Қоғам

ҚАЗАҚТЫҢ ЕҢ ЖАС 8 ҚАЛТАЛЫСЫ

«Forbes Kazakhstan» журналы Қазақстанның жасы 45-ке дейінгі ең бай азаматтарының рейтингін жариялады. Олар 8 адам, жасы ең кішісі – 35, ең үлкені 44 жаста.

Бұлардың ішіндегі ең байы – «Freedom Holding Corp» холдингінің негізін қалаушы Тимур Турлов. Аталған холдинг құрамына банк, инвестициялық және сақтандыру компаниялары кіретін қаржы блогы, сондай-ақ, «Freedom Travel», «Freedom Ticketon» агрегаторлары, «Arbuz.kz» онлайн супермаркеті, «Freedom Media» және «Freedom Telecom» сияқты бағыттар кіреді. Сондай-ақ, оған Қарағандыдағы «Сары-Арқа» әуежайының 60 пайыз үлесі, «Семей цемент зауыты», «Citix ltd.» компанияларындағы үлестер, «Freedom Mobile», «Freedom Drive» онлайн дүкені, «Tatler Kazakhstan» журналы, «Шахтер» футбол клубы және басқа да активтер тиесілі. Байлығы 5 миллиард 200 миллион долларға тең деп бағаланған Т.Турлов Қазақстандағы ең байлар тізімінде 6-орында тұр.

Ал «Alatau City Bank»-тің бұрынғы иесі Ғалымжан Есеновтің байлығы 564 миллион долларға теңеліпті. Ол Қазақстан байларының жалпы рейтингінде 19-шы орында. Ғ.Есенов қазір Алматы облысында алма бағын өсіреді, жемістерден шырын өндіреді, соя майын, малға арналған түрлі жем шығарады. Сондай-ақ, Ғ.Есенов бүгінде Сейсембаевтар отбасымен бірге құс өсірумен де айналысуда. Оның бірқатар басқа бинес нысандарында да үлесі бар.

Қазақстандағы ең байлар рейтингіне алғаш рет еніп отырған «Integra Construction KZ» бенефициары Шахмұрат Мүтәліптің байлығы 482 миллион долларға тең деп бағаланған. Ол тізімде 22-ші орында тұр. Оның меншігіндегі «Интегра» портфелінде Қостанайдағы «КамАЗ» зауыты, Құрық портындағы паром кешені, Ақтау халықаралық контейнерлік хабы, Астана әуежайындағы бизнес-авиация ұшақтарына арналған тұрақ және басқа да нысандар бар. Компания Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларында тұрғын үй кешендерін, сондай-ақ теміржол және автожолдар салған. Енді Көкшетауда стадион салмақ ниет танытып отыр. Сондай-ақ, Ш.Мүтәліптің шымкенттік «Ордабасы» футбол клубын басқаруға алғаны да мәлім.

Нұрәлі Әлиев – 280 миллион доллар байлығымен ең байлар арасында 41-ші орында. Оған «Capital Holding» және «Darmen Holding» компанияларындағы мажоритарлық үлестер тиесілі. Сондай-ақ, ол Дубайдағы «Donatello Hotels and Resorts», Алматыдағы «Donatello Boutique Hotel» қонақүйлеріне иелік етеді. Алматы мен Астанада мейрамхана жобаларымен айналысады.

Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімовтің қызы, жоғарыда аталған миллионер Ғалымжан Есеновтің жұбайы Айжан Есімнің байлығы 207 миллион долларға бағаланған. А.Есім фосфорит кенін өндіріп, фосфорлы тыңайтқыш, сары фосфор және оның туындыларын шығаратын кәсіпорынның акционері болған. Байлығын «Қазфосфаттағы» үлесін сату арқылы тапқан. «Алматынан», Петропавл нан-тоқаш комбинатында, «KRIDA» фитнес-клубында үлестері бар. А.Есім байлардың жалпы тізімінде 47-ші орында тұр.

Ең байлар рейтінгінде одан кейінгі 48-сатыда – Алмаз Әлсенов. Байлығы 204 миллион долларға тең деп айтылады. Агрокәсіпкер, ауыл шаруашылығы дақылдары мен өнімдерінің халықаралық дистрибуциясымен, логистикамен, экспорт алдындағы қаржыландырумен және сауда несиелеуімен айналысады. Бүгінде Қызылорда облысында техникалық қарасора, жүгері және соя өсіруді көздейтін жобаға 700 миллион доллар салмақ ниеті бар. Оның «Harvest Group» компаниясы Африканың Кения елінде дистрибуция желісін құрып, логистикалық хабтар ашпақ. Бұл бағытқа 12 миллион доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр.

Жас кезінен пәтер сатып алып, жөндеп, қайта сатумен айналысқан, бүгінде белгілі миллионерге айналған Айғазы Құсайыновтың байлығы 132 миллион долларға бағаланған. Ол Қазақстанның ең бай 75 кәсіпкерінің рейтингінде 64-ші орынды иеленіп тұр. А.Құсайынов бүгінде құрамына ҚазБСҚА, ҚАУ, ҚазБСҚА колледжі мен «Digital College», «KazGASA School», «KAU School» кіретін Халықаралық білім беру корпорациясының иесі. Құрылыс саласымен, мыс өндіру және өңдеумен де айналысады. Осыдан бірер жыл бұрын ауылшаруашылық компаниясын сатып алып, түрлі дақыл өсірумен де айналысқан.

Ресторатор Асқар Байтасовтың байлығы 112 миллион долларға теңеліп отыр. Ол Қазақстанның ең бай 75 бизнесмені рейтингінде 68-ші орында тұр. А.Байтасов байлығын құрамына 50-ден астам мекеме кіретін «ABR» мейрамханалар тобы арқылы тапқан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *