- Сіз қайда жүрсіз?
– Мақсат Айтжанұлы, Шымкент сатира театрының көркемдік жетекшісі, режиссері едіңіз. Сіздің сахыналауыңызбен қойылған спектальдерді көруге баратынбыз. Әсіресе, Д.Исабековтың «Бонопарттың үйленуі», Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілердің» көрермені көп болды. Шымкенттен, театрдан неге кеттіңіз?
– Режиссура –кәсіби мамандығым, мен одан ешқайда кете алмаймын. Сатира театрында сіз айтқан қойылымдардан бөлек менің режисеерлігіммен Қ.Жүнісовтың «Алғашқы махаббат», Н.Кадировтың «Кәрілігімді сағындым», Р.Отарбаевтың «Қараша қаздар қайтқанда», И.Садиковтың «Әпендінің бес қатыны», М.Әуезовтың «Айман-Шолпан», Т.Жандәулеттің «Жұбай саудасы» т.б. спектакльдер дүниеге келді. Арасында кәсіби театрлар фестивалінде бәйгенің басын иемденгендері де бар. Шығармашылықтың түрлі саласы бойынша (эстрада әншісі, театр және кино актері, бұқаралық мәдени іс шаралар мен театр режиссері) еңбектенген ширек ғасыр ішінде өнерде азды-көпті жиған-тергенім бар.
Алғашында кәсіби маманданған Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-і, соның ішінде ұстазым, өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор Кәрімбек Мәрайымұлы «Балам-ау, аз қыдырған жоқсың, біраз нәрсені көрдің, біраз тәжірибе жинадың, мүмкіндік болса Түркістанға қайтсайшы, менің де күннен-күнге денсаулығым жарамай бара жатыр, Райымбек ағайыңның мектебін жалғастыратын өздеріңнен басқа кім бар?! Марат екеуіңе (Марат Оразметов) қолқа салайын деп отырмын» деп айтып жүрген. Қатты жақсы көрген ұстаз шәкірт үшін ешқашан өлмейтіндей көрінетіні бар емес пе? Сол оймен жүргенде 2020 жылы 8-тамызда ағайдан айрылып қалдық. «Бір ай бұрын ғана бірнеше шәкірттері арнайы іздеп барып, жанында жарты күн отырып, хал сұрасқанда жағдайы жаман емес еді ғой» деп жылап-еңіреп барғанымызда, «ағай Марат екеуіңнің кафедраға келгендеріңді қатты қалады» деп сол жердегі әріптестеріміз қарсы алды. Қазадан қабырғасы қайысып отырған ұстазымыз (ағайдың жұбайы) Айткүл Мүбәракқызы да «екеуің де Шымкетке орнығып қалғандарыңды, кісі қызығарлық лауазым иесі болғандарыңды білемін, бірақ ағайларыңның әруағын аттамассыңдар деген үміттемін» деген соң амал жоқ ұстаздың ұсынысына атүсті қарай салуға болмады.
Жер жаһанды COVID өрті шарпығанда онлайн режимде, кейін офлайн кезеңге көшкенде Түркістанға түбегейлі ауысуға тура келді. Отбасым –Шымкентте, өзім –Түркістанда. Екі ортада, шығармашылық пен ағартушылығым аздай ғылым жолында да маңдай терлетсем деген ой мазалағанына біраз болған. Нәтижесінде аталмыш оқу орнының «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар» факультеті «Педагогика және психология» кафедрасында докторантурада білім алып, «Болашақ педагогтардың эмоционалдық эмпатиясын кәсіби қалыптасу процесінде дамыту» тақырыбы бойынша ғылыми диссертация жазу үстіндемін.
–Бәрекелді! Түркістаннан алғаш театр ашқан, театр майталманы Райымбек Сейтіметовтың шәкірттері аз болмады. Қалғандары қайда жүр?
–Райымбек ағай ашқан кафедраға биыл 30 жыл толды. Алғашқыда түрлі факультеттің құрамында болғанымен биылдан бастап университет басшылығының қолдауымен өз алдына «Өнер, медиа, дизайн факультеті» болып қайта қалыптасқан шаңырақтан түлеп ұшқандар бүгінде шет елдерде, қалаберді Қазақстанның айтулы мәдениет мекемелерінде руханиятқа қалтқысыз қызмет етуде. Басым көпшілігі әлеуметтік желіде де белсенді.
–Сізді кең диапазонды әнші ретінде жақсы танимыз. Эстрадамыздың мэтры Роза Рымбаева әншілігіңізді мойындайды. Ал сіз сахнадан тым сирек көрінесіз. Мұның сыры неде?
–Жалпы артист ретінде сахнадан алыстағаным жоқ. Ал әнші ретінде аз көрінуім режиссураға кәсіби тұрғыда қадам басудан басталды. Сатира театрында мен тек өзінің спектакліне ғана жауап беретін кезекті қоюшы режиссер ғана емес, сол өнер ошағының бүкіл шығармашылығына жауапты лауазым иесі –көркемдік жетекші болдым. Демек өзімді емес театр артистерін сахнаға шығарумен айналыстым. Қанша жерден сахнаны сағынып тұрсам да, функционалдық міндеттемеме байланысты жауапкершілік жеке шығармашылыққа мойын бұрғызбайтынын менің жанды дауыста өткен мерейтойлық концертімде әріптесім Уәлибек Әбдірайымов ағамыз көрерменге жақсы жеткізді. Оның үстіне «Сахнаға шығарыңдаршы…» деп тиісті органдардың табалдырығын тоздыру жаратылысыма жат. Қазіргі қоғамда мұндай ұстаным өзіңді жарға жығу екенін білемін, десек те амал жоқ… Әзірге, өнерімді бизнеске айналдырып табыс табумен емес, сол өнердің шыңына педагогика жолымен, ғылым жолымен қанат қақсам деген ниет бар.
–Ән айтқанның бәрі әнші еместігін жақсы білеміз. Әншінің көптігінен олардың атын жаттап үлгермейтін болдық. Жүрекке жетер, көпшілік жаттап алатындай «өз әні» жоқ әншілер көбейді. Эстрада жанырының деңгейі ме, әлде тыңдарманның талғамы төмендеді ме?
–Әлемдік музыка ешқандай шекарасыз еркін тарап, бір-бірімен қоянқолтық араласып жатқанда эстрада жанры төмендеп кетті деуге болмас. Әрқайсысының деңгейі әртүрлі болса да қазіргі композиторлар жаһандық музыканы тыңдап жан-жақты жаңару үстінде. Әншілерде де солай. Олардың арасынан кәсіби музыканы таңдап, талғап тыңдау, ол тыңдарманның еншісінде. Өкінішке қарай, мәнсіз мәтінге құрылған әндер салтанат құрып тұрғаны жасырын емес. Бірақ ести қалғанда ессіз еліктіретіндері де бар. Сол әндерді рухани азық етемін десе көрерменге кім қой дейді?
–Бұл уәжіңіз орынды, десе де «кавер» деген шықты… Мұны да «ән өнеріндегі бір жаңа леп, заманауи үрдіс» деп ақтап аламыз. Жаңа леп –ұмытылып бара жатқан әндерді қайта жаңғыртуда пайдалы-ақ. Алайда, есті әннің әуенін бұзып алатын да тұстары аз емес қой. Композитордың авторлық құқығына нұсқан келіп жатқан жоқ па?
–Кез-келген кәсіби композитор туындысының кавер нұсқасына қарсы емес деп ойлаймын. Бірақ «бояушы, бояушы дегенге сақалын бояптының» кері ісі болмаса. Шектен шығып кеткендер өз мәдениетінің деңгейін көрсетуде. Менің пікірім – қанша жерден жаңа, заманауи стильге салып өңдеген күнде де алғашқы шумақ пен қайырмада шығарманың түпнұсқасы сақталуы керек. Кейінгі бөлігінде өз интерпретацияңды жасай бер.
–Айтпақшы, талантты жастарға вокальдан сабақ бердіңіз. Сағын деген талантты шәкіртіңіз де бар. Ол қазір қайда?
–Талантты шәкіртке кенде болған емеспін. Олардың басым бөлігі өнердің түрлі салаларында кәсіби деңгейде суреткер атанып жүр. Солардың бірі Сағын Өмірбайұлы. Сағынға сабақ берген вокалистер баршылық, бірақ мен әншілігіне қоса актерлік шеберлігін дамытуға шамалы болса да үлес қосқаным бар. Халықаралық конкурстардың бірнеше дүркін лауреаты болған Сағын бүгінде Астана қаласында кәсіби білім алып жүр. Әрбір жетістігіне қуанып, болашағынан үлкен үміт күтемін.
Одан бөлек соңғы кездері дипрессияға түсіріп кеткен шәкірттерім биыл ғана түлеп ұшқан ӨАК-111, ӨАК-112 топтарындағы өз перзентімдей болған курсым. Олай дейтінім біздің актерлік өнер саласында негізгі маманданатын пән – «Актер шеберлігі» пәнінің ұстазы сол курстың басты бапкері саналады. Осы екі топпен 4 жыл бойы үздіксіз жұмыс жасадым. Күндізгі сабақ былай тұрсын 4 жыл бойы аптасына бес күн түнгі 00:00, кейде тіпті сағат 2-3-ке дейін жұмыс істейтінбіз. Әуелгіде ата-аналар қарсы болғанымен кейін өздері де іздемейтін болды. Соның нәтижесінде ұстазымыз марқұм Кәрімбек Сейітметов атындағы студенттік театр ашылып, сол жас ұжым республикалық студенттік театрлар фестивалінде екі жыл қатарынан лауреат атанды. Кәрімбек Сейітметов атындағы студенттік театр Жоғарғы білім және ғылым министрінің және басқа да айтулы ғалымдардың қатысуымен өткен Қазақ тілі-ғылым тілі атты халықаралық конференцияда Жолтай –Жұмат Әлмашұлының «Яссауй жолы» атты тарихи диалогиясымен өз шымылдығын ашты. Арнайы шақырылған өнертанушылар мен ресми қонақтардың риясыз ризашылығына бөленген балаларым, түнгі он екіні былай қойып, қона жатып жұмыс істейтінді шығарды. Арасында Шымкентке спектакль көреміз деп келіп, екі курстың студенттері үйге жайғасқанда бес балам мен Сәуле (жұбайым) екеуміз солардың арасынан көрінбей қалатынбыз. Бір-бірімізден бір елі айрылмай жүрген балаларым бір сәтте түлеп ұшып, жан-жаққа тарай салғанда жыннан айрылған бақсыдай болғаным рас. Оларға деген қимастығымды Қазақстанның 6 қаласындағы кәсіби театрға жас жүйріктерді додаға қостым деген мақтаныш сезімге әрең ұластырдым. Университетіміздің өнер факультетіне ерекше жағдай туғызған ректор Жанар Амангелдіқызына «әр студентті өз баласындай көрген ректор Сіздей-ақ болсын» дегеннен басқа айтарым болмады.
–Шын талантқа шүбәміз жоқ. Әнші, актер, режиссер, көркемсөз оқу шебері – бір басыңызда «жігітке жеті өнер де аз» дейтіндей өнердің бары рас. Алайда, «Өлеңдеріңізді оқығанмын» деп өтірік те айта алмаймын. Орайы келгенде түйсіктегі «осы жігіттің ақындығы бар-ау» деген ойдың тұратынын жасырмайын…
–«Азуын айға білеген ақын едім» дей алмаймын, десек те шер толқытқанда шығатын ой түбіндегі сөзді өлеңге айналдыратыным мендегі бар өнердің бастауы. Қазақ сахнасындағы танымал әншілердің репертуарында менің өлеңіме жазылған қырықтан аса ән орындалып жүр. Проза, поэзия, драматургия сынды үштағаннан тұратын әдебиет әлемін жаным сүйеді.
–Тамаша! Көңілдегі күпті ойдың тағы бірі – «өнер адамдарының көбі тұрмысқа бейімсіз, шаруаға қыры жоқ, ақсаусақ болады» дегенге саяды. Сіз отбасында қандай жар, қандай әкесіз? Үйдегі еркек істейтін шаруаларға ебіңіз бар ма?
–Жасымыз елуге жақындағанша үйренемін, үйретемін деп үйіне жете алмай жүрген еркек қайбір сүйікті жар, айбынды әке бола алады дейсіз?! (күліп) Үйде болсам кез-келген бітпей тұрған тірлікті шұқылай беремін, бірақ, сол, үйде болғанымнан болмағаным көп болып тұр ғой. Бес баламның тәрбиесі мен тыныс-тіршілігі әуеллі АЛЛАҒА аманат, содан соң жұбайым Сәуле Кендірбекқызының мойнында.
–Ойды бүкпесіз баяндаған сұхбатыңыз үшін көп рақмет.
Сұхбаттасқан Жәмила МАМЫРӘЛІ
