Мәселе

Қазақша сөйлеп, «провокатор» атандым

Жуырда Қарағанды облысының Теміртау қаласында болдым. Рас, онда бір кездері өзге ұлт өкілдері басым болып, барлығы орыс тілінде сөйлеген. Тіпті, қазақша сөйлегендерді төмен санап, ар-намысына тигені де шындық. Мұны жасыруға болмайды.

Қазір уақыт пен заман өзгерді. Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына жуырда 33 жыл толады. Осынша уақыт өткеніне қарамастан, әлі де арамызда КСРО дәуірін аңсайтындар бар секілді. Айталық, Теміртау қаласында кейбір өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілде сөйлегісі келмейді. Бір таксиге міндім, жүргізуші орыс жігіт екен, баратын жерді айтқанымда «не понимаю» деді дүңк еткізіп. Асығыс болғандықтан амал жоқ өзге тілде білгенімше шүлдірлеуге тура келді. Тағы бірде көлік тұрағына қатысты дау шықты. Бірнеше өзге ұлт өкілі жиналып алып, менен орысша сөйлеуді талап етті. Мен мемлекеттік тілде сөйлеп тұрғанымды айтып, керісінше олардан қазақша жауап қатуды сұранғанымда «Сен провокатор екенсің» деп өзімді кінәлады. Мен онымен келіспедім.

Ертесіне әдейілеп Теміртау қаласының прокуроры Нұрлан Омаровтың, Ескіқала полиция бөлімінің бастығы Дастан Искаховтың, Теміртау қаласы әкімінің орынбасарлары Ринат Қыдырбеков пен Самат Зияшевтің қабылдауында болып, Теміртауда қазақша сөйлегендер «провокатор» болып саналатын болған ба деген сұрақ қойдым. Барлығы бір ауыздан «олар қателеседі» деп жауап берді. Әрине олардың қателесіп, өткен күндерді аңсап жүргенін мен де, басқалар да біледі. Бірақ мұны солардың өздері түсінбей жүргендері өкінішті екен.

Балқы БАЗАР.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *