Басты жаңалықтар Шымкент

Көмекке шымкенттіктер де атсалысуда

Еліміздің батыс өңірлерінде бірқатар ауылдарды қарғын су шайып, елді әбігер етті. Кеше Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданындағы эвакуациялық пункте болып, тұрғындармен кездесті. Олардың мұқтаждықтарын тыңдап, мемлекет тарапынан көмек көрсетілетінін айтты.

Су басқан аумақтарды түгелдей тікұшақпен аралап шыққаннан Президент зардап шеккен ауылдарға ел болып көмктесіп жатқан азаматтарға алғысын айтты. Еліміздің барлық өңірлерінен келіп жатқан гуманитарлық көмекті тарататын пункттің жұмысымен танысты.  

 – Көп ұзамай бұл жұмыстар да аяқталады. Қиындықты қалай да еңсереміз. Осында еңбек етіп жүрген құтқарушылар, полицейлер, еріктілер лайықты деңгейде марапатталады. Бұл міндетті түрде менің бақылауымда болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы су тасқынына қатысты жағдай әлі де өте күрделі екенін атап өтіп, мұндай көлемдегі тасқынның бұрын-соңды болмағанына назар аударды.  Оның айтуынша, осыған ұқсас жағдай 1994 жылы болған. Алайда қазіргі су тасқыны одан әлдеқайда ауқымды.

– Мен зардап шеккен аудандарды аралап шықтым. Апаттың ауқымын, шығынды көріп отырмын. Қаншама дүние-мүлік, электр желілері судың астында қалды. Жолдар мен көпірлер шайылып кетті.  Барлық негізгі мәселе шешілгеннен кейінгі ең басты міндет – қайта қалпына келтіру. Үкіметке жаңа типтегі үйлер салу немесе бұрыннан бар үйлерді реконструкциялау жөнінде арнайы жоспар әзірлеуді тапсырдым. Бұл мәселені оңтайлы шешеміз деп ойлаймын. Ахуалдың ауыр екенін бұған дейін де айттым. Үкіметтің, Республикалық штабтың жетекшілігімен облыс әкімдері бұл міндетті дұрыс атқарады деп санаймын, – деді Президент.

Айта кету керек, Ақмола облысы Аршалы ауданына қалыптасқан су тасқыны жағдайын жою жұмыстарына Шымкенттен құтқарушылар тобы алғашқылардың бірі болып жетті. Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел тобы 5 бірлік техника, 40 жеке құрам, 15 мотопомпа, 1 бірлік қайық сол өңірге аттанды. Шымкенттік құтқарушылар Аршалы ауданы Жібек жолы, Қостомар, Талапкер, Ыбырай Алтынсарин ауылдарында және Анар станциясында қар суын сору және жағаларды нығайту, сонымен қатар қаптарды инертті материалдармен толтырып, оны төтенше жағдай аумағына төсеу жұмыстарын жүргізуде.

«Қазіргі таңда  4430 қап дайындап, 49210 текше метр су сорылды. Осылайша шымкенттік құтқарушылармыз Аршалы ауданы Жібек жолы, Қостомар, Талапкер, Ыбырай Алтынсарин ауылдарын және Анар станциясын су басу қаупін алдын алды тұрғын үйді су басудың алдын алды» дейді Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары.

 
 


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *