Маусым айының соңында Президент Қ.Тоқаев қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешек киіп жүруге тыйым салатын заңға қол қойған болатын. Дегенмен көпшілік адам бұл жайынан бейхабар сияқты. Сондықтан жұртшылықты осыдан құлағдар ету мақсатында біз Шымкент қалалық дін істері басқармасының басшысы Бақтияр Өнербаевты (суретте) сөзге тартқан едік.

– Құқық бұзушылықтың алдын-алу заңына өзгерістер енгізілді, – деді бұл жайында Бақтияр Әлтайұлы. – Сол нормаға сәйкес қазір бетті тұмшалап жүруге тыйым салынған. Ол қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жасалынып жатыр. Ешқандай да діни сенімді, діни бірлестіктерді кемсіту деген болмайды, заң ешкімнің де діни ұстанымына кері әсерін тигізбейді. Ол көптеген сараптамалардан өткен. Мұндай заң Бельгия, Франция сияқты Еуропа елдерінде, Канадада, іргеміздегі Өзбекстан мен Қырғыз елінде де қабылданған. Әсіресе қоғамдық орындарда, жұртшылық көп шоғырланатын жерлерде адамның бет пішіні ашық болуы керек. Тұмшаланып алған жанның қандай пиғылда жүргенін, қандай әрекет жасамақ екенін өзгелер қайдан біледі? Сондықтан бұл қоғамдық тәртіпті, елдің тұрақтылығын қамтамасыз ету, бірлігін нығайту үшін жасалып жатқан жұмыс. Заң дер кезінде қабылданды. Себебі қазір дүние жүзінде геосаяси ахуал тұрақсыз, мемлекеттерге қарсы әртүрлі жағдайлар болып жатыр. Біреулер бетін тұмшалап алып сауда үйлерінде, базарларда, мәдени үлкен шаралар кезінде теракт немесе басқа да қауіпті іс-әрекеттер жасауы мүмкін. Адамға қастық жасалынуы, адам өлімі орын алуы мүмкін. Бұл соның алдын-алу мақсатында заңмен бекітілді.
Біз бүгінде заңды түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Барлық нысаналы топтардың, жастардың, жұмысшылардың, жұмыссыздардың арасында, әртүрлі ұжымдар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Оқушылардың каникулы біткесін мұндай жұмыстар мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында жалғасатын болады. Бұл заң талаптарынан бұқара халықтың әрбірі құлақтануы тиіс. Өйткені «дінге қарсы жасалып жатыр» деген сияқты түрлі бұрмалаулар орын алуы да мүмкін. Сондықтан түсіндіру жұмыстары толассыз жүруі керек. Әркім өзінің орнын, өз жұмысын білгені дұрыс.
Ал тәртіп жағын ішкі істер органдары қадағалайды. Тәртіп бұзғандарға алғашқы кезде 5 айлық есептік көрсеткіш, екінші рет қайталаса, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Парламент жұмысқа шыққасын жауапкершілікке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық Кодексі бойынша заң қабылданады. Осыны нақтылап белгілеп бергеннен кейін шара қолдану басталады.
Аталған заңда «Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын, қызметтік (лауазымдық, еңбек) міндеттерін орындау үшін, медициналық мақсаттарда, азаматтық қорғау үшін, ауа райы жағдайларында, сондай-ақ спорттық, спорттық-бұқаралық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысатын адамдарға тікелей қажет болатын жағдайларды қоспағанда, қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті киіп жүруге тыйым салынады» деп нақтылап көрсетіліпті. Яғни тыйым күші бетті жаппайтын діни киімдерге емес, балаклава, паранжа, никаб сияқты адам жүзін толықтай тұмшалап тұратын киімдерге жүреді.
Бұл шара азаматтардың құқы мен еркіндіктерін шектемейді, діни сенім бостандығына ешқандай да нұқсан келтірмейді, ол бірінші кезекте қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін жасалып отыр. Адам бейнесін анықтау қарапайым, үйреншікті, жеңіл болуы керек, ол қоғамдық тәртіпті сақтауға да қызмет ететін болады. Мұндай киімді киюге адамдарға тек медициналық көрсетілімдер бойынша, ауа райының құбылысына қарай, азаматтық қорғаныс, қызметтік міндетті орындау кезінде, сондай-ақ спорттық, мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысу кезінде рұқсат. Тек паранжа, никаб сияқты бетті тұмшалап тұратын киім кимесеңіз болды.
Сонымен, қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешек киіп жүруге тыйым салатын заң күшіне енді. Мұны да біле жүрген жөн.
Х. АСАН.
