Соңғы кездері байқаймын, ротация
деген желеумен мектеп директорларын бір мектептен екінші мектепке сапырылыстырып
ауыстыру жиі орын алуда. Енді бұл үрдіс аудандық білім бөлімдерінің басшыларына
да жеткен секілді. Меніңше бұл дұрыс емес. Сонда ел арасында мектеп басқаруға
ақыл-парасаты, іскерлігі жететін басқа азаматтар жоқ па?
Шынтуайтында, іскер басшы жоқ емес, тек оларға мүмкіндік берілмейтін сыңайлы. Дәлірек айтқанда, директорлық креслоның «жылуын сезінген» бұрынғы басшы көке-жәкесін ортаға салса да ешкімге орнын босатып бергісі келмейтіні түсінікті. Бұл жерде сыбайластықтың бары сезіледі. Директорлық қызметті қимағандықтан, кейде ротацияға түскен басшы өзінің тұрғылықты мекен жайынан 100-150 шақырым жердегі мектепке күнделікті барып-келіп жұмыс істеуге мәжбүр. Осылай әбігерге түсіп, жұмыс сапасына кері әсер еткенше, неге жергілікті азаматтарға сенім артпасқа?
Елімізде мемлекет басшысының өзі 7 жыл мерзімге 1 рет қана сайланып жатқанда мектеп директорларына не жорық? Тағы бір мәселе – мектеп директорларын жоғарыдан тағайындап емес, ұжым мүшелерінің дауыс беруімен сайлаған дұрыс. Қанша дегенмен, сайланған басшы қарамағындағылармен де, елмен де ақылдасып жұмыс істейтін болады. Жоғарыдан тағайындалған басшының ұжым мүшелерінің ұсыныс-пікірлеріне құлақ аспауы да мүмкін.
Қанат Бегалиев,
Шардара ауданы.