Басты жаңалықтар Мәдениет және өнер

Келін әдебін қолдайсыз ба?


Тұрақты «Тосын сұрақ» айдарымыздың бұл жолғы шығарылымына осы сауалды негіз етіп алдық. Бұл сауалдың туындауына себеп көп. Ғасырлар бойына сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздың кейбіріне қоғамда қарсы көзқарас байқалады. Бірі «дұрыс» десе, екіншісі «дұрыс емес» деп айтысып жатқан алаңды әсіресе әлеуметтік желіден жиі кездестіретін болдық. Соның ішінде соңғы кезде келіннің ата-енесіне иіліп сәлем салуын мансұқтап жатқандар бар.

Бұл орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі былай дейді:
«Келіннің үлкендерге құрмет ретінде иіліп сәлем салуы Аллаға серік қосу болып саналмайды. Өйткені Құран Кәрімде періштелердің Адам атаға сәжде жасағандығы, Жүсіп пайғамбарға бауырлары сәждеге иіліп сәлем берулері адамның алдында сәжде жасаудың өзінің серік қосуға жатпайтындығын білдіреді. Егер бұл серік қосу болып саналғанда Алла Тағала періштелеріне,  Жүсіп пайғамбар бауырларына сәжде жасатпас еді. Сондықтан бұл мәселе ақидаға емес, шариғаттың харам немесе халал бөліміне жатады.

«әл-Мәусуғату әл-фиқһия» атты кітапта: «Ғалымдар жергілікті ғұрып бойынша рүкуғ дәрежесіне жетпейтін бас иію, еңкею үрдісі қалыптасқан болса ол күпірлік және харам болып саналмайды. Ал егер рүкуғ дәрежесіне жетсе, кейбір ғалымдар Алланы ұлықтағандай құлшылық мақсаты болмаса күпірлік және харам болмайды, бірақ мәкруһ саналады», – деп келген.  

Ибн Муфлиһ әл-Мәқдиси: «Иіліп сәлем беру – жәйіз (рұқсат). Себебі ибн Омар Шам еліне барғанда жергілікті өзге дін өкілдері оған иіліп сәлем бергенде, оларға тыйым салмады. Бұл мұсылмандарды құрметтеу болып саналады», – дейді.

Сондықтан келіннің үлкендерге құрмет ретінде иіліп сәлем салуы шариғатқа қайшы емес»

Олай болса қазақ келіндерінің иіліп сәлем салуына қарсы азаматтардың сүйенгені, алға тартатын уәждері қайсы? Ибалы келін сәлем салғанда жасы үлкеннен «Өркенің өссін!», «Бақытты бол!», «Көп жаса, қарағым» деген бата алады. Батамен көгерген ұлттың ұрпағына мұның қай жері әбестік?

Десе де біз оқырманға бұл орайда өзгелердің пікірін ұсынғанды жөн көрдік. Сонымен, сіз не дейсіз?

Айгүл Қапбарова, Сенат депутаты:
Қарсы шыққандарға мән бермеу керек

–Қазақ даласында отбасы институтының ежелден келе жатқан этикалық мәні бар дәстүрлерімен мақтану керек! Бұл біздің ұлттық бірегейлігіміз, мәдениетіміз, ұлттық кодымыз. Соңғы кездері ұлт бойындағы жоғалмаған рухани әлеуетті әдейі құнсыздандыру арқылы «ерекшеленіп», назар аудартқысы келетіндер көбейді.

 «Келіннің сәлем салуы-жабайылылық» пен этнографиялық  «білім» деңгейін  жапа-тармағай жарысып әлеуметтік желіде талқылап, жариялап жатуы да содан…

Алайда, қазір қоғамның эмоциялық интеллектісі жоғары. Мұндай мәлімдемелерге мән бермейді деп ойлаймын. Әркім өз өресі жететін іспен айналысқаны дұрыс қой.

Баршагүл Исабек, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің проректоры:

«Салмай-ақ қой» десе де салып жүрмін

–Келіндік ибаны сақтаған әйелдің жаман болғанын көрген емеспін. Керісінше, ізеті мен инабаттылығына қарап «көргенді жердің қызы екен», «Ізеті дұрыс бала екен» деп қариялардан мақтау естіп, ақ бата алу олжа деп ойлаймын. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды жаңғырту, жойып алмай ұрпаққа аманаттап жеткізу ісінде әрбіріміз жауапты болуымыз керек. Сондықтан да мұндай істе ұсақ-түйек демей, әркім өзінен бастағаны жөн.
Өз басым келін болғалы ата-анамның тәрибесіне адалдық танытып, төркініме тіл тимесін деп ұяда көрген ізет-ғұрыпты келін боп түскен елде де жалғастырып жүрмін. Үйде орамал тартып, атам мен енеме сәлем салдым. Атам осыдан біраз жыл бұрын қайтыс болды. Менің қызметіме қарап жанашырлық танытқаны ма екен, «қызым, сәлем салмай-ақ қойсаң да болады» дегені бар. Бірақ, мен бұл ізетті доғармадым. Қазір де атам жоқ болса да енеме ізетпен иіліп сәлем салып тұрамын.
Ал қайынсіңлі, қайындарыма ат қоймадым. Негізі о баста аттарын атамай ат қоймақшы болып едім… Оған өздері «бізді өз атымызбен атай беріңіз» деген соң осы шешімге келістім.

Сұлухан Мыңбаева, журналист:

Жеңгелерім атымды атамайды

–Басқа басқа, біздің Оңтүстіктің келіндерінің көркі сәлем салу ғой. Екшелеп алған брендіміз. Келіннің ибасын, инабаттылығын білдіретін бұл ғұрыптың несі жаман?! Ауылдағы жеңгелеріміз тіпті атымызды да атамайды.
Менің жеңгем кейде жаңылып атымды айтып қалатыны бар. Мысалы, «қыздарым сұлу»,  немесе «бір сұлу қыз көрдім» деп әңгіме арасында айтып жібереді. Егер осылай деп тұрғанда мен қасында болсам бірден айыбын мойындап, « Өләә, Бикеш, айып етпеңізші» деп қайта қайта сәлем салатыны бар. Сыйлағанына риза боп қаласың. Әйтпесе, атымды атағанында тұрған не бар дейсің?!

Айтайын дегенім, ат тергеу де Оңтүстіктің бренді. Бір қайнымды «Жігіт» деймін. Мен келгенде әскерден келген жас жігіт еді. Қазір бес баланың әкесі. Бірақ, мен үшін әлі күнге аты Жігіт.

Еркінай Оразова, «Еуразия-1» телеарнасының журналисі:
Дәстүр –ата-бабамыздан қалған аманат

–Үлкен кісілерге сәлем саламын. Не үшін? Батасын алу үшін! Сол батамен отбасымның ырысы артады, сол батада ұрпағымның амандығын Алладан тілеу бар. Оның несі жаман?

Ер кісілермен келіннің қол беріп, бет сүйіп амандаспауы үшін де сәлем салуды жөн санаймын. Ата-бабамыз келіннің осы бір ибасын насихаттау барысында қазіргі психологтардың айтып жүрген шекарасын сол кезде-ақ сызып берген.

Ал, салт-дәстүрге қарсы шыққандардың сөзіне еріп, өз тамырыңнан ажырау – бұл өзіңе де, ұрпағыңа да жасалған қиянат. Өйткені салт-дәстүр – біздің рухани қалқанымыз, ата-бабамыздан қалған аманат. Дәстүр – бұл өткеннің сарқыншағы емес, болашақтың негізі. Біз өзгеге ұқсауға емес, өз болмысымызды сақтауға міндеттіміз.

Жаңа заман – ұлттық рухсыз дамымайды. Білім мен технологиямен қатар, ұлттық сана мен салт та қатар жүруі тиіс. Бүгінде кейбір адамдар салт-дәстүрді ескілікке балайды, әдет-ғұрыпты қажетсіз деп санайды.

Бірақ мынаны ұмытпау қажет:

Салт-дәстүр – ұлттың коды.

Салт-дәстүр – ұрпақпен жалғасатын шежіре.

Салт-дәстүр – ұлттық болмыстың мәйегі.

Әрбір ұлтты ұлт ететін – оның тілі, діні, ділі, дәстүрі.

Дәстүрсіз халық – тамырсыз ағаш секілді.

Бүгінгі ұрпақ ұлттық құндылықтан алшақтаса, ертең өзіне де, болашағына да ие бола алмайды. Біздің бабаларымыз қарапайым өмір сүрсе де, өте терең рухани тәрбие қалдырды. Ол:

– Атаның батасы

– Ананың ақ тілеуі

– Төрден орын беру

– Ене мен келіннің арасындағы ізет

– Қыз тәрбиесіндегі инабат

– Ұл тәрбиесіндегі жауапкершілік…

Біз осылардың бәрін ұрпаққа мирас етуге міндеттіміз. Өз тамырынан ажыраған ел – өзгенің желінде ұшады. Сондықтан салт-дәстүрімізді сақтау – бұл тек өткенге тағзым емес, бұл – келешекті тәрбиелеу. Қазақтың әрбір салты — рухани тәрбие мектебі. Оны сыйлау – өзіңді, тегіңді, ұрпағыңды сыйлау.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *