Әлеумет

АЛЬФИР, АРТУР, АЙЛУНА, АЙЛИНЬ…

Біз бүгінде көп нәрсеге аса мән бермейтін болдық. Ұлттық болмысымызға тән болған нәрселер өзгеріске ұшырап жатса да оған көңіл бөлмейміз. Солай болуы тиіс сияқты. Осы орайда оқырман ортасына балаға ат қою рәсіміне қатысты оқшау ой тастамақпын. Жұртшылық бұған да мән беріп қараса екен деймін.

Бір-бірін алғаш көріп, тілдескен адамдар ат сұрасып танысатыны белгілі. Дегенмен бұрынғыша «ныспың кім?»  дегенге елең ете қояр жастар аз. Елдің көбісі «есімің кім?» немесе «атың кім?» деп сұрайды. Ал сауалға әсіресе жастар арасынан алған жауапқа мән беріп, көңіл бөліп қарайықшы, көп жағдайда «жаңа есімдерді» естиміз. Ұлынан сұрасаң Аслан, Альфир, Арсен, Артур, Диас, Дамир, қызынан сұрасаң Айлуна, Айлин, Тамила, Умида, Анель, Нармина, Аделя, Аделина, Сафия, Жасмина болып шығады.

Әсіресе балабақшада түрі қазақ, атын сұрасаңыз қай ұлттың баласы екенінен шатасасыз. Бүйте берсек енді он жылда не араб, не түрік боламыз-ау. Бүгінгі балалардың есімдеріне қарап санаға осындай бір жағымсыз ой келеді.

Дала дәстүрін «заманауи» саналатын құбылыстар тықсырып барады. Баяғы «сендерге біз тұрғанда бала қайда?!» дейтін ата-ененің адуыны басылып қалғандай. Жас отбасылар перзентінің атын өзі қоя салады. Көбіне «сән» болған есімдерге еліктейді, кинодан көрген аттарын қояды. Ата-енесі  немереге батыр болсын деп Бауыржан, Нұркен, Қайрат, ақын болсын деп Мұхтар, Ғабит, Сәбит, Шәмші есімдерін қойғысы-ақ келгенімен жас отбасы мұрнын тыржитып, оны жақтырмайды. Сонда жұрттың балаға қойылатын қазақы есімдерден жерінудің себебі неде?

Дүниеге келген нәрестеге құлаққа жағымды, жарасымды есім беру – ата-ананың жауапты міндеті. Шариғатқа сүйенсек, әкенің үш ақысының бірі – перзентіне дұрыс есім беру. Ендеше балаға ат қоюда ойланайықшы, әркімге еліктей бермей, мәнді, мағыналы есім берейік, ағайын!

Ақмарал Леубаева,

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының
ғылыми қызметкері,

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *