Басты жаңалықтар Біле жүріңіз

Өрмекші – ең осал үйдің иесі

Үйі бардың – күйі бар. Үй – адамның баспанасы, қорғанышы, оны табиғаттың түрлі құбылыстарынан қорғайды, оған сенімділік береді. Ол – туыс адамдардың береке-бірлігінің көзі, адамзаттың бүкіл іс-әрекетінің тірегі.

Еркегін жеп, анасын өлтіреді…

Ал үйдің осалы бола ма? Болады екен. Ол жөнінде қасиетті Құран-Кәрімнің «Анкәбут» сүресінің 41-ші аятында былай деп айтылыпты: «Алладан өзгені дос тұтқандар ұя жасап алған өрмекшінің мысалы сияқты. Шын мәнінде үйлердің ең осалы – өрмекшінің ұясы. Егер олар білетін болса».

«Анкәбут» сөзі қазақша мағынасында «өрмекші» дегенді білдіреді. Ал сүре толықтай, бастан-аяқ бүлік мәселесіне арналған. Өрмекші мысалы – оның бір аяты ғана. Бүлік атаулының небір құйтырқы әрекеттермен, жасырын жоспар құрумен жасалатыны мәлім. Оның дайындалуы, ұлғаюы өрмекшінің тор құруына ұқсайды. Ол торға түсетіндер көп жағдайда жақсы-жаманды ажырата алмай қалады, өрмекші тұзағына түскен жәндіктей шарасыз қалып, құрбан болады. Сондықтан да  бүлік өрмекшінің ұясы мысалымен айтылған. Сондай-ақ сүредегі «өрмекші» сөзі ұрғашы жынысты болып келтірілген. Бұл өрмекшілерде ұяны ұрғашыларының салатынын меңзейді. Дін ғұламалары бұл сүре сырын осылай түсіндіреді.

Ал бүгінде ғалымдар өрмекшілерде ұяны шынында да ұрғашыларының салатынын анықтапты. Тіршілік иелерінің бәрінде еркектері ұрғашыларынан ірі болады, ал өрмекшілерде керісінше, ұрғашылары ірі болады екен. Олар ұясын жемтігін аулау, оған тұзақ құру, аңдаусыз келген жәндікті азық ету үшін салады. Яғни ол өрмекшінің өзіне жайлы болғанымен өзгелер үшін сенімсіз, қауіпті. Ол тіпті еркегінің өзіне де қатерлі. Себебі кейбір түрлерінде жұптасқан соң ұрғашысы еркегін жеп қояды екен. Егер қашып құтыла алмаса, ол «әйелінің» жеміне айналады. Сондай-ақ, балалары өскесін өзінің анасын өлтіріп тастайды екен. Бұған да зерттеуші ғалымдар көз жеткізіпті.

Сегіз көзді, сегіз аяқты…

Ғалымдар осы өрмекшінің тіршілігін егжей-тегжейлі зерттепті. Әлі де зерттеу үстінде. Бүгінге дейін төмендегідей жайлар белгілі болып отыр екен.

Өрмекшінің әлемде 50 мыңдай түрі бар. Соның оншақты түрі ғана үйлерде тіршілік ететін «үй өрмекшілері». Басқаларының бәрі табиғатта, Антарктидадан басқа аумақтың бәрінде бар. Тауларда да мекендейді. Ғалымдар, мысалы, осыдан бір ғасыр бұрын биіктігі 9 шақырымға жуықтайтын әйгілі Эверест шыңынан да олардың бір түрін тауып, зерттепті. Ғалымдар тіпті өрмекшілердің Жер бетінің 1 шаршы метріне қаншадан келетініне дейін есептеп шығарыпты. «1 шаршы метрге – 131-ден, 1 шаршы шақырымға 2,8 миллиардтан келеді» дейді.

Олардың дене тұрқы 05 миллиметрге әзер жететіндері де, 9 сантиметр болатындары да бар. Кейбір түрлері аяғын тарбита созғанда денесінің жалпы үлкендігі 25 сантиметрге дейін барады. Ал Венесуэлада тіршілік ететін «Құсжегіш Голиаф» атанған түрінің аяқтарын жайғандағы дене тұрқы 28 сантиметр болады, ол ұсақ жәндіктермен қоса балықпен, құспен де азықтана алады екен.

Өрмекшінің аяқтары – сегіз дана, әрбірі алты-жеті буыннан тұрады. Олар дыбыс пен иісті осы аяқтарындағы түктер арқылы қабылдайды. Өз торына да олар осы түктері арқылы жабысады. Олар ағзасындағы ақуызды жеткілікті сақтауы үшін ескірген торларын өздері жеп қояды. 2, 8, 12 көзі барлары да, толықтай көзі жоқтары да кездеседі.

Өрмекшілердің барлық дерлік түрлеріне жеке тіршілік ету тән. Су бетінде конькишідей сырғитындары, су астында тіршілік ететіндері де болады. Аналығы бір туғанда мыңдаған жұмыртқа тастайды. Бірақ оның барлығы да тіршілік етіп кете алмайды, көбі түрлі себептермен өледі.

Олар бірнеше жыл өмір сүреді. Кейбір түрлерінің өмір ұзақтығы 15 жылға дейін барады.

Өрмекшінің улылары да болады. Бүйі, қарақұрттың уы өлтіріп те жібере алады. Австралияда мекендейтін «Сидней шұңқыр өрмекшісі» деген түрі аса улы, оның тісі аяқ киімді тесіп өте алады.

Өрмекші бір күнде 10-15 жәндікпен азықтанады. Ғалымдардың есебінше, ол бір жылда бірнеше миллиондаған тонна жәндікпен қоректенеді екен. Сингапурде өрмекшінің ең қауіпті жауы – сона. Сонаны қапы қалдыру үшін олар бір қулық «ойлап тапқан». Олар көрнекі жерге қоқыстан өздеріне ұқсас көшірме жасап қояды, сона соған шабуыл жасаған сәтті пайдаланып жасырынады немесе қауіпсіз тұсқа орын ауыстырады. (Ойланып көріңіз, мұны оған кім үйретті?).

Өрмекшінің басым бөлігі жәндік аулап күнелтеді. Дегенмен кейде тозаңды, өсімдік шырынын қорек ететіндері де бар. Тек бір түрі ғана өсімдіктекті азықпен, сондай-ақ «Голиаф» түрлі азықпен, соның ішінде жануартектісімен де қоректене алады.

Кей өрмекшінің торы өте берік болады. «Дарвин өрмекшісі» деген ат берілген біреуінің тоқыған бір торының өзінің жалпы ұзындығы 25 метрге дейін жетеді. Биолог-ғалымдардың айтуынша, өрмекші торы өте берік болады. Егер оны сым сияқты қалың етіп біріктірер болса, ол сымнан бес есе берік болады. Өрмекке қажетті затты өрмекші өзінің құрсағындағы арнайы бездерде түзілетін сұйық жібек тәрізді ақуыздан түзеді. Ол ақуыз ауамен әрекеттескенде тез қатады, сөйтіп «жіп» пайда болады. Өрмекші осы жіптен өзінің тұзақтарын тоқиды, оған тап болған жәндіктермен азықтанады.

Өрмекшінің кей түрлері бір күнде 300 метрге дейін өрмек тоқи алады. Әлемдегі ең ұзын өрмекші торын ғалымдар былтырғы жылы күзде Грекия мен Албания шекарасындағы бір үңгірден тауыпты. Оның аумағы 106  шаршы метрді қамтыған. Ғалымдардың есебінше, бұл алып торды шамамен 111 мың өрмекші бірігіп тоқыған. Оларда сирек те болса мұндай қауымдасу болып тұрады. Ал әлгі үңгір қабырғаларынан күкіртсутегі шығып тұрады, онымен миллиондаған шіркейлер, шіркейлермен өз кезегінде өрмекшілер азықтанады екен.

Жалпы, өрмекшілердің жәндіктермен қоректенуі және құстар мен кей аңдарға азық болуы арқылы экологиялық жүйеде өзіндік орны бар.

О.Тұрар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *