Әлеумет

ЖЕЛДЕТКІШТІ ДЕ ЖӨНІМЕН ҚОЛДАНУ ҚАЖЕТ

Бүгінде Шымкенттегі жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктердің бәрінде дерлік желдеткіш бар. Күн аса ысып кетпесе де қосып қояды. Жұрт, әсіресе жастар жағы соған мәз.

Меніңше, сол кондиционерлердің көп жолаушыға пайдасынан зияны көп сияқты. Күн ыстықта автобусқа отыра қалсаңыз біреуі «кондиционерді өшір» деп, біреуі «қос» деп өзара дауласып жатады. Өйткені, қоғамдық көлікті жасы да, кәрісі де пайдаланады. Жастарға біліне қоймас, ал егде жастағы азаматтардың денсаулығына өте қауіпті. Қазір дәл осы кондиционердің кесірінен мойны, иығы, жауырыны шаншулап ауырып жүрген адам көп. Өйткені, сырттағы ыстық ауадан денесі қызып тұрған адам автобусқа отырғасын оған желдеткіштен үрген мұздай леп жайсыз әсер етеді. Терін қатырады, тамағына, тыныс жолдарына, бұлшық етке суық тигізеді. Негізі сырттағы ауа мен автобус ішіндегі ауаның бес-алты градус қана айырмасы болғаны дұрыс.

Кондиционердің ауаны құрғататынын да ешкім қаперіне алмайды. Құрғаған ауа тыныс жолдарының кілегей қабаттарын кептіреді, мұрынды жыбырлатып, көзді ашытады. Мұны автобус ішінде түшкіріп-пысқырып, көзі жасаурап, қышып, қызарып жүргендерге қарап-ақ аңғаруға болады. Сол кондиционерлердің уақтылы тазартылып тұратыны да күмәнді. Сүзгісін алып, шаң-тозаңнан уақтылы тазартып жүрген болса, ризасың ғой. Ал тазартылмайтын болса ше? Онда оған шаң-тозаңмен қоса басқа да зиянды нәрселер тұтылған болуы әбден мүмкін емес пе? Кондиционер қосылғанда соның бәрі ауаға араласып, адамдардың тыныс жолдарына өтеді ғой.

Қоғамдық көліктердегі кондиционерлерді мүлдем алып тастау керек деп те үзілді-кесілді айта алмаймыз. Дегенмен сол кондиционерлердің жай-күйіне қарауға, адамға зиянын тигізбейтіндей етіп дұрыс қолдануға қатысты қандай да бір талаптар қойылып, ережелер ендірілуі керек сияқты. Өйткені адам – мемлекет байлығы, ал денсаулық сол адамның бірінші байлығы емес пе? Қоғамдық көлікте жұртқа жайлы жағдай жасаймыз деп олардың денсаулығына орны толмас зиян келтіріп жатқан жоқпыз ба, осы?

Х. АСАН.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *