Мәселе

Жалған диплом, жалған санат – білім саласындағы басты дерт

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, жоғары санатты ұстаз, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, қоғам белсендісі:

— Әлеуметтік желіде «дауысыңыз қатты шығып» жүр…

— Ашынғаннан шығады ащы даусым демекші, соңғы кездері білім саласындағы жайсыз жайттар жанайқайыма себеп болуда. Мамыр айында Оқу-ағарту министрлігінің аппарат басшысы еліміздегі бес мұғалімнің үстінен Ішкі істер министрлігі мен Бас Прокуратураға шағым жазған. Соның бірі менмін. Абырой болғанда, ІІМ мен Бас Прокуратура шағымды қабылдамай қойыпты. Маусым айында Алматы қаласындағы бір мектептің директоры «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айыппен менің үстімнен Шымкент қалалық полиция Департаментіне арыз түсіріпті. Өзім 20 жылдан бері аралас мектепте жұмыс істеймін. Әсіреұлтшылдық, шовинистік пиғылым болса, 20 жылда әшкереленер еді. Сол 20 жыл ішінде өз жұмыс орнымда сөгіс тұрмақ, ескерту алмаған адаммын.

Қыркүйек айының ортасында «Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты әл-Фараби атындағы мектептің мұғалімімін» деп бір әйел хабарласты. Мектеп директорына ұжымдағы төрт адам қарсы шыққан екен. Екеуі мұғалім, екеуі еден жуушы. Бейнеүндеулері барын, бірақ оны тыңдайтын құлақ болмай тұрғанын жеткізді. Сосын бейнеүндеуді жіберді. Түсінгенім, екі еден жуушы жарты ставкамен еңбек етеді, алатын жалақылары 33 мың теңге. «Сол аз ақшадан басшылар бірдеңе дәметеді» деп айтып қалды. Менің қолымда билік жоқ.Желіге «Ватсабыма Жетісай ауданы, Асықата Кенті, әл-Фараби атындағы мектептің мұғалімі Кулманова Джамила Байжигитовна бірнеше бейнеүндеу жіберіпті. Бейнеүндеуде айтылғандардың ақ-қарасын құзырлы органдар анықтай жатар», – деп жазып, Түркістан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Департаменті мен Білім басқармасының аккаунтын тегтедім. Көп ұзамай ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев хабарласып, «Менің қабылдауыма сол азаматтарды алып келе аласыз ба?» деп сұрады. Арада 1-2 күн өткенде апардым. Біраз күннен кейін сотқа шақырту келді. «Қорлады, жала жапты» деген себеппен үстімнен қылмыстық іс қозғапты. Мектептің бір қызметкері еден жуушыларды, мұғалімдерді, мені сотқа берген.

Соңғы кездері білім саласында неге соттасулар көбейіп кетті деп ойлайсыз?

– Қазір халықтың көзі ашық, олар Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» саясатынан үміт артып отырғандықтан дауыстары шыға бастады. Сол жағдай бұрыннан билеп-төстеп үйреніп қалған кейбір басшыларға ұнамайтын секілді. Ауыздарын ашса сотқа беріп, қорқытып-үркітіп ұстағысы келе ме деген қаупім бар.

Жыры бітпейтін тақырыптың бірі — жалған диплом, бұл дерт асқынса, сауатсыздық белең алмайды ма?

– Жалған диплом, жалған санат, жалған есеп – білім саласындағы басты дерттер. Бұл туралы мен бұрыннан даусым жеткен жерге дейін айтып жүрмін. Осы жалғандықтардан арылмай білім саласында ғана емес, жалпы мемлекетіміздің дамуында алға басушылық болмайды.

Жоғары оқу орындарында оқымаған, бірақ дипломын тіркетіп алып, жоғары білімдімін деп жүргендер жайында не айтасыз?

–       Егер құзырлы органдар шұқшиып тексерсе бұдан да өткен сорақылықтар ашылар еді деп ойлаймын.

Министрдің, басқарма басшыларының қабылдауында боласыз, сол кездерде 3-4 жыл бойы басшысыз отырған мектептердің аз емес екенін айтып, мәселе көтердіңіз ба?

– Өз басым 3-4 жыл басшысыз тұрған мектеп туралы білмейді екенмін. Егер мұндай жағдай орын алса бізге белгісіз кландар (рулар, әулеттер) арасында астыртын, аяусыз күрес жүріп жатуы мүмкін. Екі жылға жуық Шымкент ҚББ жанындағы директорлар тағайындатын комиссия құрамында болдым ғой. Ұжымы ең нашар деген мектептің өзін басқаруға ұмтылатындар көп.

Жалпы, директорлық лауазымға бірнеше рет конкурс өтіп, оған үміткер табылмаған жағдайда не істеген дұрыс?

– Үміткердің табылмауы мүмкін емес. Оны ұсынатын қамқоршылық кеңестің түрлі сылтауымен ешкім, дәлірегі өздеріне ыңғайлы емес үміткердің өтпеуі мүмкін. Бұл жағдайда да жоғарыда айтқан кландық бәсеке орын алып жатса таңқалмаймын.

Мұғалімдер неге газет оқығысы келмейді?

– Сіз «Мұғалімдер неге газетке жазылмайды?» — деп сұрағыңыз кеп отыр ғой деймін. Әйтпесе мұғалімнің газет оқитын-оқымайтынын анықтау мүмкін емес қой. Ал диплом мен санатты сатып алған мұғалімге газеттің не қажеті бар? Сондықтан «газет оқымайтын мұғаліммен күресіп» шәт-шәлекей болмай, мектептерді жалған дипломды, жалған санатты «мұғалімдерден» тазартуға күш салайық.

Ғаламторды жайлаған жаман ақпараттар олардың санасы мен мінез-құлқына кері әсер етпей ме?

– Бұдан оншақты жыл бұрын өзім айтқан «Ғаламтор тұңғиық мұхит, тереңінен маржанды да, сайтанды табуға болады» деген сөзім бар. 2013 жылы «Кембридж тәсілі» деп аталатын 3 айлық курста оқығанымда ғаламтордан ақпаратты қалай іздеуді, табуды, өңдеуді және пайдалануды үйреткен. Біз де балаларды соған үйретуіміз керек.

Қазіргі оқушылар арасында өршіп бара жатқан қатыгездікке не себеп деп ойлайсыз?

– Қазіргі оқушылар бұрынғы оқушылардан қатыгез деп ойламаймын. Мәселе басқада секілді. Айталық, бұрын көп нәрсе айтылмағандықтан, көп нәрсені білмейтінбіз. Ақпарат көздерінің артуы бұрын біз білмейтін әдепсіздіктер мен қылмыстарды ашық айтуға себеп болуда. Әйтпесе «Көгілдір еркек» дегенді өз басым 17 жасымда қалаға келгенде естідім.

Сабақтан тыс немесе демалыс күндері оқушылар тарапынан жасалған құқықбұзушылыққа кім кінәлі?

– Конституцияда азаматтың демалуға құқы бар екені анық жазылған. Еңбек Кодексінде жұмыс уақыты қатаң белгіленген. Сабақ аяқталып, оқушы мектеп қақпасынан шыққан сәттен бастап оның өмірі мен қауіпсіздігіне ата-анасы немесе заңмен белгіленген қамқоршысы жауапты.

Сауалымызға ашық жауап бергеніңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Ұ. ТӘМЕНОВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *