Құқық

Құқықтық сауаттылықты балалардан бастау керек

«Өзге пікір» тыңдап тұр!

Жуырда Келес ауданында топ болып төбелестен мектеп оқушысы қайтыс болды. Әлеуметтік желіде бірін-бірі аяусыз сабап жатқан жеткіншектерді көргенде еріксіз жағаңды ұстайсың. Бабаларымыз жауды да олай сабамаған, ата жауын аяусыз ұрып өлтірмеген. Кінәсі болса тұтқындап, үлкендерге тапсырған. Ал қазір бәрі басқаша. Кінәліге қатаң шара көретін заң орындары бар, соған қарамастан жастарымыз қатыгездіктің шыңына шығып барады. Бұдан әрі не болары белгісіз. Егер бір тоқтам болмаса, көшеде ұнамаған адамын өлтіріп кете беретін уақыт келуі әбден мүмкін.

Жуырда Кентау қаласындағы бір дәмханада 9-10 сыныптың екі оқушысымен бір дастархан басында қатар отырып қалдым. Жағдай сұрасқаннан кейін олардан жеткіншектер арасындағы қатыгездік жайында сыр суырпақтағанда естіген жауабым төбеден жай түскендей әсер етті. «Біздер оқушымыз, бізге ештеңе істемейді. Екінші қайталамаңдар дейді де жібере салады. Есейгенге дейін қоямыз ғой», – деген жеткіншектің сөзі бүгінде оқушылар өздерінің іс-әрекеттеріне жауап бермейтініне сенімді екендігін білдіргендей болды.

Олар қылмысқа барғандарды қамайтын балалар колониясының барын білмейтін болып шықты. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі жастардың құқықтық сауаты өте төмен. Бұл жөнінде шардаралық ұстаз Ғайбулла Бектөреев былай дейді: «Мен бүгінде «Адам, қоғам, құқық» пәнінен оқушыларға дәріс беремін. Онда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы айтамыз. Бірақ бұл пән кешеге дейін басқаша оқытылды. Дәлірек айтқанда, еліміздегі зауыт, фабрикалардың экологиялық зияны туралы айтып келдік. Оның құқыққа түк қатысы жоқ. Соның салдары болар, оқушылардың құқықтық сауаты төмендеп кетті. Енді ғана құқықтық сауаттылық жайында сабақ өтудеміз. Бірақ осы сағатты көбейту керек. Балалардың құқықтық сауаттылығын арттырмай, қоғамда қылмысты азайта алмаймыз».

Тәрбие — тал бесіктен демекші, тәрбиені, тәртіпке бойсұндыруды баланың кішкентайынан бастаған дұрыс. Қоғамда кішкентай қылмыскерлерді қалыптастырмас үшін балалар мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылыққа байланысты жауапкершілікті күшейткен жөн.

Ә.НАУАЙЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *