Ұрлық түбі қорлық. Мұны кейбіреулердің түсіне бермейтіні өкінішті. Ал түсінбеу, білмеу — заң алдындағы жауапкершіліктен құтқармайды. Ұрлықтың үлкен-кішісі болмайды. Аяқ киім ұрлаған да, төрт түлікті қолды еткен де жазасыз қалмауы тиіс.
Қылмыстың құрықталуына қарапайым тұрғындар да жәрдем беруі керек. Мәселен, орын алған қылмысты көріп, біліп тұрып, тиісті орындарға хабарламаудың өзі қылмыс екенін жұрт көкейіне орнықтыру керек. Бұл міндетке адал болу әрбір азаматтың борышы болып қалыптасқаны жөн. Соған байланысты қылмыстық қудалау органдары да әрбір арыз-шағымға мұқият болып, сапалы зерттеп, нәтиже шығаруды басты міндеті ретінде қарауы керек. Сонда ғана қоғам үшін ортақ мәселенің шешімі табылған болар еді.
«Ауылдың сыртында үлкен қойма болатын. Соның КСРО кезінде қалың темірден салынған 6 метрлік, құны 10 миллион теңгелік қақпасын жуырда біреулер ұрлап кетіпті, — дейді Шардара ауданындағы Қызылқұм ауылының тұрғыны Бекмұрат есімді жігіт. — Бұл қойма бұрын мемлекеттің меншігі ретінде халыққа қызмет ететін. Кейін «НИМЕКС» компаниясы селитра сақтап таратып жүрді. Қойма соңғы кезде бос тұрған. Қақпа кетті, енді есік, терезесі ұрланады, солай дайын мүлік жоқ болады. Мен «НИМЕКС» компаниясының бір қызметкерінен сұрасам, олар қойма өз меншігі еместігін айтты. Ауыл әкімі Марат Байыров пен ауылдың учаскелік полиция қызметкері Марат Тұрғынбаевқа ескерткенімде алғашқысы бұл жайттан бейхабар екенін айтса, инспектор «қақпа «НИМЕКС» компаниясына қаншалықты тиесілі екенін анықтап, тиісті жауабын беретінін алға тартады. Әрине, мүлікке қарауыл болу әкімнің қызметіне кірмейтін шығар, бірақ ұрлықты болдырмауға пейілді емес пе? Ол қақпа кімнің меншігі болғандығына қарамастан дайын мүлік орнында тұруы керек. Әйтпесе, бүгін қақпа ұрлағандар ертең одан да үлкен қылмысқа баратыны ғажап емес».
Сонымен, бағасы 10 миллион теңге тұратын қақпа ұрланды ма, жоқ әлде иесі сатып жіберді ма? Алдағы уақытта бұл жөнінде М.Тұрғынбаевтың ақпаратына сүйеніп, қосымша мәлімет беретін боламыз.
Н. БЕКМҰРАТОВА.