Күн ысығалы айналада өрт шығу қауіпі жоғары жағдайлар қалыптаса бастады. Төтенше жағдайды болдырмау және оның алдын алу шараларына басымдық беріп, мекеме, ұйымдарда ақпараттық хабарламалар тарату ісіне белсене кіріскен төтеншеліктер қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.
Шымкент қаласы ТЖ департаментінің мамандары бұл орайда арнайы брифингтер де ұйымдастырып жатыр.
Жақында Өңірлік коммуникация қызметінде сондай жиынның бірі өтті. Оған Мемлекеттік өрт бақылау басқарманың бастығы Эльмира Ережепова және «Жасыл Белдеу» КММ-нің директоры Есдаулет Достияров қатысты.
Қаладағы өрт қауіпті жағдайы бойынша атқарылған жұмыстары туралы баяндаған Эльмира Ережепова былтыр 5 айда 93 өрт тіркелгенін атап өтті. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 52 пайызға өскенін нақтылады. Сондай-ақ 289 жану жағдайлары орын алып, былтырғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға өскенін және биыл орман, дала өрт оқиғалары орын алмағаны айтты.
Өрттің негізгі себептері – қоқысты жинап жағу, сөндірілмеген темекі тұқылдарын тастау, балалардың отпен ойнауы, шыны ыдыстарды құрғақ шөпке лақтырып кету салдарынан болатынын атап өтті. Бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдарында, орман-дала алқаптарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Департамент қызметкерлерімен 212 үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген. Жергілікті атқару органдары, полиция және еріктілерден құрылған мобильді топпен 54 рейдттік іс-шаралар жүргізіліп, 2 тұлғаға өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен.