Қоғам Шымкент

Тұрмысты бірге жақсартайық

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айтылғандай аймақтарда «Халық қатысатын бюджет» жобасын тиімді пайдалану, оны жүзеге асыруда тұрғындардың ой-пікірі, ұсыныс-тілегі қамтылуы керектігіне, назарға алынуы қажеттігіне басымдық берілген. Президент бұл жобаның ауқымын кеңейтіп, аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарды тарту керектігін атап өткен-ді. «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындауға тиіс. Осы айтылған мәселелерді тиімді жүзеге асыру үшін жаңа Бюджет кодексін қабылдау қажет» деді Мемлекет басшысы.

Осыны назарға алған Шымкент қаласының әкімдігі қала тұрғындарымен кездесулерде, қоғамдық қабылдауларда олардың ұсыныс-тілектерін жіті тыңдап, сала мамандарының назарға алуын тапсырып отырады. Кешегі аптада өткен қала әкімінің қабылдауында да осы талап басшылықта болды. Бұл жолы қала әкімінің қабылдауына жазылған 53 азаматтың мәселесі тыңдалды. Қабылдау барысында мәдениет, әлеуметтік көмек, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік мақсатта жер телімін заңдастыру мәселелері көтерілді. Тұрғындар қалада туризм саласын дамытуға қатысты, білім беруде процестерді автоматтандыруға бағытталған жобаларымен қатар жаңа ескерткіштер орнатуға қатысты бастамаларын да ұсынды. Қала басшысы мегаполисті дамытуда ұсыныстарын білдірген азаматтарға алғысын айтып, сала басшылары мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.

Президентіміз өз Жолдауында атап өткендей аймақтарда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды. Қала басшысы әрбір азаматтың талап-тілегін мұқият тыңдады.

Бұл күні қабылдауға келген өзге де азаматтарды қала әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары қабылдап, арыз-шағымына құлақ асты. Жалпы қоғамдық қабылдауға 200-ден аса азамат арыз-шағымдарын арқалап келген екен. Бәрі де арнайы қабылданып, сала мамандарына бұқарамен кері байланысты күшейту тапсырылды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *