Әлеумет

Бір басында –1015 пәтер…

Өткен аптада мынадай деректер жарияланды: «Отбасы банк» төрайымы Ләззат Ибрагимова алтыдан онға дейін пәтері бар қазақстандықтардың санын айтты. Бұл туралы «КТК» телеарнасының сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Телеарнаның мәліметінше, 17 мың қазақстандықтың алтыдан онға дейін пәтері бар. Олардың арасында бір отбасының мүшелері де болуы мүмкін. Мұндай деректерді «Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимова Сенаттың бұрынғы төрағасы Мәулен Әшімбаевтың подкастында бөліскен.

«Тұрғын үй иелерінің 78 пайызы – бір ғана баспанасы барлар, бұл – 4,2 млн адам. Екі пәтері барлар бізде – 1 млн-ға жуық азамат. Үш пәтерден – 219 мың адамда бар. Қуануға болады, бұл – орта тап. Төрттен бес пәтерге дейін – 82 мыңға жуық адамда. Ал 17 мың адам – алтыдан он пәтерге дейін иеленіп отырғандар», — деді Ибрагимова.

Сонымен қатар оның мәліметінше, Қазақстанда 1,1 млн-ға жуық азаматтың жеке баспанасы жоқ. Мұның өзі – тек кезекте тұрғандар саны.

Бұл ретте «Отбасы банк» алдағы бес жылда үй алуға қауқарлы клиенттер ағыны артады деп болжайды. Қаржы институты мұндай болжамды қазақстандықтардың орташа жасымен байланыстырып отыр, ол бүгінде – 29 жас. Жақын арада азаматтардың дәл осы санаты ипотека рәсімдеуге және пәтер сатып алуға дайын болады».

Биылғы наурыз айында бірқатар ақпарат құралдарында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына сілтеме жасала отырып, осы тақырып төңірегінде мынадай деректер жарияланғаны есте: «Елде 10-нан астам пәтері бар 1267 адам тіркелген. 2026 жылғы 27 ақпандағы дерек бойынша екіден көп пәтері бар азаматтар саны – 172 236, бес пәтерден көп жылжымайтын мүлкі барлар – 11 072, 20-дан көп пәтері бар 281 адам, 50-ден астам пәтерге ие 74 адам бар. Сонымен қатар бір жеке тұлғаның атына тіркелген пәтерлердің ең көп саны 1015-ке жеткен. Жалпы Қазақстан бойынша 3 470 289 пәтер тіркелген.

Мамандардың айтуынша, көптеген мәмілелерді қарапайым сатып алушылар емес, тұтас подъездерді сатып алатын ірі инвесторлар жасайды».

Ал, мысалы Шымкентте меншігінде бір пәтер иеленуі үшін адамның қанша ақшасы болуы керек? Бұған қатысты арнайы сайттарды қарап көрдік. Онда қала орталығындағы «малосемейкадағы» бір бөлмелі пәтер бағасы 5,5 миллион теңге деп көрсетіліпті. «Шығыс» шағынауданындағы 103 сериялы біреуіне иесі 11,5 миллион теңге сұрайды. «Спорт» шағынауданында – 15 миллион, «Солтүстік» шағынауданында 16 миллион теңгеге, 8 шағынауданда — 17 миллион теңгеге бағаланған бір бөлмелі пәтерлер бар. Гагарин көшесіндегі бір пәтердің құны «20 миллион», Бәйдібек би даңғылындағы тағы біреуінікі «25 миллион» деп көрсетіліпті. Яғни пәтерлер бағасы жай-күйіне, үйдің орналасқан аумағына, пайдалануға берілген жылына қарай өсе береді деген сөз.

Мысалы, «Студенттер қалашығындағы» екі бөлмелі бір пәтер құны 13,5 милион теңге деп көрсетіліпті. Әл-Фараби ауданындағы осындай пәтерге иесі 17 миллион теңге сұрайды. 17 шағынаудандағы біреуінің бағасы — 21 миллион теңге. «Жұлдыз» тұрғын алабындағы ауласында гаражы, 6 соттық жері бар біреуі 25 миллион теңгеге бағаланған. «Асар-2» шағынауданында біреуі 33 миллион теңгеге, Т.Рысқұлов даңғылындағы біреуі 40 миллион теңгеге сатылмақ.

Үш бөлмелілердің «Сайрам» көшесіндегі біреуі 19 миллион теңгеге, «Төменгі Отырардағысы» — 25 миллион, Бәйдібек би даңғылындағысы — 27 миллион, «Асар» шағынауданындағысы — 35 миллион, «Нұрсәт» шағынауданындағысы — 53 миллион, Қ.Төлеметов көшесіндегі біреуі 57 миллион теңгеге сатылымға қойылыпты.

Ш.Уәлиханов көшесіндегі төрт бөлмелі бір пәтердің иесі меншігіне 25 миллион теңге, Тәуке хан дағылындағы біреуінікі 32 миллион, «Сайрам» көшесіндегісінікі 40 миллион сұрап тұр екен. «Нұрсәт» шағынауданында орналасқан біреуі «70 миллион», орталықтағы біреуі «80 миллион», Т.Рысқұлов даңғылындағы біреуі «88 миллион теңге» деп тұр.

Қалада жаңа тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер, әрине, біршама қымбаттығымен ерекшеленеді. Мысалы, сондай тұрғын үй кешендерінің бірінде бір бөлмелі пәтер бағасы 28, екі бөлменікі 36, үш бөлмелінікі 45 миллион теңгеден басталатыны көрсетіліпті. «1 шаршы метр құны 518 мың теңгеден басталады» деп айтылады. Тағы бірінде бір бөлмелі пәтер құны 21,5 миллион теңгеден, екі бөлмелінікі 26,6 миллион теңгеден, үш бөлмелінікі 38,7 миллион теңгеден басталады деп көрсетілген. Үшінші біреуіндегі бір бөлмелі пәтер бағасы «41,9 миллион теңгеден басталады» делінген.

Жалпы, Шымкент еліміздегі жылжымайтын мүлік бағасы қымбат «үштікке» кіреді. Бұл көрсеткіш бойынша алдында тек Алматы мен Астананың ғана тұрғаны түсінікті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *