Біле жүріңіз

Қалжа – тағам ғана емес, тәрбие институты

Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінде ұлттың өміршеңдігін сақтаған құндылықтардың бірі – ана мен балаға деген ерекше қамқорлық. Соның айқын көрінісі – қалжа беру дәстүрі. Көпшілік қалжаны босанған әйелге сойылатын қой деп қана түсінеді. Алайда этнографиялық тұрғыдан қарағанда, қалжа – жай ғана тағам емес, ол ана денсаулығын қалпына келтіруге, ұрпақтың амандығын қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік әрі медициналық мәні бар ұлттық институт.

Қазақ халқында әйелдің ана атануы тек отбасының ғана емес, күллі әулеттің қуанышы саналған. Сондықтан босанған келінге арнайы мал сойылып, оның еті мен сорпасы жас анаға арналып берілген. Бұл – ананың еңбегін бағалау, денсаулығын күту және жаңа туған нәрестенің болашағына деген жауапкершіліктің белгісі. Этнограф Халел Арғынбаев қазақтың отбасылық салт-дәстүрлерін зерттей отырып, босанған әйелге ерекше күтім жасау көшпелі өмір жағдайында қалыптасқан тәжірибелік білімнің нәтижесі екенін көрсетеді. Қазақ қоғамында жас ананың алғашқы қырық күндегі күтімі отбасының ғана емес, бүкіл әулеттің ортақ міндеті саналған.

Ғылыми тұрғыдан қарасақ, бұл дәстүрдің астарында терең физиологиялық негіз жатыр. Босанғаннан кейінгі алғашқы алты апта – әйел организмі үшін ең жауапты кезеңдердің бірі болып саналады. Осы уақытта ағзаға жеткілікті ақуыз, темір, дәрумендер мен сұйықтық қажет. Дәстүрлі қалжа тағамы – жас ет пен құнарлы сорпа – дәл осы қажеттіліктерді қамтамасыз еткен табиғи ас мәзірі болған. Сондықтан қазақ халқы ғасырлар бойы ғылыми терминдерді білмесе де тәжірибе арқылы босанған ананың дұрыс тамақтануы оның сауығуына және сәбиін емізуіне тікелей әсер ететінін жақсы түсінген.

Қалжа дәстүрінде тек тағамдық емес, тәрбиелік мән де бар. Жас анаға ауыр жұмыс істетпей, тынықтырып, оған үлкен әйелдердің көмектесуі қазақ қоғамындағы әлеуметтік қолдау жүйесінің үлгісі болды. Қазіргі тілмен айтқанда, бұл – босанған әйелдің психологиялық және физикалық реабилитациясының халықтық моделі.

Қалжаға қатысты халық арасында тағы бір таным қалыптасқан: қойдың мойын омыртқасын жас ана мүжіп болған соң, оны сындырмай керегеге іліп қойған. Мұның астарында «нәрестенің мойны тез бекісін, өмірі ұзақ болсын» деген ізгі тілектер жатқан. Осындай ырымдар арқылы адамдар болашаққа деген үмітін, ақ ниетін білдірген.

Қазіргі кезде қалжа беру дәстүрін сақтап жүрген отбасылар бар, бірақ оны ұмытып бара жатқандар да кездеседі. Уақыт өзгергенімен, бұл дәстүрдің мағынасы өзгермеуі керек деп ойлаймын. Себебі қалжа – жай ғана қой сою емес, ол – анаға деген құрмет пен қамқорлықтың белгісі. Босанған ананың жағдайын жасап, жанынан табылып, қолдау көрсету – қай заманда да маңызды.

«Алып – анадан туады» дейді дана халқымыз. Демек, дені сау ана – дені сау ұрпақтың кепілі, ал дені сау ұрпақ – мемлекеттің ең үлкен байлығы. Қалжа дәстүрі осы қарапайым ақиқатты ғасырлар бұрын-ақ халықтың тұрмыс-тіршілігіне енгізе білген. Сондықтан қалжаны тек салт ретінде емес, анаға деген құрметтің, отбасы бірлігінің және ұлт саулығын ойлаған даналықтың белгісі ретінде бағалауымыз қажет.

Д.Керімбекова,

«Ұлы Дала Елі орталығының» қызметкері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *