Басты жаңалықтар Мәселе

Астана барғанша асхана таппадық

Жуырда Астанаға жол тарттық. Тараздан өткен соң біз ойламаған жайсыз жайттарды бастан кешірдік. Дәлірек айтқанда, ұзақ жолда бір сәтке аяқ созып, тамақтанатын тәуір орын таппадық. Шудан өткенде бір асхана бар екен. Тамақтанып отырған адам қарасы аз. Даяшылардың клиенттерге қызмет сапасы өте төмен, үш-төрт мәрте шақырып жүріп әрең келтірдік. Дастархан бетін сүртіп, тазалап жіберуін сұранғанымызда әркім өзінің алдын тазаласын деді ме, әйтеуір шүберекті алдымызға тастай салды. Сол кезде біздің орнымызда шетелдіктер болғанда қандай күй кешер еді деп ойладық. Сонысына қарамастан, тағамдарының бағасы арзан емес екен. Екі порция тамақ пен бір шәйнек шәй үшін 7500 теңге тастап кеттік. Шымкентте бұл қаражатқа жуан тойып алуға болады.

Жайсыздық мұнымен шектелмеді. Жол – жөнекей әжетхана таба алмай бір қиналсақ, жанармай құю бекетінің жоқтығы тағы біраз уайымға салды. «Ұлы сөзде ұят жоқ» дегендей, амалсыздан табиғи қажеттілікті жол жиегінде өтеуге тура келеді екен. Ал ойламаған жерден аз безинмен шыға қалсаңыз, жолда қалуыңыз әбден мүмкін. Сондықтан да үздіктіріп барып жолыққан жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек.

Шымкент пен Астананың ара қашықтығы шамамен 1600 шақырымды құрайды. Бұл қашықтықты көлікпен 15-16 сағатта жүріп өтуге болатынын ескерсек, кемі жолда екі-үш рет тамақтану керек. Бірақ жол-жөнекей жөні түзу асхана табу қиын. Шудағы асхананың жағдайын жоғарыда айттық, ал одан әрі осындай асханаға да зар болады екенсің. Барар жолда аялдамаларда шоғырланып отырған адамдарды көргенде демалып отырған болар деп ойлағанбыз. Сөйтсек, олар аялдамалардағы орындықтарға қағазды жайып жіберіп, тамақтанып отырғандар екен. Мұндай боларын білмегендіктен жолға тамақ алып шықпаған едік, амалсыздан құрғақ тамақты қанағат тұтуға тура келді.

Астанаға бір барып келгендегі ойға түйгенім, осындай ұзақ жол бойына жолаушыларға бірінші кезекте қажетті асхана, дәретхана, жанармай құю бекеттерін көбейту керек екен. Туризмді дамытуды ойласақ, осы кемшіліктердің орнын толтыру маңызды. Ол үшін кәсіпкерлерге Үкімет тарапынан да көмек қажет екені айдан анық. Жер телімін заңдастырып, жеңілдетілген несиеге қол жеткізуде жәрдем етсе, одан арғысын кәсіпкерлердің өздері-ақ дөңгелетіп әкетер еді. Оңтүстік өңірде мұндай қажеттіліктің барлығы жолға қойылған. Жолаушыларға жайлы, кәсіпкерлердің жұмысы жүріп тұр. Жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған. Мысалы, Шымкент-Ташкент, Шымкент-Тараз бағыттарының ара қашықтығы бар болғаны 120,150 шақырым. Осы аралықтың өзінде қаншама асхана мен жанармай құю бекеттері бар. Таңдау жасайсың, ал Астана бағытында оларды тапқаныңа қуанасың.

Жиі сапарлайтындардың барлығы біледі, Сарыағашқа жақын маңда және Тараздың айналма жолы бойында «Мақтаарал» дәмханасы бар. Тамағы дәмді, тазалығы жақсы. Дәретхана мен намазханасына дейін салып тастаған. Ауыр жүк көліктері аялдайтын орын, қажет десеңіз, қонақүйі де бар. Онда қашан барсаңыз да бос орын жоқ, тамақтанып отырған жолаушыларға толы. Солай болса да әрбір клиентке жылдам, сапалы қызмет етіп, демнің арасында тапсырыс берген дәмді тағамды әкеле қояды. Тіпті, осында гәп өткізуді дәстүрге айналдырған әйелдерді жиі байқауға болады. Осы дәмхананың арқасында жүздеген жергілікті тұрғын тұрақты нәпақасын тауып жүр.  Міне, мұны туризмді дамытуға қосып жатқан үлес деп айтуға болады. Осы «Мақтаарал» тамақтану орнының иесіне Тараз-Қарағанды жолындағы Шығанақ немесе Сарышаған қалаларының тұсына да осындай дәмхана ашса екен деген ұсыныс-тілегімізді айтқымыз келеді. Жолаушылардан бөлек мұнда жақын маңдағы қалалар мен елді мекен тұрғындары да тұрақты клиентке айналған болар еді.

Әрине, ол үшін жергілікті атқарушы биліктің де қолдап-қуаттап, коммунакация мәселесін шешіп беруі маңызды. Сонда жолаушыларға да жайлы, туризмнің дамуына да себеп. Біз Шымкенттен Астанаға апарар күре жолдағы жағдайды айтып отырмыз, ал басқа шалғай өңірлерге апарар жолда қандай қиындықтарға тап боларымызды кім білсін?!

Балқы БАЗАР.  

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *