Әскердегі әлімжеттіктен қорқып ата-аналар балаларын Отан алдындағы парызын өтеуге жіберуге қорқатын дәрежеге жетті. Ендігі жерде балаларын мектепке жіберіп те жанын шүберекке түйіп отыратын болды. Өткені, күн сайын неше түрлі сорақы оқиғалар орын алуда. Келес ауданындағы ауыл мектебінің оқушылары арасындағы төбелес әлеуметтік желі арқылы бүкіл елге тарады. Астанадағы мектептердің бірінде оқушы баланың жоғарғы қабаттан құлағаны жұртты тағы бір шошытты.
Жуырда Түркістан қаласындағы бір мектепте де оқушылар ерегісінің соңы төбелеске ұласқаны жайында хабар келді. Өзінің есімін атамауды сұраған оқырманымыз ол жайлы бізге былай деді: «Осыдан бір аптадан аса уақыт Түркістан қаласы білім бөліміне қарасты Төлеби атындағы №19 жалпы орта мектебі ғимаратының екінші қабатында 8 сынып пен 10 сынып ер балалары арасында ерегіс болған. Біреуі екіншісінен ақша талап еткенге ұқсайды. Топ балалардың ерегісін көрген мұғалімдер оларды таратып жібереді. 8 сыныптың ер жігіттері 10 сыныптың екі баласын үйлеріне қайтар жолда тосып алып, тепкілеген. Салдарынан 10 сыныптың екі оқушысы жарақат алып, ауруханаға түскен».
Оқиға қаншалықты рас, рас болса осы оқиға бойынша Төлеби атындағы мектеп директоры Шынар Тілеубергенова қандай амалдар жасады? Ал Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова директорға қатысты қандай шара көрді? Бізді мазалаған осы сауалдар бойынша алдымен аталған мектеп директоры Шынар Тілеубергеноваға хабарластық. «Оқиғаның орын алғанына екі аптадан асты. Мектеп асханасында екі баланың иығы соқтығысып қалып, түсінбеушілік содан туындаған. Ақша сұрау болмаған. Оқушы 3 күндей ауруханаға жатып шықты. Мен ата-анасынан шағымыңыз бар ма деп сұрадым. Олар шағымы жоқ екенін айтты», – деді директор.
Оқушылар арасында төбелестің болғаны анық екен. Жанжал мектеп қабырғасында басталған. Салдарынан оқушы үш күн емес, бес күндей ауруханаға жатып, ота жасатып шыққан. Алдағы уақытта алған жарақатына қатысты күтім жасамаса дәрігерлер зардабының ауыр боларын айтып отыр.
Мектеп оқушылары арасында төбелес неге жиілеп барады? Бұған үйдегі де, мектептегі де тәрбиенің осалдығы себеп екені анық. Бала үйде оғаш қылық көрсетпеуі мүмкін, бірақ, ортаға тап болғанда жібектей мінезі өзгеріп шыға келеді. Ең өкініштісі, оқушылар тым қатыгезденіп бара жатқан секілді. Бірін бірі соққыға жыққанда аяушылық сезімін жоғалтады. Әрине, мұның мың себебі бар екені түсінікті, дегенмен, мектептегі тәртіпті күшейтпейінше, қатыгездіктен де құтылмасымыз анық. Әл-Фараби бабамыз «тәрбиесіз берілген білімнің адамзаттың қас жауы» екенін босқа айтып кеткен жоқ. Ендеше, мектеп мұғалімдері, инспекторлар тәрбие жұмысын барынша күшейткені жөн. Өйткені, мектеп төбелес алаңы емес, білім сайысының алаңы.
Өкінішке қарай, облысымызда білім саласының тізгінін ұстаған азаматтар тарапынан осалдық байқалады. Жан-жақтан келеңсіз оқиғалар көбейген тұста облысымыздың бас ұстазы түрлі себепті сылтау етіп, жұмыс орнында болмады. Бет қатталып жатқанда облыстық білім басқармасы басшысының жұмыстан босағаны жайында ақпар тарады. Ендігі жерде бұл орынға тәжірибесі де, білім-біліктілігі де жоғары және халыққа қызмет ете алатындай мінезді басшы келуі қажет. Әйтпесе, жағдай «баяғы жартас сол жартас» күйінен өзгермесі анық.
Н.БЕКМҰРАТОВА.