Шымкент қаласындағы Қажымұқан стадионы мен Дендросаябақ арасын байланыстыратын, бұрынғы балалар теміржолының орнына жаңа серуен аймағы салынғаны белгілі. Бүгінге дейін бұл жолды жаяу жүргіншілер ғана емес, велосипедшілер мен самокат тізгіндегендер де пайдаланып келді.
Алайда, тұрғындар тарапынан түскен өтініштерге сәйкес және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тамыздың 4-інен бастап бұл аймақта велосипедпен, самокатпен жүруге тыйым салынады! Себебі соңғы кездері самокат пен велосипедтің жылдамдығын асыру салдарынан бірнеше рет адам қағып кету секілді қауіпті жағдайлар орын алған. Алдағы уақытта бұл жолақ тек жаяу жүргіншілердің серуен аймағы ретінде қалмақ. Қазіргі таңда жол белгілері толық жаңартылды.
Ал велосипед пен самокат қолданушыларына арнайы «Денсаулық жолы» деп аталатын жаңа веложол салынды. Жолдың жалпы ұзындығы 13,1 шақырым. Бәйдібек би даңғылы мен Бозарық айналма жолына дейінгі 3,5 шақырымдық веложол пайдалануға берілді. Барлық велосипедшілер осы жолда серуендеуіне болады. Сонымен қатар қазіргі таңда бұл бағыт А-2 айналма жолымен Ипподромға дейін жалғасып, тағы 4,1 шақырым жол салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
