
Түркістандағы А.Ясауи университеті журналистика кафедрасының жанашыры, болашақ журналистердің әріптес ағасы Ғалымжан Елшібайды таныстырып жатудың өзі артық болар.
Ғалекеңді студенттеріміз «Ғалымжан ағай!» деп жақсы таниды, іздейді, әлдебір себептермен университетке жолы түсе қалса, айналасын қаумалап, «ағалап» жанынан шықпайды. Әлеуметтік желіде, не ел газеті – «Егеменде» жылт еткен мақалаларын талдап оқып, тамсана айтып жүреді. Керек десеңіз, практикалық дәрістерде мысалдап айтып, лонгридтеп талдау жасайды. Әсіресе, әлеуметтік сипаттағы түрлі өзекті мәселелерге қалам тербеп жүрген жастар аға-әріптесіне жолыққыш. Мұндайда шаруасы бір басынан асатын кәнігі журналист «уақытым жоқ еді», «сәл кейінірек кездесіп, сөйлессек қайтеді» деп қашқақтаған емес, тоқтай қалып, сұрақ-сауалдарына жауап беруден жалықпайды. Соның да себі болса керек, 2-3 курста оқып жүрген студенттеріміздің кейбірі Ғалекеңнің ықпалымен газеттерге орналасып, сабақтан тыс уақытта жазу-сызудың, басылым шығарудың қыр-сырын меңгеріп жүр.
Расымен, Ғалекең жиі келетін қонағымыз. Әр келген сайын оқытушыларымыз да, студенттеріміз де оны әріптестік пейілімен құшақ жая қарсы алып, жатсынған емес. Журналистика мамандығы бойынша кадр даярлауда көп жылдық тәжірибесі бар оқу орнында заманауи тенденциялар ескеріліп отырады. Мұнда Түркияның таңдаулы оқу орындарымен серіктесе жасалған цифрлық журналистика, тележурналистика, веб-дизайн мен конвергентті журналистика секілді пәндер бойынша бауырлас елдің айтулы мамандары дәріс береді. Жылда іріктеуден өткен студенттер Түркияға барып білім алады. Журналистика саласында дәл осындай белсенділік танытып жатқан жоғары оқу орындары елімізде некен-саяқ. Осының өзі Түркістанда заманауи журналист мамандары даярланып келе жатқанына дәлел.
Қайбір жылы сонау Саха Республикасынан бір топ журналист әріптестеріміз саяхаттап келгенде мәртебелі қонақтарды біздің Ясауи университетіне ертіп әкеліп, өзара тәжірибе алмасқан керемет кездесу өтті. Оңтүстік өңірдің кереметтерін, қасиетті орындарымызды көрсеттік. Бауырлас елден келген әріптестер ризашылығын білдіріп, өз еліне қонаққа шақырды.
Оңтүстік өңірдегі журналистер қауымы ауызбіршілігін таныта алып жүр. Кейбір аудандарда орын алған су тасқыны кезінде де, ковид кезінде де, басқа да сындарлы шақтарда журналистер ынтымақтасып, біріне-бірі қол ұшын созып жүрді.
Ғалекеңмен бірлесіп қаншама іс-шаралар өткіздік: талантты студенттерді жиып, жас журналистер клубын құрды, журналист-шәкірттер арасынан іріктеп, футбол командасын жасақтады, үздіктерге шәкіртақы тағайындады, медиа тренингтер өткізді… Қысқасы, келген сайын қызықты жаңалығымен бөлісетін. Арада студенттерімізге өндірістік тәжірибеден өтуге кедергісіз жол ашатын бірлескен меморандумдарымыз да бар. Сол құжат арқылы жастарды практикаға жібереміз, оқытушылар кәсіби біліктіліктерін арттырады.
Ғалымжан Елшібай депутаттық мандатын алғанда, алғаш қуанған да осы студенттер болды. «Біздің Ғалымжан ағай облысқа депутат болыпты!» деп, сүйіншілесіп жатты.
Көрген бойда құшақ жая ұмтылатын, жақсы сөзімен позитивті энергия сыйлап, көңіліңді сергітіп, масаттандырып, марқайтып тастайтын адамдардың айналаңда болғаны қандай жақсы. Әріптесіміз Ғалымжан Елшібай сондай жан. Ұнжырғасы түсіп, әбіржіп, шаршап жүрген кезін көрмеппін. Өнебойы ат үстінде, жұмыс бабында. Қағылез, бірнеше шаруаны қатар атқара береді. Әлдебір мәселе туралы ақыл-кеңес сұрай қалсаң, шаруаң біткенше ынты-шынтысымен жүгіріп тыным таппайды.
Осыдан үш жыл бұрын студенттер практикасын жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында ұйымдастыру мақсатында, Ғалекең төраға болып жүрген жылдары, Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалымен екіжақты меморандумға қол қойып, келісім-шарт жасастық. Бұл шаруамыз әрі қарай жазуға икемі бар талантты студенттермен ай сайын әңгіме-дүкен құрып отыратын «Жас журналистер клубына» ұласты. Кейін Ғалекең осы бір жайтты студенттер білуі тиіс-ау деп, облысқа белгілі журналистерді ұйыстырып, түрлі тақырыпта шеберлік-сыныптар өткізуді қолға алды. Студенттермен етене араласа бастағаннан кейін, сірә, бұларды бір ынталандырып қоймаса болмас деп ойлады ма, курстасы, жақын досы, ең бастысы қазақ журналистикасында құбылыс болған Бейсен Құранбек атында арнайы стипендия тағайындауға ұсыныс білдірді. Оны байқау түрінде өткізіп, ең таңдаулыларына ғана берейік деп шешті. Бәсекеге түскен шәкірт-журналистер өзара аламан додада қаламдарын ұштап, нәтижесінде аталмыш стипендия республикалық «Ұлан» газетінде үзбей қызықты подкаст-сұхбаттарын жариялап жүретін 1-курс студенті Гүлжан Ниязоваға, республикалық шығармашылық байқауларда дос-құрбыларының арасында жүлделі орынды бермей келе жатқан 2-курс студенті Сандуғаш Бектұроваға және YouTube-тегі авторлық каналында өткір мәселелерді батыл қозғап жүрген 3-курс студенті Бекзат Елмырзаға бұйырды. Бұл олардың ұшқыр ойлары мен үшкір қаламдарына шабыт беріп, өзге курстастарына мотивация ұсынған бір игі шара болды. Аға демеді, бала демеді, талапты жанның тағдырына жауапкершілікпен қарап, жанашырлық танытып отыратыны оның болмысын биіктете түссе керек.
Депутаттық қызметі бір басынан асып жатса да, Ғалекеңнің қолынан қаламы түскен емес. Оның қоғамдағы, облыс өміріндегі түрлі мәселелерге орай жазылған мақалалары, журналистік зерттеулері беделді басылымдарда тұрақты жарық көріп тұрады.
Ғалекеңнің осындай кәсіби һәм адами қасиеттерін әрбір жас өзіне үлгі-өнеге ретінде қабылдағаны абзал. Әріптестің мақсаттары әлі де биік, армандары әлі де асқақ. Ол «жастарға бергенімнен берерім мол» деп есептейді. Шынтуайтқа келгенде, қоғамымыз дәл осы Ғалекең сияқты адал, еңбекқор, ұлтжанды азаматтардың еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында өрге басып тұр. Ал, мұндай адамдар құрметке әбден лайық.
Кезінде ақындығы бас бармақпен бағаланып бірқатар мүшәйраларда жүлдегер атанған Ғалекең екеуміздің арамызда шығармашылық байланыс та бар. «Қалай, қалай?» деген өлеңіне ән жазғаныма көп бола қойған жоқ, алдағы уақытта кеңінен танымал болмасына кім кепіл? Жалпы төрт өлеңіне ән шығарылған. Туған жері Төлеби ауданында тұратын белгілі сазгер Болат Оразымбетов шығарған әннің бірі «Махаббатым мәңгілікті» танымал әнші Жеңіс Сейдоллаұлы үлкен сахналарға алып шықса, «Үкілім-ай» дейтін екінші туындысы тоқсаныншы жылдардың ортасында облыстық байқауда үздік деп танылды, жүлде алды. Болат Оразымбетов таяуда тағы бір өлеңіне ән жазуға кірісіпті. Жас сазгер Жәнібек Боранбаев әнін жазған туындысы екімыңыншы жылдары «Оңтүстік жұлдыздары» байқауының гимні болды.
Шәкірттерімізбен өз баласындай етене араласып, ұстазындай болып кеткен Ғалымжан бауырымды, әріптес досымды ер жасы – 50-імен шын жүректен құттықтаймын! Бар бол, Нар бол!
Бекжігіт СЕРДӘЛІ,
сазгер, ұстаз, ғалым,
Ясауи университеті журналистика кафедрасының оқытушысы.