Мәселе

Президент тапсырмасы Жетісайда қалай орындалуда?


Жетісай ауданына биыл көп жылдан бері жаумаған қар түсті. Шынымды айтсам, соңғы 50 жылда биылғыдай қалың жауған қарды көргенім жоқ. Бұрын осы уақытта жер жыртып, егін егуге кірісетін Мырзашөл өңірінің шаруалары қыс қамытынан шыға алмай, уайымға салынуда. Тас жолдар мұздан әлі толық аршылмағандықтан, күн сайын көліктер соқтығысып, салдарынан ұзын-сонар кептеліс пайда болуда. Қаншама адам материалдық зардап шекті. Жарақат алып, денсаулығына зақым келгендер де аз емес. Осы қиындықтар жолды қардан тазалайтын жөні түзу мекеменің жоқтығынан көрініс беруде.

Бұрын ДЭУ, УАД деп аталатын, жолға жауапты мекемелер болатын. Олар жазда жолды жөндеп, белгілерді орнатумен, қыста құм сеуіп, қарды тазалаумен айналысатын. Яғни, техника мен жұмысшылар осы шаруаға ғана жұмылдырылатын. Қазір сол жүйеден айырылып қалдық. Бүгінде тендерде жеңімпаз болған компания көбінше бұл жұмыстарды атқаруға қауқарсыз болып шығады. Мұның зардабын бірінші кезекте халық тартады. Мен аудандағы ең ірі елді мекеннің бірі — Асықатада тұрамын. Биыл көшелерді тазалап жүрген техника былай тұрсын, адамдарды да көрмедік қой. Керек кезде жолға шашатын құм мен оны себетін адам таппай қалдық. Сонда осы мақсатта бөлінген қаражат қайда кетіп жатыр? Әлде әкімдер жылдағыдай қыс болмайды деп жаз бойы шырылдауық шегірткедей «ән салып» жүрген бе? Осыған жауап беруі тиіс аудан әкімі қол бұлғап, Сенаттан бір-ақ шықты. Сонда елдің жайын кім ойлайды?

Президент халыққа арнаған Жолдауында: «Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек», – деп нақты тапсырма берді. Сол тапсырманың орындалғаны осы болғаны ма? Шынтуайтына келгенде Президенттің тапсырмасын толық орындауға ниетті болсақ, кейбір мәселеде бұрынғы тиімді тәсілдерді қайтаруымыз керек. Мәселен, жол жөндеу жұмыстары мемлекет тарапынан айрықша бақылауға алынған нысан ретінде қарастырылуы тиіс. Сонда ғана сапа жайында сөз қозғауға болады. Керісінше жағдайда «баяғы жартас сол жартас» қалпынан өзгеруі қиын.

Марал Ізбасарова,

Жетсай ауданы, Асықата кенті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *