Тосын сұрақ
Жасыратыны жоқ, заман ағысына қарай бейімделіп, өзгеріп жатқан әдет, әдеп-ғұрып, жөн-жоралғылар баршылық. «Салтымызда жоқ еді…» дейміз де жаттан талай жоралғыны жанымызға жақын етіп аламыз.
Десе де қазақтың пейілінен қонақжайлылық арылмасы анық. Қонағына құшағын айқара ашатын халықтың тіпті танымайтын адамды Құдайы қонақ етіп жіберетіні содан. Қонаққа шақыру, қонаққа барудың қазақ үшін өз әдебі қалыптасқан. Қонақ күткен жан «қуыс үйден құры шықпа» деп қайтарда қонағына сый-сияпат ұсынса, қонаққа келуші де «құрқол бару ұят» дейтінді мықтап сіңіріп алған. Мұндайда «сыйлық қымбат емес, сыйлак қымбат» тәмсілін басшылыққа алған жөн.
Бүгінгі айтпағымыз, талқыға салар тақырыбымыз бұл жайлы емес, әрине. Қонаққа шақыру, қонаққа бару жоралғысына біраздан бері қонаққа таңдап бару әдебі кірігіп кеткен сияқты. Білетіндер мұны Еуропадан келген әдет дейді. Яғни, қонаққа шақырушыдан алдын ала дастархан басында сізден өзге тағы кімдердің болатынын анықтап алу, кімдердің қасында отыруды алдын ала белгілеп алу. Бір сөзбен айтқанда қонақ таңдау. Өзіне ұнамсыз адамдар болатынын білгенде меймандыққа барудан бас тартатындар да бар екен.
«Шақырғаннан қалма» дейтін қазақ үшін «тағы кімдер болады…» деген сұрақ көп ретте жәй қызығушылық, алдын ала хабардар болу ғана сияқты. Әйтсе де «жақтырмайтын» адамдар да болатынын естігенде мың сылтау айтып, шақырған үйге барудан қашатындар жоқ емес.
Ал сіз, қонаққа қалай барасыз?
Қабыл Дүйсенби, тіл жанашыры:
–Негізінде қонаққа шақырса, қалмай барамын. Анау айтты тосын жағдайлар болып қалмаса бас тартпаймын. «Кімдер болады екен…» деп алдын ала біліп, шақырушыдан ешқашан сұрамаймын. Бір дастархан басында арқа-жарқа болып отыру үшін пікірлес, сыйлас адамдардың болғаны жақсы ғой. Десе де, ол жағын сұрамастан, қонаққа шақырған үйге баруға тырысамын. Себебі, ол мені құрметтеп шақырып отыр. Сол құрметіне сай мен де оны құрметтеп баруға тиістімін.
Бақытжан Позилов, дәрігер:
–Қонақтық – адамдардың ара-қатынасын нығайтатын, сыйластық пен құрметтің көрінісі. Сондықтан мен қонақ таңдауды жөн көрмеймін. Шақырған жерге міндетті түрде барамын, өйткені шақырған адамның ниетін, ықыласын бағалаймын.
Қонаққа барғанда ол жерде кімдердің болатынын сұрамаймын. Себебі қонақ – бұл өзара құрметтің белгісі, мен үшін шақырған адамның өзі маңыздырақ. Қонақтың кімге арналғанын, оның атмосферасын қалыптастыру – қонақ шақырған адамның міндеті деп білемін.
Егер басқосуда маған ұнамайтын адамдар болса да, ол менің қонақтыққа баруыма кедергі болмайды. Себебі мұндай кездесулер – өзара түсіністікке, ашықтыққа мүмкіндік беретін жағдайлар. Кез келген адамнан үйренеріміз бар, тіпті ұстанымымыз сәйкес келмесе де, диалог арқылы сыйластықты сақтауға болады деп ойлаймын.
Маған қонаққа шақырудың өзі – үлкен құрмет. Сол үшін шақырған жерге бару – менің парызым. Бұл менің ата-анам үйреткен қарапайымдылық пен кішіпейілділіктің бір белгісі деп білемін.
Гүлнара Ибрагимова, мұғалім:
–Расында да осындай бір тенденция пайда болыпты.Қонаққа шақырсаң «тағы кімдер болады?» деп сұрайтындар, сөзі жараспайтын адам болса «мен бармай-ақ қояйыншы… анан көргім келмейді, мынамен бірге отырғым келмейді» дейтін пікірлерді де естіп қалып жүрмін. Меніңше, бұл дұрыс емес қой. Қонаққа шақырған соң дастархан иесін сыйлап бару керек.
Үйдегі кішігірім дастарханды қоя беріңіз, тойханада өтіп жатқан үлкен тойдың дастарханынан жақтырмайтын адамын көріп, тойдан кетіп қалатындар бар екен. Таң қалдым.
Екінші бір мәселе, қонақ күтуші меймандыққа шақырғанда пікірлес, бір-бірімен тілтабыса алатын жандардың басын қосып шақырғаны жақсы. Сонымен бірге, кейде үйдің тарлығы, дастарханның мәзіріне қарай ниеттестердің барлығының басын бірге қоса алмауы мүмкін ғой. Міне, сондай кезде, шақырылмай қалған туыс, досқа қонақта болған кей жандардың «сендерді шақырмапты ғой…», «сендер неге келмегенсіңдер, қап кеттіңдер қызықтан?» деп мұқата сөйлеуі де жақсы әдеп емес. Меніңше мұның бәрі де адамның ішкі мәдениетінің дәрежесін көрсетеді. Мәдениеті төмен адамдар әлі де көп қой арамызда…
Ермек Мұсабай, IT маманы:
–Қонаққа шақырғаннан қалмаймын, ең бастысы кешікпей баруға тырысамын. Себебі, қонақ күтуші дастархан басына меймандарының түгел жиналғанын қалайды. Соған қарай ас мәзірін беру уақытын жоспарлайды. Кешігіп бару, өзгелерді телміртіп ас ішкізбей күттіріп қою жақсы әдет емес. Ал, шақырған үй иесінен мойындаймын, «бізден басқа тағы кімдер болады?» деп сұрайтыным бар. Сирек те болса осы сұрақты қоямын. Ол «маған ұнамайтын адам бар болса бармаймын» деген оймен емес, бірге отырып, дидарласып қайтатын жақын жандардың да болатынын білу үшін ғана.
Меніңше, қонақ шақырушы, дастархан иесі кім-кімді шақыруды алдын ала өзі реттеп жоспарлағаны жөн. Ал, шақырған соң бару керек.
Ренжісіп қалған, немесе мінезін аса жаратпайтын жандарды да шақырған болса, мейлінше оның қасына жақын отырмауға тырысамын. Мұндай жағдай әрине, алқалы Құдайы ас, садақа дастарханы сынды жиындарда, тойханада өтетін, той-думандарда мүмкін екені анық. Кішігірім, үйде жайылған дастарханда оңай емес. Десе де шақырған жерге баруға, ұнамсыз адамдар болса да дастархан иесін құрметтеуге тырысамын.