Басты жаңалықтар Мәселе

 Ордабасыда ыстық су ысырап болуда

                   

  Шұбарда – антисанитария, Амангелдіде әрекет бар

Түркістан облысының көптеген аумағында, атап айтсақ, Бәйдібектің «Ақтас», Ордабасының Төрткөл, Шұбар, Амангелді ауылдарында, сонымен қатар, Жетісай, Сарыағаш, Отырар, Келес, Қазығұрт, Созақ аудандарының бірқатар ауылдарында жер асты ыстық суы жер бетіне аққайнардай бұрқылдап шығып жатыр. Олардың емдік қасиеті жайлы жиі айтылады. Тіпті, осы ыстық судан ем іздеп, еліміздің түкпір-түкпірінен адамдар арнайы келіп, шомылып жатады.

Табиғи ыстық су әсіресе денеге шыққан түрлі жара, экзема, аллергияны жазатын емдік қасиетке ие. Дертіне шипа тапқандар елімізде мыңдап саналады. Алайда, табиғаттың осынау сыйын заманауи тұрғыда тиімді пайдаланып, дертіне шипа іздегендерге сапалы қызмет көрсетіп, мемлекет қазынасына да салық төлейтіндей жағдай неге жасалмайды? Неге кәсіп көзі ретінде қаралмайды? Емдік судың қазіргі күйін жабайы қызметке жатқызсақ та болады. Тіпті, ыстық су шығып жатқан аймақты жекешелендіріп алып, онда мал жайып жүргендер бар. Әрі десе кішігірім монша салады. Сонымен бітті.

Кеңестік кезеңде айрықша көңіл бөлініп, қолға алынғанының арқасында бүгінде Сарыағаштың шипалы суы емдік мақсатта кеңінен пайдалануда. Мұндағы елуге жуық шипажайда жыл сайын мыңдаған адам ем қабылдайды. Қаншама жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Қазынаға да ұдайы салық төленеді. Біз айтып отырған емдік ыстық суды да неге осылай кәсіп көзіне айналдырып, тиімді пайдаланбасқа?

Ордабасы ауданындағы Шұбар мен Амангелді ауылындағы жер астынан шығып жатқан ыстық су көздеріне арнайы бардық. Шатырын жел ұшырған, қабырғасы шлакоблокпен өрілген кішкене бір бастырма тұр. Төңіректе сиырлар жүр жайылып. Тұрғындардың айтуынша, таяқ тастам жердегі қараусыз көлшік басында жазда маса көбейеді екен. Бірақ ем іздеп келгендер қатары толастамайтынға ұқсайды. Біз барғанда таңертеңгі уақытта кезекте үш адам тұрды. Біртіндеп келушілер саны артуда. Мал бағып жүріп, сергу үшін ғана суға түсуге келетіндер де кездесті. Қолына ұстарасын алып, сақал-мұртын қырып жатқанды көзіміз шалды. Бір сөзбен айтқанда — антисанитария. Халық қызығушылығы артып отырған соң бұл аймаққа тым болмаса киім ауыстыратын және жуынатын екі шағын бөлме тұрғызып қойса да болады ғой. Оның үстіне кезек күтіп тұрған әйелдер де, ер адамдар да кезектесіп сол бір бөлмеде жуынып жатыр. Сұрастырып білгеніміздей, су көзінің аумағы, бастарма да жекенің меншігі екен.

Шұбардағы шынайы көрініске куә болғаннан кейін біз Шұбар ауылдық округінің әкімі Мұрат Елшібековке арнайылап барып, көрген-білгенімізді айта келе, инвестор тартып, емдік қасиеті бар су көзінің айналасын реттеп, сауықтыру орнын салуға мұрындық болу идеясын ұсындық. Әкімнің айтуынша тазалық мәселесіне көңіл бөлінгенімен, нәтиже болмауда. «Аптасына екі рет сенбілік өткіземіз, бірақ, келушілер қоқыс тастауын тоқтатпайды. Қоқыс салатын контейнер қойып едік, қолы суық біреулер оны ұрлап кетіпті. Жер жекеменшік болғасын ештеңе істей алмай отырмыз. Басына күзет қоюға да болмайды. Әйтпесе судың емдік қасиетке ие екені анық. Оған алыс-жақыннан арнайылап іздеп келіп, шомылып кетушілер дәлел болуда», – дейді ауыл әкімі.

Бөржар ауылдық округіндегі Амангелді елдімекенінде орналасқан дәл осындай ыстық судың айналасы біршама тәуір екен. Бұлақ басына кәсіпкер екі қабатты ғимарат салып, емделушілерге жағдай жасап қойыпты. Орталықта ем-дом жүргізетін маман дәрігер болмағанымен, мейірбике мен бірнеше қызметкер бәйек қағып келушілерге қызме көрсетуде. Жатып демалушылар тәулігіне 13-40 мың теңге төлеп, сұранысына сай орталықтың қызметін пайдалануда. Алдағы уақытта білікті дәрігерлерді тартып, коммерциялық бағытта да, мемлекеттік тапсырыс арқылы да емделушілерді қабылдаса бұл жердің де атағы алысқа тарайын деп тұр. Медициналық туризмді дамытуға сұранып тұрған мекен. Тек оны тиімді пайдаланып, жолға қою керек.

Мәселенің мәнісін аудан әкімінің орынбасары Ілияс Тұрниязтан білуді жөн көрдік.  Ол мәселені зерделеуді алдағы уақыттың жұмыс жоспарына енгізетінін, ыстық судың басына арнайы барып көретінін уәде етті. Ал аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Фатима Тәшімованың айтуынша Шұбардағы жер шымкенттік  азаматқа, «Азамат» ЖШС-іне тиесілі екен. «Серіктестіктің негізі жұмыс бағыты басқа болғандықтан, олардың сауықтыру саласымен айналысуы қиындау. Ал жер бос жатыр. Адамдар үшін сауықтыру орнын ашу қажет. Сол себепті «өздерің ашпасаңдар, басқаларға беріңдер» деген ұсыныс айтылуда. Жер телімі аталған серіктестікке тиесілі болғанымен, ұңғыманың иесі олар емес. Лицензияның мерзімі өтіп кеткен. Онда судың құрамы толық көрсетілген болатын. Қандай сырқатқа ем, емді қанша уақыт қабылдау керектігінің бәрі көрсетілген тұғын. Енді қайта лицензия алу оларға қиын болып тұр. Сол себепті түрлі ұсыныстар жасалды. Бұрын сатпаймын деп отыр еді, кешегі аптада бағасын келіссе сатуға дайын екендіктерін мәлімеді. Ал Амангелді ауылындағы ыстық су орнындағы жұмыс біршама реттелген. Енді оның ауқымын кеңейту қажет»,- дейді Ф.Тәшімова.

Кез келген сауықтыру орны болсын, халыққа қызмет көрсететін басқа да нысандар болсын, жаңадан ашыларда санитарлық норма талаптарын орындауға міндетті. Ол үшін құзырлы органдардан рұқсат алу керек. Ордабасыдағы ыстық суға қатысты мамандардың пікірі қандай?  
Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының басшысы Әбдіғали Кемеловтың айтуынша дәл осы судың қандай емдік қасиетке ие екенін, оның химиялық құрамын зерттеп анықтау Алматыдағы Т.Шарманов атындағы институт мамандарының құзыретіндегі шаруа екен.  

–Зерттеу үшін институт мамандары қырықтан аса сынама алады. Ал біз су ішуге жарамды ма, жоқ па соны ғана анықтай аламыз. Дәл осы Шұбардағы ыстық судың ішуге қаншалықты жарамды екенін зерттегінімізде санитарлық нормалардың сақталмағанын анықтадық. Сол себепті ол суды ішуге рұқсат бермейміз, — дейді Ә. Кемелов.

Мұндай ыстық су көздері облысымыздың бірнеше ауданында кездеседі. Жер астынан шығатын қайнарбұлақтың тиімділігін дұрыс пайдалана алсақ, медициналық туризмді дамытудың мүмкіндігі зор. Әсіресе, Ордабасы ауданындағы ыстық су көздеріне қатысты инвестор тауып, сауықтыру орталығын ашу жұмыстарын жандандыруға әбден-ақ болады. Ықылас болса, елді көркейту, дамытуға деген мемлекетшіл көзқарас қана жетіспей тұрған сияқты. Шымкент сынды мегаполистің іргесіндегі мұндай мүмкіндік курорт-бизнесіне сұранып-ақ тұр емес пе?! Ем іздеп келушілер үшін барлық жағынан ыңғайлы аймақ.

Алайда істің көзін табатындар мен оған қызықтыра білетіндердің жоқтығы тәп тәуір жобаны жүзеге асырмай тұрған сияқты көрінді бізге. Аудан басшылары бұл мәселеге айрықша көңіл бөлсе дейміз.

Балқы БАЗАР.      

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *