Біздің сұхбат
Халықтың бүгіндегі негізгі қажеттіліктерінің бірі — сапалы интернет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұялы байланыспен қамту, шалғай ауылдарға интернет желісін тарту бойынша Үкіметтің алдына ауқымды міндеттер қойды. Осы тапсырманың Түркістан облысында орындалу барысын облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер және архивтер басқармасының басшысы Әсет Әбдірахмановтан сұрап білдік.
– Ең алдымен бұл салада білікті маман мен инфрақұрылымды жүйелі қалыптастыруымыз қажет. Инфрақұрылым, яғни барлық ауыл-аймақты интернетпен қамту жұмысы жүргізілуде. Өңір халқының басым бөлігі ауылда тұрады, ал байланыс операторлары ауылға барғысы келмейді. Бұл орайда облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес «Қазақтелеком», «КсеІІ», «Белайн» компанияларының басшыларымен келіссөз жүргізіліп, келесі жылы 300 ауылды сапалы интернетпен қамту жұмыстарына кірісіп кеттік. Арнайы жол картасы әзірленіп, Цифрлық даму Министрлігімен бекітіліп, жұмыстар басталатын күн жақын.
– Не байланысы, не интернеті жоқ Қазығұрт ауданындағы Аққұм ауылының мәселесі ушығып барып, шешілгені есімізде. Электронды журналды толтыру үшін қыр асатын ауыл мұғалімдерінің жағдайы қоғамның шынайы бейнесін көрсетті. Желіге жалғанған жалғыз компьютер тек мектепте ғана бар. Оның өзі айына 10 гигабайт шектеумен берілген. «Бар» деген аты болғанымен, іс жүзінде бір адамның қажетіне жарамайды деп шулаған еді ұжым. Бұл мәселені қалай шештіңіздер?
– Мектептің лимиті болған. 10 гигабайт спутниктік трансмиссия болғандықтан өте қымбат жүреді. Бұл үйдегі айына 5 мың теңгелік желі емес, сондықтан лимитсіз қою қымбатқа түсіп кетеді. Негізі 10 гигабайттық трафик жеткілікті, ол білім платформаларында жұмыс істеуге арналған. Дәл осы мәселе бойынша трафика алып, зерделеп көрдік. Сөйтсек мұғалімдер білімге қажетті гигабайтты әлеуметтік желі, тик-ток, инстаграм желілерінде отыруға жұмсаған. Ал білім беруге қатысты платформаларға 2,5 пайыз ғана трафик кеткен. Біз мұғалімдерді де кінәламаймыз, олар да ауыл тұрғындары. Ауылда мобильдік интернет нашар болғаннан кейін мектептің вай-файына қосылып, контент көруге мәжбүр. Қазір Аққұмдағы жағдай түзелген, резонанс болғаннан кейін «КсеІІ» компаниясы екі аптаның ішінде антенна қойып, радиокөпір арқылы сигнал берді. Ал мектептің сигналын жақсарту үшін операторлар барын салып, лимитсіз интернет қойып, жылдамдығын да көтерді.
– Алайда, Аққұм секілді ауылдар әлі де бар шығар?
– Шынын айтқанда, ондай елдімекендер көп. Алайда, ол біздің құзырымыздағы дүние емес. Біз заң аясында араласа алмаймыз. Арнайы операторлар бар. Ол жеке компаниялар, былай айтқанда. Біз келіссөздер жүргізіп қана жұмыс істейміз. Ал тұрақты интернет бойынша өз операторлары: «ҚазақТелеКом», «ТрансТелеКом» сынды компаниялар әрекет етуі керек. Бірі мемлекеттік, екіншісі жеке болғанымен, барлығы «Самұрық-Қазына» АҚ-ына бағынышты. Таулы немесе құмды аймақтарда 30-40 шақырым қашықтықта орналасқан мектептерге оптика жүргізу өте қиын. Оптиканың 1 шақырымы кемінде 2 миллион теңге тұрады. Бір мектепке тарту үшін 30-40 шақырым оптика қажет болса, оған көп қаражат кетеді. Ал операторлар ондай шығынға барғысы келмейді. Шағын комплекті мектептерге тіпті тиімсіз. Аққұм осы мәселені ашты, қазір Астанада бұл өзекті сауал ретінде тұр. Мұны біз бұрын да айтқанбыз, көбі мән бермейтін. Операторлар хабардар, Министрлікке де хат жазғанбыз. Өңірде 147 елді-мекенде мобильді интернет нашар, оның ішінде 52 ауылда мүлдем интернет байланыс жоқ. Тек телефонмен ғана қоңырау шалады. Біз ауылды дамытамыз дейміз, ал интернеттен мақұрым отырған ауылда даму туралы әңгіме айтудың өзі ұят.
Адамдар ауылдан көшкісі келеді. Не үшін деп ойлайсыздар? Біз анализ жасап көрдік, қазір облыстың стратегиялық концепциясы жазылып жатыр. Соның мобильдік интернет блогына келген кезде мәселе туындайтынын байқадық. Интернет жоқ жерде ауылдықтар да өмір сүре алмайды, яғни онлайн қызметтерді қолдана алмайды, есеп-айырыса алмайды. Бұл технологиясы қарыштап дамыған заманда ауадай қажет екенін білдік. Ауылды көтеру үшін алдымен байланысты түзеу керек.
— Облыс орталығында ашылған ІТ мектеп маман даярлауға қаншалықты қауқарлы?
– Біздің облыс бүкіл елді еңбек ресурстарымен қамтамасыз етеді. Елді былай қойып, шетелдерде жұмыс істеп жүрген жерлестеріміз де аз емес. Алайда көбі қара жұмысқа жегілген. Олардың білікті маман болуға ұмтылғанын қалаймыз. Заманауи мамандықты меңгерсе дейміз, сол үшін де ІТ мектептер қажет. Алғашқысы облыс орталығынан ашылғанына қуандық. Жеке инвестордың күшімен мектептің тұсауын кескенімен, мемлекеттен қолдау болмай тұр. Бұл мектепті ашу үшін тек қаражат қана емес, команда да керек. Сол команданы мен Кентау қаласынан таптым. Колледж базасында жұмыс істеп жүрген азаматтарды шақырдым, қаржыларын құйды. Мектепті аштық, бірақ биыл мемлекеттен қолдау аз болды. Ал құрылтайшылардың сөзіне сенсек, цифрлы білім мен дағдыларды дамытуға бағытталған арнайы білім беру бағдарламалары әзірленген. Программалау, электроника, механика, электрика және пневматика салалары бойынша дәріс оқитын білікті мамандары да бар. Тек мемлекеттен қолдау жоқ, сондықтан болар, робототехникаға қызыққан жеткіншектер ақылы курсқа барып жүр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ІТ мамандарын даярлау аясында Орталық Азияның ірі технопаркі Astana Hub байқау жариялайды, гранттар береді. Байқауға біздегі мектеп те қатысты. Тым болмағанда 50 грант береді деп ойладық, болмады. Бар жоғы 11 адам ғана қаржыландырылады деді. Біз министрлікке де, Хабтың жауаптыларына да байланысқа шықтық. Олар сенбепті, біздің өңірде мұндай мектеп барын білмеген. Мектеп мүмкіндігімен арнайы өкілі танысып кетті. Келесі жылға үміт бар. Бұл ІТ мектеп оқушыларды ғана емес, мұғалімдерді де оқытуға мүмкіндігі бар. Astana Hub — бұл қазақстандық және шетелдік технологиялық компанияларды дамыту мақсатында ашылған алаң. Хаб Астана қаласында орналасқан. Ол дүние жүзінің дарынды IT-мамандарын біріктіріп, оларға жобаларының кез келген даму кезеңінде қолдау көрсетеді. Astana Hub қауымдастығы бір-бірімен қызметтесіп, араласып тұратын 900 IT-компания мен стартаптан тұрады.
Облыста 907 білім беру ұйымы бар. Негізі базаны информатика пәнінің мұғалімдері үйрету керек. Алайда біз жасаған анализ бойынша мұғалімдер әлі ескі тәсілдермен үйретіп отыр. Сол үшін білім басқармасымен жұмыс жүргізудеміз. Барлық мектеп болмаса да, кезең-кезеңімен информатика пәнінің мұғалімдерін үйретіп, олар оқушыларды жетелесе. Ең басты мақсатым — информатика пәнінің мұғалімдерін үйрету жолын тапсам, ары қарай робототехника тәсілдерін меңгертуге көшер едік. Оның да өзіндік заңдылықтары бар. Соның көзін тауып, осы мектепті ІТ ордаға айналдыру қажет. Жігіттерге қолдау керек. Инвестор тауып берсек, ІТ мамандарды өзіміз тәрбиелеп шығатын едік. Сондай-ақ, ІТ университет ашу жоспарымыз да бар. Өзбекстан, Корея сынды елдердің ІТ университеттерін көріп жүрміз. Әзірге жоспар, оңай емес. Шарттары өте қиын екен.
Болашақ «цифрмен» байланысты. «Ақылды» гаджеттер күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. IT бағыттардың дамуы – технологиялық көшбасшылыққа ұмтылатын мемлекеттің бағыты. Қазір Қазақстан Үкіметінің ақпараттық технологияларды игеруді барынша жылдамдатуға ұмтылып отырғандығын байқауға болады. Өкінішке қарай, жаңа заманның ақпараттық технологияларын таратушы – кең жолақты интернет желілері ауылдарымыздың бәріне бірдей жеткен жоқ. Осы олқылық таяу уақыттың ішінде еңсерілмек. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Kcell» АҚ Басқарма төрағасымен кездесіп, аймақтағы ұялы байланысты дамытудың жолдарын іздеп, тиімді шешімін табуға қолқа салды. Облыс әкімі басымдық облыс орталығы мен ауылды жерлерге берілетінін айтты. Сондай-ақ, республикалық тас жолдар мен шекаралас аймақтардағы ұялы байланысты күшейтуге күш салуға шақырды. «Кселл» тарапынан келісілген Жол картаға сәйкес, облыстағы 140 елді мекенде жаңа базалық станция орнатылып, 78 елдімекеннің базалық станцияларын жаңғырту жоспарлануда.
— «109» бірыңғай желісі іске қосылғалы қандай өзгеріс орын алды?
– Цифрлық экономиканы қалыптастыру өмір сапасын арттырып қана қоймай, адамды жаңа білімді дұрыс қолдана білуге міндеттейді. Сондықтан адамдарға цифрлық сауаттылықты арттыру, жаңа техниканы пайдалана білу және ғаламтор кеңістікте өзін қауіпсіздендіру маңызды. Түркістан облысында халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында «109» бірыңғай желісі іске қосылып, тиімді жұмыс нәтижесін көрсетуде. Аталған жүйе коммуналдық-тұрмыстық мәселелерге өтініш білдіруге және әкімдік көрсететін мемлекеттік қызметтер жөнінде кеңес алуға мүмкіндік бермек. Енді жарық, жылу, су, газ, жалпы тұрғын-үй коммуналдық жүйесіндегі ақау мен апаттық жағдайларда мекеме аралап, әуре-сарсаңға түсудің қажеті жоқ. Атап кетсек, «109» қызметі бұрын тек Түркістан мен Кентау қалаларында болған еді, енді бүкіл облысты қамтитын болады. Бүгінде облыс бойынша 3 628-ден астам өтініш қабылданып, оның 90 пайыздан көбі шешімін тапқан. Жоба облыс және қала әкімдігінің қолдауымен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде іске асуда. Мен бұрыннан жалған мәлімет бергенді ұнатпаймын. Алдыңа келген адамды «ертең интернет барады» деп шығарып салуға болмайды. Оған не үшін байланыстың нашар екенін ұғындырып, интернет апаратын жолдың қиынға түсіп жатқанын ашық айтса, ол да түсінеді. Сондықтан да цифрлық даму ертегіге құралмау керек. Ия, 5G келді Түркістанға. Енді мүмкіндіктерін молынан пайдалануымыз керек.
– Саладағы сан түрлі сауалдың жауабын ашық айтып бергеніңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан Ардақ Жақсылықова,
журналист.