Uncategorized

 Тапсырма қалай орындалып жатыр?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізу туралы айтылғаны белгілі. Осы тапсырманы негізге ала отырып, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан арнайы «Отбасының цифрлық картасы» дерекқоры әзірленген. Аталған дерекқорда отбасылардың әлеуметтік жағдайын 5 санатқа бөлген. Атап айтқанда:

А санатындағы – әлеуметтік жағдайы жақсы 3,9%;

В санатындағы — әлеуметтік жағдайы қанағаттанарлық 39,5%;

С санатындағы — әлеуметтік жағдайы төмен 32,3%;

Д санатындағы — әлеуметтік жағдайы дағдарыс 20,6%;

Е санатындағы — әлеуметтік жағдайы мүшкіл 3,7%.

Министрліктің тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін Д және Е санатындағы азаматтардың үлесін 5 пайызға төмендету немесе Шымкент қаласы бойынша 79 850 отбасыға дейін шегеру жоспарлаған. Отбасылық цифрлық картаның мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте осы тапсырманың орындалу барысы талқыланды. Бұл орайда атқарылған жұмыстар мен алдағы күннің жоспарын қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева баяндап, отбасының цифрлық картасын қалыптастырудың ағымдағы мәселелері туралы ұсыныстарды ортаға салды.

Жиында қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Е.Есқараев атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Қалаға бекітілген көрсеткіштерге қол жеткізу туралы баяндаған ол қала бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 18,7 пайызға артып, 779,2 млрд теңгені құрағанын да тілге тиек етті. Бюджеттің 51 пайызынан астамы әлеуметтік салаға бағытталған. Өңірдегі халықтың табысын арттыру бағытында жүйелі шаралар қабылданып, республикада алғашқылардың бірі болып 15 мыңға жуық бюджеттік қызметкерлердің жалақыларына қосымша 50 мың теңге үстемеақы тағайындалды.

Мемлекет басшысының бастамасымен Халық қатысатын бюджет жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Биылғы жылы бұл бағытта 228 жобаға 5,8 млрд теңге қаралды. 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша қаланың барлық макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң динамикалық өсім қалыптасқан. Атап айтқанда, тұрғын үй алаңы 38,8, құрылыс жұмыстары 30,6, көлік қызметі 26,8, сауда көлемі 16,9, инвестиция 10,1, өнеркәсіп өнімі 2,0 пайызға артып отыр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *