Біле жүріңіз

Қ.Қазиев көшесі созылады…

ал су мәселесі сотта қаралуда

Шымкент қаласында көктем шықпай жатып жол құрылысы қайтадан қарқын алуда. Бұған дейін басталған орталық, негізгі даңғыл, көшелердің құрылысы біршама оңалып қалған-ды. Ендігі кезек кішігірім көшелерді реттеуге ойысты.

Маңызы жоғары, негізгі көшелерге параллель кішігірім көшелердің де көлік қозғалысына ыңғайлы болуына мән беріп отырған қала билігі биыл Қарауылбек Қазиев көшесін Ұланбек Арғынбеков көшесінен Қуаныш Төлеметов көшесіне дейін созуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде негізгі көшелердегі көлік тығынын болдырмауға бағытталған іс. Ал Ораз Жандосов көшесін Әділ Сасбұқаев көшесінен абстап Жолдыбай Адырбеков көшесіне дейін ұзарту жоспары бекітілді.

Жол құрылысына жауапты компания өкілдерімен кездескен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бұл жобаларға жұмсалатын бюджеттік шығындарды оңтайландыру мәселесін талқылады. «Қазір Әділ Сасбұқаев көшесінде орташа жөндеу жұмыстары жүруде. Ендігі кезекте қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы құрылысы аяқталған бөлігінде көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын жүргізе берсе болады». Осылай деген қала әкімі Қажымұқан Мұнайтпасов атындағы Орталық стадионның жөндеу жұмыстарымен де танысты.

Стадион 1969 жылы ашылған. Содан бері газоны бірде-бір рет жаңартылмаған екен. Бұл олқылықты реттеуді сала мамандарына тапсырған қала әкімі «аренада жақын күндері жаңа табиғи жамылғы мен автоматты суару жүйесі орнатылады» деген жауап естіді. Ал футболшылардың физикалық дайындығы үшін жаттығу залын салу құрылысы жоспарда тұр. Әкім стадион басшысы мен құрылысты жүргізетін мердігер ұйымға мүгедектігі бар және әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау маңызды екенін ескертті.

Айтпақшы, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС-ін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі бойынша өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына былай деп жазды:

«Стратегиялық нысандарды мемлекет меншігіне қайтару – мемлекеттік маңызы бар мәселе. Біз бұл жұмысты Президент тапсырмасы аясында жүргізіп жатырмыз. Менің ұстанымым өзгермейді: қала өмірі үшін маңызды нысандар мемлекеттің бақылауында болуы тиіс. Бұл басқарудың ашықтығын қамтамасыз ету, халыққа қызмет көрсетуді үздіксіз жүргізу және қала тұрғындарының мүддесін қорғау үшін қажет. Осы бағыттағы жұмысты тұрғындардың мүддесін басшылыққа ала отырып, әрі қарай да жалғастырамыз. Құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқандықтан, бұл мәселеге соңғы нүктені сот қояды»…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *