Шымкент

Мегаполистің даму көкжиегі кеңейе береді

Шымкентті еліміздегі ең көрікті, көгалы көп қала дәрежесіне жеткізу жолындағы жұмыстар қарқын алғанын тұрғындар сезіне бастаған. Саябақтар, көрікті гүлзарлар тұрғындардың еркін демалып, бір сәт бала-шағасымен серуен құруына, жанға жайлы сейіл жасауына ыңғайлы болуда. Десе де қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Шымкент тек жасыл қала ғана емес, әлеуметтік-экномикалық тұрғыдан да дамыған шаһарға айналуы керектігіне басымдық беруде.

Содан да болар ол осы аптадағы аппараттық мәжілісте жаңадан жұмыс орындарын құру, бюджеттің атқарылуы мен көктемгі егіс жұмыстарының қорытындысы қалай болғанын сала мамандарынан егжей-тегжейлі сұрады. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы К.Тұрлыбековтың айтуынша, салаға қатысты Тұжырымдамалар мен Даму жоспарын басшылыққа ала отырып, атқарылған жұмыстар аз емес. Нақты жобалар шеңберінде жұмыссыздықты төмендету мақсатында биыл азаматтарды жұмыспен қамту шаралары бойынша ілкімді істер бар. Мысалы биыл 56,9 мың адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Бұл меже бойынша бүгінге дейін жоспар 32,4 пайызға орындалып отыр. Бұл ретте қала әкімі ауыл шаруашылығы және ветеринария, білім, кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармаларының басшыларына азаматтардың жұмысқа орналасуына ықпал ету бойынша нақты тапсырмалар берді.

Сонымен қатар, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Т.Мекембаев көктемгі егіс жұмыстарының қорытындысын баяндады. Бүгінде қала аумағындағы жалпы егіс көлемінің 26,5 мың гектарына дақылдар егілген. Алқаптан 86,0 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде. Бұл орайда көктемгі егіске бөлінген 35,9 тонна жеңілдетілген жанар-жағармай тауар өндірушілерге үлестірілуде. Жоспарға сай 1 200 гектарға жуық аумақта химиялық залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Қала әкімі залалсыздандыру шараларын саябақтар мен гүлзардарда да жүргізуді тапсырды. Себебі, тұрғындар тарапынан «саябақтарда маса көп» деген шағымдар түсуде.

Сонымен қатар қаңғыбас иттер мен мысықтарға арналған баспана мәселесін тездетіп шешіп, арнайы ғимарат құрылысын жеделдету, оны қолданысқа беру процесін тездету керектігін де ескертті. Қала басшысы салаға жауапты мамандар ең алдымен халықтың қауіпсіздігіне мән беруі керектігін тапсырды. «Тұрғындар қауіпсіз қалада өмір сүруі керек. Жайлы орта, ыңғайлы тұрмыстық қажеттілік режимі қалыптасқаны жөн» деді.

Сонымен бірге, қала аумағындағы көпірлердің жағдайын қатаң бақылауға алу қажеттігін де атап өтті. «Олардың жәй-күйімен танысып, апатты дегендерін анықтап, тез арада жөндеу керек. Бұл орайда апаттық жағдайдағы тұрғын үйлерді де естен шығармаған жөн. Қирағалы тұрғандарын анықтап, «Реновация» бағдарламасы арқылы жаңа ғимарат салу ісін жүзеге асырған дұрыс» деген қала әкімі Көксай елдімекеніндегі тәртіпсіздік, көше бойындағы ретсіздіктерді қалпына келтіру үшін сала мамандары нақты ұсыныстар әзірлеуі керектігін тапсырды.

Қысқасы, Шымкент қай жағынан алғанда да даму көкжиегін кеңейтіп, тұрғындар үшін өмір сүруге ең қолайлы аймаққа айнала беруі қажет. Бұл орайда тұрмыстық түйіткілдер, күнделікті кездесіп отыратын ұсақ-түйектерге дейін мән беріліп, мәселенің дер кезінде шешілуіне сала мамандары жіті назар аудармағы қажет болып тұр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *