Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында орналасқан «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының қорындағы этнографиялық заттарды іздеу үшін арнайы этнографиялық ғылыми-зерттеу экспедициялар ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ музей коллекциялары белгілі ғалымдардың, өлкетанушылардың, қолөнер шеберлерінің, жәдігер жанашырларының сыйға тартқан заттарымен де толыға түскен.
«Отырар» музей-қорығының кез келген көрерменге тарихи кезеңдерді жәдігерлер арқылы көрсете алатын ерекше мүмкіншілігі бар. Мысалы, тоқыма өнері, зергерлік, ағаштан жасалған бұйымдар қазақ халқында ерте кезден болғандығын археологиялық қазбалар мен жазба ескерткіштері дәлелдейді. Отырар өңірінде қолөнер кәсібінің мына түрлері белгілі болған: мал жүнінен түрлі бұйымдар жасау, етікшілік, ағаш, темір, алтын, күміс ұсталары. Халық шеберлерінің жасаған еңбектері мен ата-бабаларымыз жайында деректерді қытай, парсы, араб жылнамаларынан, т.б. бірқатар батыс елдерінің мұрағаттарынан кездестіре аламыз. Тарихи зерттеулерде қазақ халқының қолөнер түрлері сонау көне дәуірлерден бастап қалыптасып келе жатқаны мәлім.

«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының қызметкерлері ұлттық мәдени маңызы бар заттарды іздестіру мақсатында Түркістан облысы Шардара, Арыс, Ордабасы аудандарында – «Өресі биік, өрісі кең өнер», Қызылорда облысы Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында «Өнер көзі халықта», Отырар ауданында «Қолөнер – халық қазынасы, ғасырлар мұрасы» атты тақырыптарда этнографиялық ғылыми-зерттеу экспедицияларын ұйымдастырды. Экспедициялар барысында қолөнеріміздің озық үлгілерін қазірге дейін жеткізіп, кейінгі ұрпаққа өнеге етіп үйретіп отырған, он саусағынан өнері тамған сырмақ сыру, кілем, алаша тоқу, текемет басу өнерін жалғастырушы қолөнер шеберлері анықталды.
Отырар өңірінде өмір сүрген қолөнер шеберлері халқымыздың материалдық және рухани мәдениетін сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген өнер иелері болды. Шеберлер асқан шеберлікпен жасаған тұрмысқа қажетті бұйымдар тек қажеттілікті ғана өтеп қойған жоқ, ұлттық болмыс пен мәдени мұрамыздың ажырамас бөлшегіне айналды. Заманауи өндірістің қарқынды дамуы, қолөнер бұйымдарының тұрмыстағы қолданысын азайтқанмен олардың тарихи-мәдени этнографиялық қүндылығы кеміген жоқ.
Ақлима Жұмашова,
«Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК,
этнография ғылыми — зерттеу бөлімінің меңгерушісі
