«Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін». «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Қаулысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп нақты атап өткен болатын. Иә, тұрғындарының талап-тілегін, өтінішін тыңдап, мәселенің мәнісін шешуде әкімдердің бірыңғай қабылдау жиыны көп көмегін тигізері рас. Осы үрдістен жаңылмаған Шымкент қаласының әкімі кезекті рет өткізген азаматтарды бірыңғай қабылдау жиынында бірқатар мәселені өз бақылауына алатындығына уәде етті.
Азаматтарды қабылдау шарасына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қана емес, оның орынбасарлары мен аудан әкімдері де қатысты. Нақты сауалдар бойынша тиісті басқарма басшылары да тұрғындардың өтінішін тыңдады. Көбі баспана, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, әлеуметтік сала және жер мәселелеріне қатысты арыз-шағымдарын арқалай келген екен. Жауаптылар барлық өтініштер бойынша егжей-тегжейлі түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мәселені заң аясында шешу жолдарын айтты.
Осылайша қабылдауға келген 100-ден аса тұрғынның арыз-шағымы пысықталып, тиісті шешімдер қабылданды. Мұндай шаралар мәселелерді оңтайлы шешуге ғана емес, сонымен қатар халықтың ең күрделі проблемаларын анықтауға да мүмкіндік береді.
Белгілі бір уақытты қажет ететін сұрақтар қала басшысының жеке бақылауына алынды. Ғ.Сыздықбеков жауаптыларға азаматтармен кері байланысты күшейтіп, бірқатар тапсырмалар берді.