- Біздің кейіпкер
Мейрамбек Ошақбай – Қазығұрт ауданы, Сарапхана ауылдық округіне қарасты Махамбет ауылында тұрады. Ол 6 жасынан бастап атқа мініп, бүгінде тай-құлындарды бас білдіріп жүрген балаң жігіт. Махамбет Өтемісұлы атындағы мектептің 9 сыныбында оқитын бозбаланы арнайы іздеп, ауылына бардық.
Біз Махамбет ауылына кіргеннен тай-жабағыға мінген балаларды жиі кездестірдік. Білгеніміздей, мұнда атбегілік кәсіпке қызығатындар көп екен. Содан да болар бала күнінен құлынға мініп, тай ерттеп өскен баланың ер қанатына деген қызығушылығы кең етек жайған. Тіпті, бұл ауылда тақа мінудің, жылқы баптаудың өз мектебі де қалыптасқан. Ал, біздің кейіпкеріміз Мейрамбек отбасының кенжесі екенін білдік. Өзінен үлкен үш ағасы, үш әпкесі бар. Әкесі Батырхан мен ағалары жылқының бабын жақсы білетін жандар. Мейрамбек солардың қасында жүріп, кішкентайынан жылқыға үйір болып өскен.
Бүгінде ат үстінде еркін отыратын кәнігі шабандоздың өзіне айналған кейіпкеріміз «Біз секілді балаларды ерте жастан тай-жабағыға мінгізіп, шабандоздық өнердің қыр-сырына баулуда ағаларымыздың үлесі орасан зор», – дейді.
– Әлі есімде, мені алғаш рет атқа Абылай ағам отырғызған. Біздің ауылда шабысы бөлек, бітім-болмысы ерек сәйгүліктер жетерлік. Додаларда дес бермеген сондай жүйріктердің ізін жалғап келе жатқан тай-құнандарды бас білдіруді сол ағаларымыз үйреткен, – дейді Мейрамбек.
Мейрамбек дәл қазір асау тайларды мініске үйретіп жүр. Оның айтуынша, ерте көктемде «тайымды мініп берші» деп өтініш білдіретіндер қатары ауылда арта түседі. Бәрі де асауды ауыздықтау үшін Мейрамбекке келіп, кезекке тұрады екен. Себебі, бәйгеге қосатын жүйріктерді дәл осы мезгілде баптау қажет. Ал, Мейрамбек оларды қалай баптауды біледі. Әр тайға ерекше көңіл бөледі.
– Жабағы үстінде отырған кезде тақымыңды мықтап ұстап, өз-өзіңе сенімді болуың керек. Ең бастысы қорыққаныңды сездірмеген жөн. Егер де тай адамның қобалжығанын сезіп қойса, ноқтасын салдырғысы келмей, өзінен-өзі үркіп шығады. Біздің ауылдың балалары шетінен жылқы құмар, аттың құлағында ойнаған шабандоздар. Бәріміз кешқұрым жабағы-тайларға мініп, тай жарысын өткіземіз. Осылайша талай тайды шабысқа үйретіп алдық қой, – дейді кейіпкеріміз.
Мейрамбектен асау тайдан құлап қалу қорқыныш тудырмай ма деп те сұрадық. «Ауыл балалары аттан қорқушы ма еді?! Олар құлап қалса да қайта орнынан тұрып, жылқының жалына жармасып, шауып кете береді ғой», — деді.
Мейрамбектің әкесі кәсіпкер. Ол ұлдарының бәрін өзінің сүйікті ісі — атбегілікке кішкентайынан баулиды. Ал, анасы Халима үй шаруасымен айналысады.
Диля Тойлыбайқызы.