Кез келген мемлекеттің өсіп-өркендеуі мен мәдениетінің гүлденуі, ұлттық тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты екендігін қоғамның өзі күнделікті өмірде көрсетіп те, дәлелдеп те жүр. Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері қазақ тіліне дамытуға қатысты атқарылған шаруа да, тындырылған тірлік те аз емес. Көп нәтижелерге де қол жеткіздік! Ол жөнінде биік мінберлерден айтылды да. Бірақ қанша әрекеттенсек те, кейбір мемлекеттік органдарда қазақ тілін – мемлекеттік тіл мәртебесіне жеткізе алмай келе жатқанымызды жасыруға болмас.
Осы орайда еліміздің сот жүйесіндегі мемлекеттік тілге қатысты мәселелерді айтпас бұрын, сәл шегініс жасап, бұдан бұрын сот саласында өткен түрлі жиындар мен бұқаралық ақпарат құралдарында (бұдан әрі – БАҚ) жазылған бірқатар ақпараттарға қысқаша тоқтала кетейін.
2020 жылы Жоғарғы Сотта (бұдан әрі – ЖС) бейнебайланыс арқылы «Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілді жетілдіру» тақырыбында өткен Кеңесте ЖС Төрағасы Ж.Асанов: «… Мемлекеттік тілге қатысты талап жыл сайын емес, күн сайын қатая бермек. Тек процестік құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізу жеткіліксіз. Енді сот процестерін біртіндеп қазақ тіліне көшіруіміз қажет. Егер іс бойынша заңсыз шешім қабылдаса, ондай судьяға сөзсіз жол жоқ. Ал, мемлекеттік тілді жетік білмесе, ол да үлкен кедергі болмақ», — деген болатын.
ЖС-тың судьясы Б.Мақұлбеков: «Қазіргі кезеңде процестік тіл қағидатының орындалуы сот жүйесіндегі өзекті мәселеге айналуда» десе, ЖС-тың жанындағы Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.Қарағойшина «Статистикалық мәліметтерге сәйкес, қазақ тіліндегі істердің саны көңіл қуантатын деңгейде емес» екендігін ашық айтқан.
Бұдан бес жылдай бұрын «ЗАҢ газетінде» және «ЗАҢГЕР» журналында, тағы басқа да басылымдарда «Судьяларға мемлекеттік тілді білу міндет болуы керек» деген тақырып төңірегінде қазақ тіліне қатысты сол кездегі Астана қалалық және Ақмола, Қарағанды облыстық соттарының төрағалары Т.Бәрпібаев, Д.Әміров, Н.Шәріповтың және ЖС жанындағы Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі А.Садуақасовтың мақалалары шыққан. Бұлар қатардағы жай төрағалар емес, өте білімді, білікті әрі туған тілдің жағдайына бей-жай қарамайтын мықты маман әрі ұлтжанды, ел мен жерге және қазақ тіліне жандары ашитын қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, қайраткер төраға деңгейіне көтерілген басшы болғандары анық,
Сондай-ақ, сол жылдары қазақ тілінің мүшкіл халі туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы С.Елубаев, атақты ақын, қоғам қайраткері М.Шаханов, академик М.Жолдасбеков, Мәжіліс депутаты Қ.Иса және журналист Е.Айғалиұлы тағы басқа да ұлт пен тілге жанашыр азаматтар БАҚ-та айтып, жазғандары дүйім жұртқа мәлім. Ал адвокат Л.Ахатованың (бұрын оншақты жыл судья лауазымын абыройлы атқарып, кейін өз еркімен адвокат қызметіне өткен) фейсбук парақшасынан кейбір судьялардың ана тілін жетік білмейтіні туралы пост шығарғанын көзім шалған.
Елге танымал тау тұлғалардың тарапынан осылай айтылып та, жазылып та жатқан сындардан қорытынды шығару үшін, бұдан 5-6 жылдай бұрын ЖС басшыларының бастамасымен, жергілікті облыстық, қалалық сот төрағаларының ұйымдастыруымен өңірлерде мемлекеттік тілдің мәселесіне арналғант маңызды жиындар ұйымдастырылып, қазақ тілінің соттардағы жай-күйін жақсартуға байланысты нақты іс-шаралар қолға алынған болатын.
Солардың қатарында Шымкент қалалық сотының төрағасы Е.Рахымбековтың бастамасымен қалалық сотта «Шешендік сөздер – құнды мұра, асыл қазына» байқауы және «Сот төрелігін мемлекеттік тілде жүзеге асыру мәселелері» атты өңірлік конференция өтті. Мұндағы мақсат – Президент Жолдауында тіл жөнінде айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту шараларын белгілеп, оларды іске асыру еді.
Өңірлік конференцияда ЖС-тың судьясы Б.Мақұлбеков сотқа дейінгі іс жүргізу органдарының процестік құжаттарды дайындау кезінде тілдік қағидатты реттейтін құқықтық нормаларды қатаң сақтау және құжаттардың мазмұны мен лингвистикалық ережелеріне аса мән беру қажеттігін баса айтса, ал Н.Қарағойшина сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолдану жағдайы әлі де төмен екендігіне тоқталып, бұл тергеу органдарының қызметкерлері мен адвокаттардың қазақ тілін меңгеру деңгейіне байланысты болып отырғанын тілге тиек етті, өз кезегінде ЖС Төрағасының кеңесшісі А.Мәлікова қылмыстық істерді тергеудегі тіл мәселелеріне қатысты орын алған кемшіліктерге жан-жақты тоқталды. Шымкент қалалық сотының алқа төрағасы Е.Жанғазин өз баяндамасында жергілікті соттардың сот төрелігін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік тілде талап қою арыздарын аз жазатын банктер мен ЖШС-лар және т.б. мекеме, ұйымдарды сынға алып, қазақ тілін кеңінен қолдануға қатысты нақты ұсыныстарын ортаға салды. Жиында Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстық соттарының төрағалары, Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің Аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі А.Мәтжан, Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Б.Ержаппар, Түркістан облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары Ә.Сейдуалиев, облыстық Адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы Қ.Қамбаров, Жамбыл облысы Нотариаттық палатасының төрайымы Л.Сырғабаева, ардагер судья А.Елшібаев және Билер кеңесінің мүшесі Н.Мұсақұлов заңнама мен құқық салаларындағы қазақ тіліне қатысты орын алған өрескел кемшіліктерге терең талдау жасай отырып, мазмұнды әрі мәнді баяндамалар жасады. Бұл баяндамаларда сот төрелігін мемлекеттік тілде сапалы жүзеге асырудың маңыздылығын және оны жетілдіру қажеттігін атап өтіп, сот төрелігін жүзеге асыру кезінде жергілікті соттардағы тіл қағидатының жағдайына жан-жақты тоқталып, оны жақсартуға бағытталған нақты шараларды іске асыру мақсатында бірқатар ұтымды ұсыныстар айтылды. Осылай жиынға қатысушылар сот төрелігін мемлекеттік тілде сапалы жүзеге асырудың тиімді жолдарын көрсетіп, және оны одан әрі жетілдіруге бірлесе күш салуға уағдаласқаны есімде.
Бұл маңызды жиындардың мақсаты, сот жүйесінде қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту және елімізде өзекті болып тұрған тіл мәселесін жүзеге асыруға әрбір азамат атсалысуы тиіс екендігі де қадап айтылған еді! Cонымен қатар, конференция қабылдаған Қаулыда жыл сайын аудандық, қалалық, облыстық және мамандандырылған соттарда мемлекеттік тілді қолданылу жағдайы «дөңгелек үстел» мәжілістерінде, семинарларда және төрағаның қатысуымен өтетін жиындарда талқыланып тұруы талап етілді.
Қаулының талабына сәйкес арғы жылы ШЫмкент қалалық соттың мемлекеттік тіл бойынша үйлестіруші судьясы Тамара Смайлова наурыз және қыркүйек айларында «Талап қоюды мемлекеттік тілде ұсыну» атты «дөңгелек үстел» мәжілісін, одан кейінірек семинар өткізді. Мәжілісте сөйлеген судья Сәуле Сакова өткен жылы қазақ тілінде қаралған істердің саны алты пайызға артқанын айтты.
Қазағы қалың деген Шымкенттің өзінде, кейбір бауырларымыздың сотқа талап арыз немесе «Е-өтініш» жазғанда қазақ тілін қолданбай, орыс тілінде жазатындары жетерлік. Қазақша өтініш жаз десең, орысшалап заявление жазады. Мұндай қазақтарға неге мемлекеттік тілде жазбайсыз десең, «орысша оңай, қазақша қиын» деп жауап береді. Осындай оғаштау әрекеттерімен қазақ тілін тең тіл етпей, кем тіл етіп жүрген қазағымыз аз емес. Енді біз, мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты орын алған осындай олқылықтардың алдын алуымыз қажет! Ол үшін, Сіз бен біз тіл мәселесін күн тәртібінен түсірмеуіміз қажет!
Еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттігін нығайтуда қазақ тілін күнделікті өмірде қолданудың мәні мен маңызы зор. Демек, қазақ тілін – мемлекеттік тіл мәртебесіне жеткізу аса маңызды мемлекеттік және бүкілхалықтық іс! Сондықтан да тіл мәселесі – ел мәселесі деп қарап, қазақ тілін дамытуға әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек! Сонда ғана ана тіліміздің қолданыс аясы артып, шын мініндегі мемлекеттік тіл мәртбесіне жетеді!
Қабыл ДҮЙСЕНБИ,
«Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері, сот жүйесінің үздігі.
