Шымкент қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында кезекті баспасөз мәслихаты болып өтті. Брифингте қала әкімінің орынбасары – әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек Шымкенттегі қоғамдық-саяси ахуал бойынша баяндама жасады.
«Алтын белгіден» 670 түлек үміткер
2024 – 2025 оқу жылы аяқталуда. Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен биылғы соңғы қоңырау 23-мамыр күніне белгіленген. Осыған байланысты 1 – 10-сынып оқушыларына сынып сағаттарында жазғы каникулды тиімді өткізу, қоғамдық тәртіпті сақтау, суға шомылудағы және басқа да жайларға қатысты қауіпсіздік шаралары бойынша бағыт-бағдарлар ұсынылатын болады. 11-ші, бітіруші сынып түлектері үшін салтанатты іс-шаралар жоспарланған.
Шымкент қаласында 290 мектеп бар, онда 271 мың 316 бала оқиды. Биыл 9-сыныпты бітіретіндерінің саны 24 мың 294 оқушы, оның 1423-і үздік аттестатқа үміткер. 11-сыныпты 15 мың 891 бала бітіреді, оның 670-і «Алтын белгіге», 1078-і үздік аттестатқа үміткер.
9693 бала тегін демалады
Қалада 240 мың 716 оқушының жазғы демалысын ұйымдастыру үшін жоспарлар жасалып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Аз қамтылған отбасылардан шыққан 9693 баланы қаладан тыс жерлерде орналасқан лагерьлерде сауықтыру бойынша бюджеттен 7509,1 миллион теңге қарастырылып отыр. Яғни әр балаға 75 мың теңгеден тиесілі. Бұл сомадағы қаржы сондай-ақ балалар үйлерінің тәрбиеленушілері мен дарынды 360 баланың лагерьдегі демалысы үшін де бағытталмақ. Әкімдікке тиесілі «Ақсу» лагерінде 1200 баланы әрқайсысына 43 мың 248 теңге көлемінде қарастырылған қаржыға сауықтыру жоспарланған.
Қос субұрқақ іске қосылды
Шымкентте таяуда тағы да екі субұрқақ іске қосылды. Оның біреуі – «Шым-Сити» саябағындағы музыкалы субұрқақ. 234 сушашқыштан тұрады, аумағы 64,22 метрді құрайды. Субұрқақ суды 3 метрден бастап, 25 метр биіктікке дейін бұрқайды. Бірнеше көптүсті жарық диодтарымен жарақталған, түрлі динамикада ерекше су көріністерін бере алады.
Ал «Жайлаукөл» саябағындағы ерекше субұрқақтың биіктігі 80 метрді құрайды. Осы екі субұрқақ та бүгінде қосымша тестілеуден өткізілуде. Олардың жалпы және сапалы жұмысын әкімдік қызметкерлері қадағалап отыратын болады.
Қайтарымсыз грант конкурсы басталды
21-мамырда әлеуметтік топтардың бизнес-идеяларын қолдауға арналған 400 АЕК (1 миллион 572 мың 800 теңге) көлеміндегі қайтарымсыз гранттар конкурсына құжаттар қабылдау басталады. Бұл конкурсқа «Бизнес. Еңбек.КЗ» порталы арқылы өтінім жолдап қатысуға болады.
Жастар үй иелене алады
Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша 5 жыл мерзім биыл аяқталды. Әкімшілік бұған байланысты да жан-жақты жұмыстар жүргізген. Көп жастар тарапынан пәтерлерді өздерінде қалдыру бойынша өтініштер түскен, олар қаралған. Әзірге ондай өтініштерді орындау мүмкін болмай отыр. Бұған байланысты Үкімет деңгейінде жұмыс тобы құрылып, Үкімет басшысы орынбасарының жетекшілігімен арнайы бағдарлама әзірленген. Бұл жастар бағдарламасына қатысушылардың «бізді кезектен шығарып тастады, қайтадан кезекке тұра алмаймыз», «ол кезекті қаншама жыл күту керек» деген сияқты әртүрлі уәждері де қарастырылған. Биылғы наурыз айында Шымкент қаласы әкімдігі мен «Отбасы-Банк» АҚ арасында қамқор ынтымақтастық туралы келісім жасалған. Сатып алу құқынсыз жалға берілген пәтерде тұрып жатқан жастар осы «Қамқор» өңірлік бағдарламасы арқылы несие алса болады. Несиенің шегі 20 миллион теңгені құрайды. Бастапқы жарна – 10 пайыз, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5 пайыздан аспайды. Несие мерзімі 16 айдан аспайды.
Бұрынғы «Шаңырақ» бағдарламасы жастарға пәтерді мемлекет бюджеті тарапынан жаңадан салынып жатқан бірінші нарықтағы үйден ғана алуға мүмкіндік беретін еді, енді «Қамқор» бағдарламасы шеңберінің аясында екінші нарықтан да пәтер алуға мүмкіндік бар. Тіпті жер үй аламын дейтіндерге де жағдай жасалып отыр.
Бұрынғы бағдарлама бойынша 5 жылға жалға берілген баспана үшін жастар айына 15-20 мың теңгеден төлеп отырған. Алайда бұл бағдарламаға қатысушы жастар арасында тіпті коммуналдық төлемді де төлемей отырғандары бар екені анықталған. Бүгінгі таңда коммуналдық төлемдерге мұндай қарыздың жалпы көлемі 74 миллион теңгені құрап отыр.
Бүгінгі деректер бойынша аталған бағдарлама аясында Шымкентте 891 отбасының 169-ына банкке жолдама берілген. Осының ішінде 13 отбасы тұрғын үймен қамтылған. 20 отбасыға несие беруден бас тартылған, оларға несие тарихын түзеп бағдарламаға қайта қатысуына мүмкіндік беріліп отыр. Айта кететін жай, бағдарламаға қатысушылардың арасында 26 азаматтың меншігінде жылжымайтын мүлік тіркелгендері де бар екені анықталған, олардың 14-імен жалдау шарты бұзылған, олар пәтерлерді босатуы тиіс. Жалпы, жұмыс істейтін жастарға арналған «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша сатып алу құқынсыз жалға берілген баспаналарды 5 жыл жалдау мерзімі аяқталған азаматтар енді заңда бекітілген шекті мерзім аралығында ол пәтерлерді босатулары керек.
Алаяқтық азаймай тұр
Тергеу органдарының өндірісіне өткен аптада жалпы 119 іс жолданған. Оның ішінде жиі тіркелгендері алаяқтық қылмыстар болып отыр, олардың саны – 39. Әсіресе «пәтер әперем», «жер әперем» деген желеумен жұртты тақырға отырғызып жүргендер көп.
Балаға мұқият болыңыз
11 іс есірткінің заңсыз айналымына қатысты. Алаяқтардың бұл іске кәмелетке толмағандарды тартып жатқан жағдайлары да бар. Сондықтан ата-аналар балаларына мұқият болғаны абзал. Жастарға бүгінде білім алуға, спортпен шұғылдануға, өнермен айналысуға, мемлекеттік органдарға қызметке тұруға, жұмысқа орналасуға барынша мүмкіндік жасалып жатыр. Сондықтан жастар жаман әдеттерден аулақ болып, өзінің жарқын болашағы үшін өзін-өзі дамытып-жетілдіруі керек.
Жол-көлік оқиғасы жиіледі
Қалада жол-көлік оқиғалары артуда. Мысалы, өткен аптада 10 іс жол-көлік оқиғаларына байланысты тіркелген. Жылдамдықты арттыру, көлікті басқарып келе жатып қалта телефонымен сөйлесу салдарынан көлік соқтығысуы, жаяу жүргіншілерді қағып кету оқиғалары орын алуда. Жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерден өтуі де тыйылмай отыр. Осындай жайлар да бірнеше қылмыстық іске себеп болған.
Кәмелетке толмағандардың скутерлер мен электронды самокаттарды жол ережесін сақтамай басқаруы да өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Сондай-ақ қалада қалта ұрлықтарының саны да артып келеді. Сондықтан жұртқа қырағы болу жағы ескертілуде.
…Қала әкімінің орынбасары – әкімдіктің ресми өкілі өткізген брифингте осындай жайлар баяндалды. Жиын соңында С.Құранбек БАҚ өкілдерінің өткен мәжілісте және осы жолғы брифингте қойған бірқатар сұрақтарына жауап берді.
Д. ОРАЗ.