Басты жаңалықтар Мәселе

Тасқынға қашан тосқауыл боламыз?

Өткен апта Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен бірнеше аудан тұрғындары үшін оңай болмады. Әсіресе жаңадан құрылған Сауран ауданы табиғаттың тосын сыйына тап болды. Жауын-шашынның шамадан тыс көп жаууына және қар, мұздықтардың еруінен арық-атыздарда судың тасуына байланысты бұл ауданда бірнеше елді мекенге су кірді. Бір ғана Шаға елдімекеніндегі 50 түтіннің ауласын су алып, 120 тұрғын үйдің адамдарын көшіру жұмыстары жүргізілген. Қатты жауған жаңбыр мен еріген қар суының әлегі Бәйдібек ауданында да сезілсе, Кентау, Арыс қаласы мен Отырар, Ордабасы, Созақ аудандарында жағдай жергілікті әкімдіктің бақылауында болып, тұрғындар әбігерге түсе қоймады.

Тасқынның көше қуалап, үй аулаларына кіргені жайында мәлімет тараған бойда Түркістан облысына Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің өзі шұғыл түрде жетті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаевпен бірге су басқан және қаупі жоғары аймақтарды тікұшақ арқылы аралап көрді. Су ортасында қалған үйлер мен қора-қопсыға келген шығын әлі нақты есептелген жоқ. Абырой болғанда адам шығыны орын алмады. Дегенмен, көңіл толмайтын біраз жайттар бар. Тасқын болардан бір апта бұрын Оңтүстікке Премьер-министр Әлихан Смайылов келіп кетті. Үкімет басшысы жай келмеді, төтенше жағдайдың боларын болжап, дайындық жұмыстарын күшейту керектігін ескертіп кетті. Бірақ сонда да сақадай сай дайындық жасалмаған секілді. Әйтпесе ауа райын болжаушылар тарапынан қатты жауын болатыны алдын ала айтылып, салдарынан сең жүретіні белгілі еді. Өйткені, қара жер әлі де қалың «ақ төсенішке» көміліп, өзен-сулардың беті мұз құрсауынан құтыла қоймаған. Оның үстіне жердің де тоңы жібіп үлгермеді, яғни су жерге сіңбейтіні белгілі еді. Осының барлығы тасқынның орын аларына себепші еді.

Әрине,билік басындағылардың барлығы ай қарап, жұлдыз санап отырды десек, шындыққа көлеңке түсіріп алған болар едік. Тиянақты дайындық, тыңғылықты тірліктің арқасында Түркістан қаласындағы канал суы арнасынан аса қоймаса, Бәйдібек ауданы жақтан құлдилай ағып келе жатқан су бағытын ордабасылықтар алдын ала тазартылған арықтар мен каналдарға бұрып үлгерді. Арыстың әкімі Гүлжан Құрманбекованың да жанкештілігінің арқасында арыстықтар тасқын қаупін сезбеді. Аудан басшылары тасқынға дайындық үшін әр ауылдық округтің әкімдеріне мың қапқа құм толтырып қоюды тапсырған. Ол жұмыстарға белсенділер мен ауыл тұрғындары айрықша атсалысқан. Апта соңында тиісті сала мамандары тарапынан қауіптің сейілгені айтылды.

Көршісі қиын жағдайға тап болғанда көптеп-көмектеп қол ұшын беру қазақтың қанында бар асыл қасиет қой. Көпшіліктің қолдап-демеуінің арқасында көптеген ауылдар тасқын судан аман қалды. Кейбір айтылып жатқан мәліметтерге сенсек, тасқынның қаупін жою үшін ел қазынасынан 2 миллиард теңге қаражат бөлінгенге ұқсайды. Мұнша ақшаның қайда жұмсалғанын тиісті сала мамандары сараптап айтып, жіліктеп көрсетіп бермесе, қарапайым халық үшін беймәлім жағдай болып тұр. Әйтеуір, халықтың қайғы-уайымынан да пайда көргісі келгендер болмаған шығар деген ойдамыз. Күдік-күмәнді ойларды сейілту үшін билік төтенше жағдайға байланысты қанша қаражат қайда жұмсалғанын ашық түрде айтуы тиіс деп ойлаймыз. Бұл алдағы уақыттағы жауапкершілікті күшейту үшін де қажет дүние.

Ұ. ТӘМЕН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *