Басты жаңалықтар Мәселе

Украинадағы соғыс ушығып тұр

 Әлем және Біз

       

Соғыстың жүріп жатқанына 3,5 жылдан асты. 2014 жылғы Донбасстағы қақтығыстардан бастап есептейтін болсақ, тіпті 12-ші жылға созылып барады…

«Алғанымды қайтармаймын» дейді

Таяуда Аляскада өткен АҚШ пен Ресей басшыларының кездесуінде В.Путин Украинадағы соғысты тоқтату үшін Ресейдің қандай талаптар қоятынын тағы да қайталады. Олар мынадай: Соғысты тоқтату үшін Украина өзінің Донбасстағы және Запорожье мен Херсон облыстарындағы әскерін әкетуі тиіс. Осылай етсе, Ресей соғысты өз әскерлерінің Херсон және Запорожье облыстарындағы жеткен жерінен тоқтатады. Харьков және Сумы облыстарындағы басып алған жерлерін қайтарып береді. Украина Қырымды қайтарып алам деген ойынан, НАТО әскери блогына кіремін деген ниетінен түбегейлі бас тартуы керек. Бейтарап мемлекет болуы тиіс. Украина өзінің әскер санын азайтады, Батыс елдері оны қаруландыруды тоқтатады. Украинада орыс тіліне ресми мәртебе берілуі керек. Бітімгершілік күштері ретінде Украинаға Батыс елдерінің шектеулі әскери контингенті кіргізілмеуі тиіс. Қысқасы, Ресей қалай болғанда да Украинаның Батыс ықпалындағы ел болуына жол бермеймін деп қасарысып отыр.

 АҚШ-тың арманы басқа…

Аляскадағы кездесуден соң Д.Трамп Украина Президенті В.Зеленскиймен және Еуроодақ басшыларымен хабарласып, Ресейдің қойып отырған талаптарын жеткізді. «Мәселенің қалай шешілері енді Украина Президенті мен Еуропа мемлекеттеріне байланысты», — деді Трамп. Оның тарапынан «Ресейді аямаймын», «санкция саламын» деген сияқты сөздер айтылмады.

Жалпы, Д.Трамптың АҚШ Ресейдің соғыста жеңілгенін қаламайды, оның Қытайдың құшағына тереңірек енуінен қауіп күтеді. АҚШ үшін Ресей мен Қытайдың арасы алшақтағаны тиімді. Сондықтан АҚШ-қа Ресейдің амандығы, жаһандық геосаясатта орнын жоғалтпағаны керек. Д.Трамп осыны көздейді, оған қоса ол өзінің «бейбітшілік орнатқыш» ретіндегі беделінің өсе түсуін де қалайды. Осыны аңғарып отырған кейбір саясаттанушылар бүгінде Украина егер мемлекет ретінде сақталып қалғысы келсе, өзінің Ресей басып алған жерлерінен түбегейлі бас тартуы керек дегенді айта бастады.

 Қауіпсіздігіне кепілдік қажет

Украинаның да өз ұстанымы бар, олар мынадай: Соғыс тоқтатылуы және Украинаға жетекші елдер тарапынан қауіпсіздік кепілдігі берілуі керек. Әскери көмек, қажетті қару-жарақпен жабдықтау жалғаса беруі қажет. Украина жерінде елге қауіп төнгендей жағдайда көмек көрсете алатын шетелдік әскери контингент тұрғаны жөн. Сондай-ақ, Ресей қайта басып кіруді ойына да алмас үшін Украинада орта және алыс қашықтықтарға ататын зымырандар орнатылуы тиіс.

В.Зеленский Украина Конституциясы жерді саудаға салуға жол бермейтінін, Ресей басып алған жерлердің қайтарылуы қажет екенін айтты. Дегенмен кейінгі кездердегі сөз ыңғайына қарағанда бұған қатысты Украинаның ұстанымы босаңси бастағандай. Өйткені АҚШ тарапынан қысым бар. Мысалы, Д.Трамп Украинаның Қырымды қайтару ойынан түбегейлі бас тартуы керек екенін ашық айтты. Ол Донбасс өңірінің де Ресейде қалуын оң көретін сияқты. Сондай-ақ, Д.Трамп Украинаның НАТО-ға мүше болуына қарсы екенін де білдірді. Ал Украина өзіне Батыс елдерінің, әсіресе АҚШ-тың қолдауы артқанын қалайды. НАТО-ның  құрамына кіре алмаса да Еуроодаққа мүшелікке өтуі керек.

 Еуропа не дейді?

Жалпы, Еуропа елдері Ресейдің соғысты тоқтататынына күмәнмен қарайды. Оған экономикалық қысымды арттыру керек дейді. Соғыс тоқтатылған жағдайда Украинаға НАТО жарғысының 5-бабындағыдай кепілдік берілуі керек деп отыр. Онда қорғаныс мақсатында біріккен елдердің біріне агрессия жасалар болса, өзгелері оған әскери көмек көрсетеді, агрессорға қарсы соғыс ашады делінген.

Кешегі аптада АҚШ пен ЕО Украинаның әскери-саяси қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін тағы да ойласты. Ұлыбритания мен Франция бастаған 10 мемлекет Украинаға өзінің бейбітшілік күштерін енгізуге дайын екендерін білдірді. Жоба бойынша шектеулі әскер кіргізіліп, ол АҚШ-тың басшылығымен іс атқаруы тиіс. Дегенмен АҚШ-тың өзі әзірге бұған байланысты нақты ұстанымын ашық білдірген жоқ.

Бұл күндері Украина жеріндегі соғыс қимылдары үздіксіз жалғасып жатыр. Ресей Украинаның майдан шебінен алыс әскери және энергетикалық инфрақұрылымдарын, бейбіт елді мекендерін де зымырандармен, дрондармен соққылауды жалғастыруда. Украин сарбаздары болса өз жерін қорғап қана қоймай, Ресейдің шекаралас Курск, Белгород, Брянск облыстары аумағына еніп те шайқасып жүр. Украин дрондары Ресейдің терең ішкі аумақтарына дейін өтіп, әсіресе әскери нысандарына, әскерді жанар-жағармаймен қамтамасыз ететін инфрақұрылымдарына соққы беруде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *