Биылғы қыс қаһарына мініп тұр. Суық
күндердің созылуы көмірге деген сұранысты арттыруда. Қаражаттан қысылғандар
арасында қатты отынды үнемдеймін деп салқын үйде отырғандар қаншама? Ақшасы
бола тұра көмір таппай жүргендер де аз емес. Осынау себептердің салдарынан
көмір бағасы аспандап шыға келді.
Шалғай ауылдарда тұратын азаматтардан хабарласып білгеніміздей, кейбір аудандарда қара отынның тоннасы 40-45 мың теңгеге дейін көтеріліп кетіпті. Қыс келсе байланыс қиындайтын Теріскейде жеке кәсіпкерлер Жаңақорғанға дейін көмір іздеп барып жүр екен. Ал, Созақ аудандық «Аманат» партиясының жетекшісі Ернар Сағындық әзірге ешкімнің көмір сұрап келмегенін айтады. Суық күндердің әлі де біраз уақытқа созылуы мүмкін екенін ескерген аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков Түркістан мен Шымкент қаласынан бірнеше воган көмір алдырып, қор жасақтап қойыпты.
Әр ауданда қалыптасқан жағдай
әртүрлі. Мәселен шардаралық тұрғындар Сарыағаштан тасымалданатын көмірдің
бағасы 45 мың теңгеге көтерілгенін айтып қынжылады. Жетісайлық белсенді Ермек
Байбосын көмірге қатысты ойын былай деп жеткізеді: «Көмір бағасына әкімдер
ықпал ете алмайды дегенді үйреніп алған. Бұл, әрине, халықтың наразылығын
тудырмау үшін керек болар. Өйткені осыдан бір жыл бұрын «газ бағасына мемлекет
араласпайды» деген әкімдер мен министрлердің жағдайы не болғанын ешкім ұмыта
қойған жоқ. Сондықтан бағаны реттеуді жергілікті биліктің қолына берген дұрыс. Билік
қолындағы бар мүмкіндікті жасап, маусым кезінде кез-келген заттың бағасын
тұрақты ұстап тұруға күш салу керек. Кәсіпкерлерге қойма дайындап беріп, басқа
да түрлі жеңілдіктер жасаса олар да жаз мезгілінде көмір қорын артығымен
жасақтап алар еді. Мұндай жағдай жасалмаса көмір мәселесі әр қыс сайын
қайталанатыны түсінікті. Әсіресе, темір жол тартылмаған шалғайдағы Шардара, Мақтаарал,
Жетісай, Келес аудандарына ахуал күрделене түседі. Аш адам ашушаң, жаураған жан жанкешті боларын ұмытуға болмайды.
Ә.НАУАЙЫ.