бөлек мақам әкелген қаламгер
Көркем сөзді кестелеуден бөлек өзіндік мақамын қалыптастырған Мархабат Байғұттың 80 жылдығына орай кешегі аптада түркілер төрі–Түркістан мен күншуақты –Шымкентіңізде тағлымға толы іс-шаралар легі өтті. Жазуымен де ісімен де өскелең ұрпаққа ұлағат қалдырған қаламгердің мерейтойлық іс-шараларының ең негізгісі –жастарға арналды. Алдымен мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған «Мархабат Байғұт оқулары» атты шығармашылық байқауға облыс бойынша 720 бала қатысты. Көсемсөз шеберінің шығармаларынан үзіндіні жатқа оқыды. Жазушының шығармасы бойынша иллюстрациялық суреттер салған мектеп оқушылары да көркемсуретті ғана емес, көркем шығарма оқуға құмбыл екендіктерін аңғартты.
Белгілі қоғам қайраткері Сауытбек Әбдірахманов айтқандай Мархабат Байғұт журналистикаға әдебиетті әдептеп әкелген қаламгер. Ақпараттық баяндаудан гөрі көркемдікті қалыптастырған жазушы-журналистің публицистикасына тәнтілер көп. Дәл осы қырын сараптаған мектеп оқушылары қаламгердің мақалаларын талдады, зерттеді.
Мархабат Байғұт шығармаларынан сахналық қойылым қоюға белсене араласқан сол өрендер арасынан шыққан үздіктер де Түркістанда, мерейтойлық симпузимда марапатталды. Айта кету керек, облыстағы 399 кітапханада «Мархабат оқулары» байқауы өтті. Шымкентте де осындай байқау болды.

«Тәлімді іс-шараны ұйымдастырған кім» дейсіз бе?
«Мархабат Байғұтқа 80 жыл» жобасының жетекшісі «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ғалымжан Елшібай мен Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы. Шымкенттегі іс-шараларды әл-Фараби кітапханасы мен Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-і қолға алды.
Бұдан бөлек «Мархабат» журналы және «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен журналистика және филология мамандықтарында оқитын, еліміз бойынша жоғары оқу орындары студенттері арасында шығармашылық байқау да ұйымдастырылды. Байқауға келіп түскен 56 жұмыстың 11-і жүлделі орынға ие болды. Талапкерлер – Қызылорда, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан қатысты.
Бірінші орын Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дің 2 курс студенті Інжу Шәріпке бұйырды. Жүлделі орындарға іліккендердің ешқайсысы да сыйлықсыз қайтпады.
Мархабат Байғұт көркемсөздің шебері ғана емес, көзі тірісінде көркем мінездің де иесі болды. Шығармаларында ізілікті әдептеген қаламгер іштарлықтан арылып құштарлыққа ұмтылуды насихаттады. Түркілер төрі Түркістанның мәртебесін айқындауға үлкен үлес қосты. Қоғам тәрбиесіне бар болмысымен кірісті. «Ырыс алды-ынтымақ», «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік», «Адамзаттың алтын қазығы-Қазығұрт» жобалары арқылы ұлт тәрбиесін жүргізген, мемлекетшіл болуды дәріптеген қаламгер тұтас ұлттық идеологияны қалыптастыруға тер төкті демей көріңіз.
«Мақамы бөлек Мархабат Байғұт» атты халықаралық симпозиумда, Түркістанда осының бәрі де тілге тиек болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алқалы жиынға арнайы құттықтау жолдады. Оны дүйім жұртқа қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, академик Дархан Қыдырәлі оқып берді.
«Мархабат Байғұт — ұлт руханиятында өзіндік орны бар тұғырлы тұлға. Ол қазақ әдебиетінің өрісін кеңейте түсуге өлшеусіз үлес қосты. Қоғам тыныс-тіршілігін шынайы суреттеп, озық ойлы ұлтқа қажет мызғымас құндылықтарды кеңінен дәріптеді» дейді Мемлекет басшысы өз құттықтауында.
Симпозумға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев та құттықтау хат жолдаған. Қазақ руханиятына еркеше қолтаңбасын қалдырған қаламердің рухына деген құрметін жеткізген Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Шымкент қаласы, Қызылорда және Жамбыл облыстарының әкімдері де құттықтау хаттарын жолдады. Аманатқа қиынат жасалмай оқып берілді. Бәрі де әдебиет әлеміне әдемі із қалдырған жазушының ерен еңбегі өлшеусіз екенін, есімін елдің ықыласпен еске ала беретінін айтады.

Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, көрнекті жазушы Жүсіпбек Қорғасбек пен «Қазақ Газеттері» бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы мазмұны бай баяндама жасады. Белгілі әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке де Мархабат Байғұт шығармаларындағы шынайылылықты, кейіпкерлерінің күнде арамызда жүргенін, мейірім мен ізгілікті арқау еткен әңгімелері әлем тілдеріне аударыла беруі керектігін атап өтті.
Бұл орайда түбі бір түркі жұртынан келген бауырлар, Қырғызстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Керімбек Қадырахунов, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ғалым, профессор Қазақбай Иулдаш және Еуразия Жазушылар одағының мүшесі, Анкара Хажы Байрам университетінің профессоры Жәмила Кинаси Баран ханымның айтары көп болды. (Айтпақшы, шетелден келген қонақтардың мерейтойлық іс-шаралар біткенше үш күн бойына Мархабатына деген елдің махаббатына куә болып жүргеніне риза болдық)
Өзбектің қаламгер-ғалымы Қазақбай Иулдаш «Әкімнің әйелі» шығармасын өз тіліне аударып, әдебиет сүйер барша өзбек жұртын тұшындырғанын, тіпті ел Президенті оқып «мына әңгімені барлық мемлекеттік қызметкерлер оқысын, пара алмауды, жемқорлықа бармауды үйренсін» деп тапсырма берегенін де еске алды.
Қазақ тілінде мүдірместен баяндама жасаған түрік қызы Жәмила «Дауыстың түсі» әңгімелер жинағын түрік тіліне аудару арқылы қазақты етене тани түскенін айтты.
Мархабат Байғұттың драмалық шығармалары да көптің көңілінен шығатын, көрермені көп сахналық қойылымдар. «Асқаровтың аққайындары», «Жоғалған жұрнақ», «Бозторғайдың ұясы», ілгеріректе жазушы Шойбек Орынбай екеуі бірлесіп жазған «Қарлығаш әулеие-Төлеби» тарихи драмасы да аншлагпен өткені театр сүйер көрерменнің есінен шыққан жоқ. Қаламгердің 80 жылдығына белгілі жазушы Нұрғали Ораз «Мархабат» драмасын арнады. Қойылымнан Райымбек Сейтметов театрінің әртістері үзінді сахналады.
Түркістанның төріне Мархабатын еске алуға жиналған қалын жұрт кешке Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрында қойылған «Жоғалған жұрнақ» спектакльіне тайлы тұяғы қалмай түгел жетті. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының салдары мен себебін көрерменге басты кейіпкер Жұрнақ арқылы жеткізіп, көп нәрсені жоғалтып, әлі де байыбына бара алмай, санамызда саралай алмай жүргеніміз аз еместігін ашық айтқан қаламгер көпті ойлануға шақырады.

Келесі күні Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Әдебиет әлемі әдемі» халықаралық конференцияда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек алғысөзбен ашып, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды. Кешті қоғам қайраткері, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов жүргізіп отырды.
Қарымды қаламгерлер Сауытбек Әбдірахманов, Бауыржан Жақып, Дархан Мыңбай, Ханбибі Есенқара, Құлбек Ергөбек, Ғалымжан Елшібай қазақ әдебиеті мен публицистикасының бірегей өкілі Мархабат Байғұттың шығармашылығы жайлы толымды естеліктер айтты.
–«Қайда барсаң да оңтүстіктің адамдары, шымкенттіктер» деп орынсыз кіжінетіндерге Мархабат Байғұт: «қарапайым статистикаға сүйенер болсақ әр бесінші қазақ Оңтүстікте туады екен. Сонда Қазақстандағы әр бесінші адам оңтүстіктікі болмай ма? Олар қайда бару керек сонда?»- деп орынды уәж келтіргені есімізде, — деді Дархан Мыңбай.
Конференцияға жиылған жұрт алдында ОҚПУ-дың Басқарма төрағасы-ректор міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева университет қабырғасынан Мархабат Байғұт оқу залының ашылатындығына уәде етті.
Бекзат болмысты қаламгердің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шаралар легі кіндік қаны тамған туған жерінде — Пістелі ауылында қорытындыланды. Мархабат ағамыз туған ауылын шексіз сүйген азамат. Туған жерді түлетіп қана қоймай, жастарға тәлімді тәрбие беретін «Таупістелі тағлымы» жобасын ұйымдастыруы соның дәлелі. Алғаш рет 2015 жылы өткен бұл жоба биыл төртінші рет, автордың қатысуынсыз болды. Десе де, «Мархабат айтқан әңгіме», «Байғұт байыптаған мәселе» деген естеліктерді жұрт өнеге етіп жатқа айтып отыр. Қаламгердің шын бақыты деген осы емес пе?!

Таупістелігі жиналған қоғам қайраткерлері Зауытбек Тұрысбеков, Дархан Мыңбай, Дархан Қыдырәлі, «Қазақ әдебиеті» журналының бас редакторы Қазақсатан Жазушылар Одағының хатшысы, ақын Бауыржан Жақып, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, суреткер ақын Нармахан Бегалыұлы, ардагер Жеңісбек Мәуленқұлов, жазушылар Есқара Тоқтасынұлы, Шойбек Орынбай, өңірдегі жалғыз әйел драматург-жазушы Сая Қасымбек кешегі күннен естелік айтып қана қоймай, болшақта классик жазушының есімін мәңгі есте қалдыру ісіне байыппен қарап, елдің еңсесін көтеретіндей ескерткіш арнауды тілге тиек етті. Қалын жұрт игі бастаманы қызу қолдады. Жиында сөз алған ақын Бауыржан Жақып ойын өлеңмен өрнектеді. Теберенген тыңдарман риза болғаны сонша иығына Мархабат ағамыздың ұлы құрметпен жапқан шапанын қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков «бір өлең үшін» деп ақынға тарту етті. Жарасымды ізетті Бауыржан ақын да жалғап жіберді. «Бізден гөрі Мархабатпен көбірек сырлас мұңдас болғандар-жерлестері. Астана асып кетпей-ақ әзілімен елді аузына қаратқан сатирик ақын Алпысбай Боранбай Түлкібаста отырып-ақ елге танылды. Маған Зауытбек ағамыз берген бір шапан жетеді. Өзіме меншіктеп берген кестелі шапанды Алпысбай Боранбайға беремін» деді. Жұрт тағы да риза.
Ешкімнен ешнәрсе сұрамаған, бар табысына қарапайым қоңыр тіршілігімен, маңдай терімен, әдебиетке деген адалдығымен жеткен Мархабат Байғұттың артына қалдырған өнегесі де осы болса керек-ті. Тәлімін алғандар тектілік танытты.
Түлкібастықтар Таупістелі тағлымына тарту ретінде көпшілікке «Мархабат Байғұт – көркемсөз шебері» атты жаңа кітапты ұсынды. Тұсауын Нармахан ағамыз бен аудан әкімі Аскар Естібаев шешті.
«Мархабат оқулары» байқауы Түлкібаста ерекше өтті. Тұмса табиғаты әсем өңірде тас жаратын таланттар шоғыры өсіп келеді екен. Жиналғандарды тәнті еткені де осы болды. Байқау жеңімпаздарын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Қасымбек марапаттады.
Таупістелі тағлымына қаламгерді танып білген, құрметі ерек жамағат көп жиналды. Жиын соңында да ас беріліп, аудан мешітінің имамы Құран оқыды.
Мархабат Байғұт бейітіне арнайы ат басын бұрып, рухына құран бағышталды. Қорым басында, жиырма жылдан астам уақыт бойына әруақтардың мекенін тазартып, күтіп-баптап жүрген Тілеуқұл ата Ерсейіттің де Мархабат Байғұт туралы айтары көп екен. «Келіп, құран оқып тұрыңдар, мұндай тұлғаны ұмытуға болмайды» деп жатты бізге…
Мақамы бөлек, болмысы ерек, көсемсөз бен көркем мінезді үйлестіре білген қаламгерді оқырманы ұмытпайды.
Ендігісі тездетіп Түркістанның төрінен, Шымкенттің шырайлы жерінен Мархабат Байғұт атындағы әдебиетшілер үйін, мәдениет орталығын ашу қажет. Симпозиумның қорытындысында осылай мәміле жасалды.
Сол күнге тезірек куә болайық, баршамыз!
Жәмила Жайлаубекқызы