2022 жылдың ақпанында 50 миллион теңге пара алып, Алматы қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлеріне ұсталған Кентау қаласының бұрынғы әкімі Дәурен Махажанов сол жылдың шілде айында 10 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Мұның соңы сол кездегі облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің отставкаға кетуімен аяқталған болатын.
Осымен бұл оқиғаға нүкте қойылды деп ойлады жұрт. Бірақ, жуырда оның жалғасы шықты. Сот үкімімен 10 жылға темір торға тоғытылған экс-әкім небәрі 1,5 жылдан кейін бостандыққа шықты. Қалайша? Ғаламторға шыққан мәліметтерге қарағанда, пара алды деп сотталған Д.Махажановқа тағылған айып өзгертіліп, алаяқтыққа ауысыпты. Дәлірек айтқанда, экс-әкім пара алмаған, алаяқтықпен айналысқан, өз құзыретіне жатпайтын шаруаны шешіп беруге уәде еткен көрінеді. Осылайша, парақорлықпен қамалған әкім, алаяқтықпен босап шығып, алдап алған 50 миллион теңге үшін 1,5 жыл түрмеде отырып, 1 миллион 988 мың теңге айыппұлмен айыбын жуды.
Қоғамда керағар пікір тудырған бұл оқиға Қазақстандағы сот пен прокуратура саласына деген сенімге селкеу түсіріп жібергендей. Бұл жөнінде Кентау қалалық сотының үкімімен кінәлі деп танылып, 4,5 миллион теңге айыппұл төлеген Іңкар Спатаева былай дейді: «Маған жала жабылды. Ешқандай дәлел, аудио, бейнежазба жоқ. Ақша ұстамағанмын. Мектептің ұшқан шатырын жабуға деп алған 100 мың теңгені басқа біреуге аудартқаным үшін кінәлі болып, мемлекеттік және квазимемлекеттік органдарда өмір бойы қызмет атқару құқымнан айырылдым. Қазір диплом бойынша мектепке де жұмысқа орналаса алмаймын.
Арызданушы мені 28 тамызда кабинетінде отырып ақша сұрады дейді. Ал ол күні мен Түлкібас ауданының Қарабұлақ ауылында құдалықта болғанымды куәлерім қуаттағанымен, сот оны назарға алмады. Осы секілді қарама-қайшы фактілер бола тұра судья мені кінәлі деп таныды. Жарайды солай болған екен, онда 50 миллион теңге алған Дәурен Махажановқа неге бар болғаны 1 миллион 988 мың теңге ғана айыппұл салынады? Әлде біздің елде түйені түгімен, вагонды жүгімен жұтатындар жазадан құтылып, азын-аулақ ақша алғандарға жаза жібіместей қатаң болғаны ма? Сонда заң алдында бәрі бірдей деген тәлсім қайда қалды? Мұндайды қазақ «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылды», – деп дөп айтқан.
Кезінде Дәурен Махажановтың қылмыстық ісіне қатысты тергеушілер таққан айыппен прокуратура келісті. Сот үкім шығарды. Енді соның бәрі дұрыс жасаламапты-мыс. Олай болса, тергеген тергеуші, онымен келіскен прокурор, істі қарап, Қазақстан Республикасының атынан үкім шығарған судья жауап берсін. Істі бұлай жауып тастай берсе заңымызда қандай қадір-қасиет қалмақ? Ақиқат әдірем қалмайды ма? Ал ақиқат жоғалған жерде алға басу болмайды, құлайтынымыз – құрдым».
І.Спатаеваның сөзінде жан бар. 100 мың теңгені мектептің шатырын жабамыз деп алған директор өмір бойы мемлекеттік органдарда жұмыс істеу құқынан айырылып, 4,5 миллион теңге айыппұл төлейді. Ал 50 миллион теңгені алған адам 2 миллионға жетпейтін айыппұл төлеп, бостандыққа шығады. Ол ертең қайта мемлекеттік жоғары лауазымды қызметке келіп жатса таңқалмаймыз. Сонда бұл қалай болғаны?
Ұ. ТӘМЕНОВ.