Сөз соңында, қала тұрғындарын руханият ордасы әл-Фараби кітапханасына келіп, таным көкжиектеріңізді кеңейтіп, кітап оқуға шақырамын.

– Сұхбатыңызға рақмет. Кітаптарыңыз да, оқырмандарыңыз да көп болсын!

Сұхбаттасқан Ж.ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *