Басты жаңалықтар Білім, ғылым Қоғам

  Бас муфти Шымкентте болды

  

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Шымкент қаласында болған жұмыс сапары барысында Сейітжан қари Есжанұлы атындағы мешітте болып, жұма намазға жиылған жамағатқа уағыз айтты. Жұмалық уағыздың бұл жолғы тақырыбы — «Бақытты отбасы – ізгі қоғам негізі».

– Асыл дініміз ер мен әйелдің өмірлік жұбын тауып, шаңырақ көтеруіне маңыз беруімен қатар, отбасылы жандардың бақыт пен берекеде өмір сүруіне де үлкен мән береді. Өйткені Бақытты отбасы – ізгі қоғам қалыптастырудың басты негізі. Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Сендерге Оның (Алланың құдіретін көрсететін) айқын дәлелдерінің бірі – өз болмыстарыңнан жандарың жай тапсын деп, сендер үшін жұбайлар жаратып, араларыңа махаббат пен мейірімділік сезімін ұялатты. Расында осыны ақылға салып, ойланатын қауым үшін айқын дәлелдер мен ғибрат бар», – деп айтқан («Рум» сүресі, 21-аят).

Бұл аятта адам баласына жүрегінің тыныштығы үшін өмірлік жар берілгені, жұбайлардың арасына сүйіспеншілік пен мейірім салғаны айтылған. Қандай да бір отбасында мейірімнің аясында қарым-қатынас жасалса, арадағы сүйіспеншілік сақталып, жүрек тыныштығы орнап, бақыт пен береке болады, — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

ҚМДБ Төрағасы жергілікті жамағатпен бірге жұма намазын оқып, ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Қазақ даласында: Ислам және отбасы құндылығы» республикалық ғылыми-практикалық конференциясына ұласқан жамағаттың алқалы жиынында бала тәрибесіне де қатысты мәселелер айтылды. Жиынға зиялы қауым өкілдері, дін қызметкерлері, Шымкент қаласының имамдары мен әйел ұстаздар, студент жастар мен БАҚ өкілдері қатысты.

«Ата-ана өз балаларына дұрыс тәрбие беріп, оларды имандылыққа, әдептілікке, еңбекқорлыққа үйретуі тиіс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – әйеліне, отбасына ең жақсы қарағандарың» – деген. Сондай-ақ тағы бір өсиетінде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әкенің баласына бере алатын ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие» дейді. Демек, отбасындағы тәрбиенің негізгі жауапкершілігі ер адамның мойнында, ал берекелі болуы ерлі-зайыптылардың өзара сыйластығы мен тәрбиесіне байланысты. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» деген секілді ауыз әдебиетіміздегі мақал, қанатты сөздер ата-ана тәрбиесінің аса маңызды екенін білдіреді», — деді ҚМДБ Төрағасы.

Бұған дейін де газетімізде жазғанымыздай, биыл Қазақстан мұсылмандарының қара шаңырағы – Діни басқарманың құрылғанына 35 жыл. Осынау жылдар ішінде дінді насихаттау мен қоғамның ауызбіршілігін сақтап, ынтымағын дәріптеп жүрген бірқатар имамдарға алғыс хат табыс етілді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *