Басты жаңалықтар Құқық

Шаруаны сарсаңға салған кім?

     

Қазақстанда қабылданған заң нормалары мен Президент Жолдауларына назар салсаңыз, шаруаға барлық жағдай жасалған. Алам дегенге арзандатылған несие бар, техникалар лизингке таратылады. Қарап отырсаңыз шаруаның шекесі шылқып, мол пайдаға кенеліп жатқандай.

Бірақ, бұл қағаз бетінде ғана. Шын мәнісінде несие ала алмай, алған несиесін төлей алмай, өнімін өткізе алмай жүрген шаруа қаншама. Шіріген өнімді амалсыз қоқысқа көлікпен аударғандардың бейнетүсірілімдері әлеуметтік желілерге аз жүктеліп жүрген жоқ. Ал банктер мен несие ұйымдары ақша берерде жылы-жылы сөйлегенімен, уақыт өте келе олардың үндері өктем шыға бастайды. Шаруаны сотқа сүйрелеп, әбігерге салатындары тағы бар.

Алған ақшасын қайтармай жүргендер болса сөз басқа. Арасында ешбір несие ұйымына қарызы жоқтарды да сарсаңға салып қоятын сәттер болады екен. Кешегі жексенбі күні Шардара ауданының тұрғыны Қанат Бегалиев хабарласты. «Арнайылап Шымкентке өзіңді іздеп келдім. Мені біреулер сотқа беріпті. 4 миллион теңге өндірмекші, ештеңе түсіне алар емеспін. Менің төленбей қалған қарызым жоқ еді, ал қарсы шағым түсіруге 2-ақ күн уақыт қалды. Соған көмектес. Адвокат тауып бер», – деген соң айтқан жеріне бардым. Қолында Түркістан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы К.О.Рыскулбековтың ҚР атынан 2025 жылғы 14 шілде шығарған №5165-25-00-2/1640 шешімі тұр. «Пошташы қыз конвертті жеткізіп берді. Құжатта ешкімнің аты-жөні, ЖСН нөмері жазылмаған. Тек «Базаркүл ана» шаруа қожалығы деп көрсетілген. Атауы дұрыс, бірақ менікі шаруа қожалық емес, кооператив еді. Енді басым қатып отыр. 4 миллион аз ақша емес. Сейсенбіге дейін қарсы шағым түсірмесем кеш болады екен», – дейді түрі бозарған қария.

Шешімді қарап шықтық. Судья К.О.Рыскулбеков талап қоюшы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының талабын қанағаттандырып, жауапкер «Базаркүл ана» шаруа қожалығынан талап қоюшының пайдасына 4084966 теңге өндіру туралы шешім шығарған. Шешімнің төменгі жағындағы: «Жауапкер оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен шешім шығарған сотқа сот шешімнің көшірмелерін алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осы шешімнің күшін жою туралы арыз беруге құқылы», – делінген. Содан бері де бірнеше күн өтіп кеткендіктен Қанат Бегалиев уақыттан ұтылмауды ойлап, Шымкентке шұғыл жетіпті. Алайда, күн жексенбі болғандықтан адвокаттармен байланысу мүмкін болмады. Амал жоқ, өздігінше іске кіріскен Қ.Бегалиев бірінші кезекте банкке құйған ақшаның түбіртектерін жинау үшін ауылына қайтты.

Дүйсенбі күні Шардара ауданы прокурорының атына өзінің ешкімнен қарызы жоқ екенін көрсетіп, көмек сұрап арыз жазған. Көп ұзамай телефонына: «Сізге хабарлама шатасып барған, бұл басқа адамдікі, уайымдамаңыз» деген жазбалар келе бастапты. Бұл қалай болғаны? Мекеменің атауы тура келеді, менің мекен жайыма келіп тұр, соттың шешімі де бар. Мәселенің анық-қанығын білу үшін талап арыз иелері «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының өкілі Қанат Әбдірамановқа хабарластық. «Шешімде қажетті ақпараттар толық көрсетілмеген. Тым болмаса жауапкердің аты-жөні мен ЖСН да көрсетілмеген ғой. Судьяның хатшысы мекен жайды қате жазып жіберген бе, әйтеуір Қ.Бегалиевке өзіне қатысы жоқ шешім барған. Мен қазір де базадан көріп отырмын, Қ.Бегалиевтің төленбей қалған қарызы жоқ. Енді қыркүйек айында төлеуі тиіс берешегі бар, соны төлесе болды, уайымдауға негіз жоқ», – деді Қ.Әбдіраманов.

Түсінгеніміздей, «Базаркүл ана» деген атаумен тағы бір мекеме бар екен, қарыздың шын егесі сол болып тұр. Қарызды төлеу қажеттігі жайындағы құжат Қ.Бегалиевтің қолына тиген. Атауы өз кооперативімен сәйкес келіп тұрғандықтан санасына салмақ түсіп, сары уайымға салынған. Ұйқы қашып, күннің жексенбі екеніне қарамастан шұғыл әрекетке кірісіп, сонау Шардара мен Шымкенттің арасын жол қылған. Анықтай келгенде қарыз иесі басқа адамдар болып шығады. Бұл салғырттық па, жауапсыздық па? Салғырттық салдарынан жасы 70-тен асқан қария сары уайымға түсіп, әбден сандалған. Жүрекке де аз салмақ түспегені түсінікті. Ендігі жерде осы салғырттыққа, жауапсыздыққа жол берген адам анықталып, оған шара көріле ме? Қарияның шығарған шығынын, оның жүйкесін жұқартқан жайтқа байланысты моральдық шығынды кім төлейді? Мұндай салғырттық жалғаса берер болса әлі де қанша адамның жүрегін ауыртып, әуре-сарсаңға саларын кім білсін?

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *