Онда қардың қалыңдығы 8 метрге дейін жетеді
Әлемде қысы-жазы қардан арылмайтын, қар бір жауса, бірер метрге дейін үйіп тастамай тоқтамайтын жерлер бар. Мысалы, Гренландия. Әлемдегі ең үлкен арал. Ол қысы-жазы қар мен мұздың астында жатады.
Дегенмен дүние жүзіндегі ең қарлы ел деп Жапония саналады екен. Бұл елге қарасты Хонсю аралындағы Аомори қаласы – әлемдегі ең қарлы қала. 300 мыңдай тұрғыны бар Аомориде қыс қараша айынан-ақ күшіне мініп, сәуір айында да тәуір болмай, қар жиі жауып тұрады. Мұнда бір айдың ішінде ғана жауған қардың биіктігі 1,5 метрге дейін жетеді және бұл Аомори үшін қалыпты жағдай саналады. Қар жамылғысының орташа жылдық қалыңдығы 7-8 метрге дейін жетеді.
Мұндай мол қарды бірден күреп тастау мүмкін емес. Сондықтан онда көшелерді эксковатормен және басқа да арнайы техникамен тазартады. Қыста қозғалыс мүлде тоқтап қалмасы үшін жолдар мен аяқжолдардың астымен ыстық су жүргізілген, кей тұстары арнайы жылытқыштармен жабдықталған, сондықтан қар астынан еріп, жерге сіңіп те жатады. Дегенмен төпеп жауған қар үсті-үстіне қалыңдай береді. Мұндайда тұрғындардың өздері де әрекет жасап, қар күрейді. Сондай сәтте олардың үйлерінің арасы бір-бірімен жалғасқан алып туннельге ұқсап кетеді.

Қала билігі техника бара алмаған жерлердің қарын күретіп, одан ұзын дәліздер пайда болады. Кей жерлері аязбен қатып, үлкен мұзды үңгір кейпіне енеді. Ал көшедегі ағаштардың сырт көрінісі мүлде өзгеріп, ертегі-аңыздардағы әлдебір алып тіршілік иелеріне ұқсап қалады. Жұрт осы дәліздер арқылы дүкен, мектеп, жұмыс сияқты қажетті жақтарына жаяу қатынайды. Олар бейне бір қар тауының ішінде жүргендей болады, өйткені үйілген қар қалыңдығы үйлердің екі-үш қабатына дейін жауып тұрады.
Бұлай болу себебі – Хонсю аралы тау мен мұхиттың қоршауында жатыр. Оған солтүстіктен Сібірдің суық, құрғақ ауасы барады да, Жапон теңізінің жылы ауасын өзіне сіңіріп ауырлайды, одан қалың бұлт түзіледі. Бұл бұлт барып тауға тіреледі, тау ылғалды ауаны жоғары қарай қуады. Көтерілген ауа суиды, ондағы ылғал Аомориге қар болып жауады.
Аомориде жеке үйлерді салғанда екінші қабатында есік болуына аса мән беріледі. Себебі қыста бірінші қабаттағы есікті ашу мүмкін болмай қалатын кездер көп. Ал жазда Аомори жасыл желекке малынған көркем қалаға айналады. Бұл қалаға әсіресе қыста туристер көп барады. Екі-үш қабатты үйдің бойындай биіктіктегі қар қаланы ертегідегідей ерекше тылсым сұлулыққа бөлейді.
Мұндай жағдай Хоккайдо аралының батыс жағалауындағы елді мекендерде де болып тұрады. Сөйтіп оны нағыз «Қар еліне» айналдырады. Саппоро, Акита, Тояма, Ямагата қалалары да «қарлы қалаға» жатады. Ал осыдан тура бір ғасыр бұрын, 1927 жылы Сига префектурасындағы Ибуки тауында қар жамылғысының қалыңдығы 12 метрге дейін жеткен екен.
