Uncategorized

Жарытпаған жылуға не үшін ақы төлеуіміз керек?

Биыл күннің суытуымен бірге Кентау қаласының жылуға қатысты проблемасы да басталды. Бұл бірінші жыл емес. Бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан мәселе. Үкімет жылу қазандықтарын жаңарту үшін 3 жылдық жоспар құрып, қаржы бөліп отыр. Бірақ осы жылдары үйлер қалай жылытылады деген сұраққа жауап іздеп, ешкім бас қатырмады.

Шенеуніктер «стояктар» тазаланбаған деп, кінәні тұрғындардың өздеріне артуда. Бұл сылтау, үйдің бәрінде «стояк» толып қалуы мүмкін емес. Біздің ойымызша құбырлардың тозығы жетуіне байланысты қазандықтан шыққан жылуды үйлерге қысыммен қуа алмай отырған секілді. Қысым болмаған соң жылу болмайтыны белгілі ғой.

Бұл мәселені шешу әкімдіктің құзырында. Негізі Үкімет халықтың қамын ойласа жылу қазандықтарын ауыстыруды үш жылға бөліп тастамай, жедел түрде бір жылдық жоспарға енгізуі керек еді. Олай болмады, енді мәселені шешуді де ойластырғандары жөн. Халықтың жүйкесін тоздырып, төзімімен ойнауға болмайды. Жағдай бұлай жалғаса берсе ақыры жақсы болмасы анық. Себебі бүгінде тұрғындардың қолында жылумен бірге жарықтың да қомақты қарызы көрсетілген түбіртегі бар. Сонда тұрғындар жарытып берілмеген жылуға да, сол себепті суып кеткен үйді жылыту үшін пайдаланған жарыққа да төлеп, екі шығындануы керек пе? Бұл әділетсіздік. Сол себепті үйді жылыта алмаған сапасыз жылудың төлемақысын төлеуді жағдай реттелгенше Үкімет өз мойнына алу керек деп есептеймін. Яғни субсидия секілді тұрғындарға бір жеңілдік беру керек. Рас, үйлеріне сапалы жылу барғандар төлемақыны төлесін, ал бір бөлмені электр қуатымен жылытып, бәрі сол бөлмеге тығылып отырғандар не үшін жылуға ақша төлеу керек?

Сол үшін әкімдік, №4 жылу орталығы қоғам белсенділерінің қатысуымен комиссия құрып, үйлерді аралап, жылу барған, бармаған үйлерді анықтауы тиіс. Жылудың рахатын көрмегендерге оның ақшасын төлеткен дұрыс емес. Жемеген тамаққа, кимеген киімге кім ақша төлегісі келеді?

Әділет Қарабай,

Кентау қаласының тұрғыны.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *