Қоғам

«БЫЛЫҚ БАСТАН…»

Білім саласындағы келеңсіздіктер  осыны айғақтай ма?

Түркістан облысының білім саласындағы былықтар жайлы естігенде атам қазақтың «Балық басынан шіриді» деген мәтелі еріксіз еске оралады екен. Неге десеңіз, бүгінде ел аузында гу-гу әңгімеге айналған, әлеуметтік желіде желдей ескен жайттардың дені жоғары жақтан болып жатқанын аңғаруға болады.

Алаш зиялылары «ұлт шамшырағы», «қоғам қайраткері» деп бағалаған ұстаздар қауымы бүгінде мұндай қадір-қасиетін көрсете алып жүр ме? Әрине, өңірімізде өз мамандығын құрмет тұтатын, бойындағы барын шәкіртіне дарытқысы келетін дарынды ұстаздар әлі де көп. Дегенмен, ұжымда татулық, сыйластық, жақсы аура болмайынша өз жұмысын жоғары деңгейде атқару қиын. Ал, мұндай аураны қалыптастыратын кім? Әрине, бірінші басшы. Өкінішке қарай, соңғы кездері осы бірінші басшыларға қатысты дау-дамайлар көбейіп тұр.

Ең алдымен бірінші басшы таңдаудағы орын алып жатқан әділетсіздіктер жайы жиі айтылып жүр. Мәселен, Ордабасы ауданы Ықыластемір ауылындағы М.Дулати атындағы мектептің ұстазы Хасен Ерімбетов былай дейді: «Басшы қоюдағы әділетсіздік бүгін басталған жоқ, бұрыннан бар «үрдіс». Менің қолымда білім басқармасының 2017 жылғы 10 қарашадағы 01/4656 санды құжат бар. Онда «Б.Төлтебай (29,3 балл), Ә.Исабекұлы (31,2 балл), М.Нұрбиге (33,4 балл) Ордабасы аудандық білім бөліміне қарасты Бөкейхан (мектеп атауы қате жазылған) атындағы жалпы орта мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бос тұрған директоры лауазымына жарияланған конкурсқа қатысуға» делінген. Бірақ неге екені белгісіз, осы жерде ең төменгі балл жинаған адам біздің мектепті басқаруға келді».

Осы Ордабасы ауданының білім бөлімінде біраз уақыттан бері бірінші басшы жоқ. Әрине, бұл осы қызметке лайықты азаматтың жоқтығынан емес, жоғарыдағы басшылардың түсініксіз әрекетінен туындап отырған түйткіл секілді. Өткен айда аудандық білім бөлімінің басшы лауазымына конкурс жарияланып, Гүлнұр Сүлейменова есімді үміткер жеңімпаз болып танылған еді. Ол кісіні көпшілік жаңа қызметімен жаппай құттықтағанымен, бұйрықтың шығуы тым созбалаңдыққа салынып, ақырында конкурстың қорытындысы жоққа шығарылды.

Конкурс заңсыз өткізілген екен. Дәл осы кезде шын-өтірігі белгісіз, «бұл орынға келуі алдын ала келісіліп қойған» деп басқа бір азаматтың есімі ел ішінде аталып жүрді. Бұл жел сөз емес, жөн сөз болса «білім саласындағы басшылардың орны сатылатын болғаны ма, кадрлық бизнеске айналған ба?» деген ойға еріксіз ерік береді екенсіз. Конкурстан өткенімен, неге бөлім басшылығына бекітілмегені жайында Г.Сүлейменованың өзінен сұрап көрдік. «Менің жоғарыда танысым жоқ. Біреулер айтып жүргендей министр де туысым емес. Осы кезге дейінгі жиған тәжірибеммен елге қызмет етсем деген оймен конкурсқа түстім. Бірақ әлдекімдердің алдын кесіп кетсем керек, маған жол жабылды. Дәлірек айтқанда, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «басында 13 үміткердің бірі ретінде конкурсқа соттылығы бар адам қатысқан» деген негізбен конкурстың күшін жойды. Бірақ ол адамның нақты кім екенін білмейміз. Негізгі конкурсқа екі адам қатыстық, менің қарсыласыма мүлде балл қойылмаған. Енді құқым тапталды деп сотқа шағым түсірдім. Бір түсінбейтінім, басқарма тарапынан маған ешқандай құжат берілген жоқ», — дейді Г.Сүлейменова.

Тағы бір мысал. Салауат Сабыр есімді оқырманымыз Мақтаарал аудандық білім бөлімінің басшысы болуға әрекеттенген Әмзе Сарыбаев есімді үміткердің соңғы сәтте ол қызметтен өз еркімен бас тартқанын айтады. «Ә.Сарыбаевтың жеңіп шығатыны анық еді, конкурста жоғары балл жинағаны да айтылып жүр. Бірақ әлі бұйрық жоқ. Енді келіп «оның басшы болғысы келмей қалыпты» деген сөз шығып жатыр. Қысым болмаса өз-өзін ұсынған адам соңына келгенде неге бас тартады? Бұл да жоғарының құйтырқы әрекеті секілді», – деген С.Сабырдың сөзінде де бір шындық бар-ау деген ой келеді.

Ал Жетісай ауданындағы Гагарин атындағы №53 мектепте директорлыққа қатысты даудың тұтанғанына жылдан асты. Конкурстық комиссия екі үміткердің біріне көп, екіншісіне аз сұрақ қойған. Бұл мәселе сотта қаралып, Бахтияр Ермекбаевтың талабы қанағаттандырылғанына қарамастан, нақты тағайындау болмай, іс созбалаңдыққа салынып келеді.

Біз бүгін Түркістан облысының білім саласындағы «түсініксіз» жайттардың санаулысына ғана тоқталдық. Тізе берсек мұндай жағдай жиі кездеседі. Сонда «білім саласы балаға сапалы білім беру емес, жоғарыдағылардың қалта қампайту құралына айналып кеткен бе?» деген сұрақ туындайды. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Балқы Базар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *