Бүгінде ауылдардағы ең өзекті мәселенің бірі – мал ұрлығы. Баяғының
барымташыларында ар-ұят болған екен. Жиын-тойға, ас-құдайыға, көрші-қолаңға
таратылатын бордақыға дайындалған белгімалдарды айналып өтіп, кедей-кепшіктің
төрт түлігіне тимеген. Қазір ше? Ұрылар бір бейшараның бала-шағасын асырап
отырған жалғыз жылқысы немесе сиыры деп аяушылық танытпайды. Керісінше
іздеушісі жоқ деп сондайлардың малын жетектеп әкетуге әуестенді.
Жалпы, барымташы болсын, ұры болсын полицейлерден аяқ тартпағанда немесе солармен ауыз жаласқанда ойындағысын үрейсіз іске асыратын болады. Ауылдардағы мал ұрлығының өршуіне қарап, санаға осындай ойлар да келеді екен. Өйткені, ұрыларға көрілген шара, тартылған жазаға ауыл тұрғындарының көңілі толмайды. «16 қаңтар күні ауылымыздың учаскелік полиция инспекторы Марат Тұрғанбаевтың 2022 жылы атқарған жұмыстарының есебі тыңдалып, оған аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Шерәлі Әбдірамановтың өзі қатысты. Әрине, М.Тұрғынбаев тәртіпсіздіктің алдын алу, көше тәртібі, түнгі рейд бойынша атқарған жұмыстарын айтты. Сонымен бірге жасақшылар тобын құру туралы да өз ұсынысын жеткізді. Жалпы, ауыл тұрғындары полиция инспекторының жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Дегенмен түсініксіз жағдай сұрақ-жауап бөліміне келгенде басталды. Ауданның бас полицейі Ш.Әбдірамановтың бұл жиынға неге келгенін, тіпті не айтпақшы болғанын түсінбей қалдық. Ауылда кімнің қандай малы ұрланғаны, оған қатысты ұсталған адамдарды да білеміз. Бірақ солардың қандай жазаға тартылғаны ұдайы белгісіз күйде қалатыны бізді әртүрлі күмәнді ойға жетелеуде. Осыдан 2-3 ай бұрын ауылда бір адамның екі жылқысы ұрланды. Шұғыл әрекет етудің арқасында учаскелік инспекторымыз сол күні ұрланған жылқыларды Шымкенттің іргесіндегі Маятас елдімекенінен тауып берді. Қолы суық адам бұрын да ұрлықпен сотты болып, темір тордан жақында ғана босап шыққан өз ауылымыздың жігіті екен. Әкесін, бауырларын танимыз. Күдіктіні ұстап алып кеткен, бірақ қазір оның қайда екені белгісіз. Білетіндер Алматыда жүр дейді. Мен әдейілеп сол ұрлыққа қатысты күдікпен ұсталған адам туралы, оған қандай шара көрілгенін, жәбірленуші кім екенін сұрап, жауапты аудандық полиция басшысының өзінен естігім келді. Алайда, Шерәлі Әділханұлының жауабы мені қанағаттандырмады. «Мал ұрлығына қатысты ұсталғандар мен жәбірленушілердың аты заң бойынша құпия, айтылмайды», – деді шегелеп. Ол аз болғандай учаскелік инспекторымыз М.Тұрғанбаевқа олардың кім екенін айтпау керектігін ескертті. Біз басшының бұл әрекетін түсінбедік. Сонда ұрлықты тез арада ашқан Марат Тұрғанбаевтың еңбегі неге ескерусіз қалу керек? Әлде мал ұрылары мен құқық қорғау орган басшыларының арасында қандай да бір құпия келісім болуы мүмкін бе? Ұрылардың кім екенін қарапайым халықтан, зардап шегушіден жасыратын қандай заң бар екен, біз соны білгіміз келеді?», — дейді Шардара ауданы Қызылқұм ауылының тұрғыны Қанатәлі Бегалиев.
Жасыратыны жоқ, Шардара полицейлерінің іс-әрекеттері жайында бұған дейін де редакцияға ренішін жеткізіп хабарласқандар болған. Соның бірі Шардара қаласындағы «Пикет» шағын ауданының тұрғыны Ғайбола Бектөреев болатын. Ол 2 қаңтар күні Шардара қаласы мен Тұрысбеков ауылының ортасында мотоциклмен келе жатқан інісінің 31 желтоқсан күні көлік апатынан кейін қисайып қалған бағанның сымына соқтығысып, ауыр дене жарақатын алғанын айтқан. Бас сүйегі 2-3 жерінен сынып, миына қан қатқан, тістері сынған. Бас сүйегінен, төсінен, жүрегінен денсаулығына ауыр жарақат алған бауырына Шардара аудандық полиция өкілдерінің «дене жарақаты» деп жеңіл көрсетуімен келіспей отыр. Алғашында Шардара АПБ-нің тергеу жөніндегі орынбасары Е.Зияханов «Арыз жазуға құқың жоқ!» деп Ғ.Бектөреевке прокуратураға жазған арызының жауабын алуға барғанда сес көрсетеді. Кейін «ол жерде қандай көліктер соқтығысқанын білмейміз, сен білсең сол көліктердің мемлекеттік нөмері қандай екенін тауып кел» деп жәбірленуші тарапты жұмсауы шардаралық полицейлердің толық әрекетсіздігін білдірсе керек. Әлде Шардара көшелерінде бейнебақылау камералары орнатылмаған ба? Өткен жылдың қаңтарында Түркістан облысының полицейлері әріптесіміз Амангелді Батырбековтың баласына оқ атқандарды жол бойындағы камералардың көмегімен қолға түсірді емес пе? Әлде одан Шардараның полицейлері хабарсыз ба?
Бүгінде Ғ.Бектөреев сұрау салу арқылы сол күні «Тойото» мен «ВАЗ» көлігінің соқтығысқанын анықтағаны туралы әлеуметтік желіге жариялапты. Полиция бұған да қызығушылық танытпаған. «Жаңа жылдан бір күн бұрын екі көлік соқтығысып, электр бағанын құлатады. Сол бағанның біреуі сынып құлап, кейін жоғалып кеткен. Соған қарамастан полиция өкілдері жол көлік оқиғасының болғанын жоққа шығаруға тырысуда», – деген Ғ.Бектөреев енді әділдікті облыстан күтіп отырғанын айтады.
Сонда Шардараның тәртіп сақшылары қалай жұмыс істеп отыр? Ұрының атын жасырады, екі көліктің соқтығысу салдарынан құлаған бағананы көрмейді, осы оқиғалардағы кінәлілер жазаға тартылған-тартылмағаны белгісіз. Сонда халықтың маңдай терімен жиналған салықтан жалақы алып отырған мұндай полицейлер кімге керек? Кімнің жоғын жоқтап, құқын қорғап, кімнің мұңын мұңдамақ? Әлде олар көрсеткіш үшін ғана жекелеген қылмыстарды баяндап, қалғандарын жасырын ұстайды ма? Мұның астарында сыбайластық жатпасына кім кепіл? Ал, полицей мен қылмыскер ауыз жаласар болса, елде тыныштық та болмайды, қылмыс та тоқтамайды. Жалпы, Шардарадағы осы жағдайларды Түркістан облысының бас полицейі Мұрат Қабденов мырза біледі ма, білсе не уәж айтар екен?
Ұлықбек ҮМБЕТ.