Бәрімізге белгілі, қазіргі таңда сыбайлас жемқорлықпен күресу өркениетті елдердің барлығында өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл әлеуметтік құбылысты болдырмау мен оның алдын алу Қазақстан үшін де өте маңызды. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңында мемлекеттік қызметкерлердің, лауазымды тұлғалардың міндеттері мен жауапкершіліктері, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қадамдарын жасағанда қандай жаза алатындары жайлы тайға таңба басқандай етіп жазылған. Аталмыш заң еліміздің барлық аумағында жеке және заңды тұлғаларға қатысты қолданылады. Ендеше, бәріміз де заң алдында тең екендігімізді түсінуіміз тиіс.
Бүгінде еліміз экономикалық-әлеуметтік тұрғыда өркениетті 50 елдің қатарына қосылу үшін ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Өзіміздің межелі мақсатымызға жетіп, биік белестерді бағындыру үшін, алдымен, біздің елдің жас буындарына терең білім, тағылымды тәрбие беретін білімді де білікті ұстаздар, атқарушы жоғары билік органдары мен мемлекеттік мекемелерге өз ісін бес саусақтай білетін, халқының қамын күйттейтін, жеке басының жағдайын шешуде лауазымын пайдаланбайтын, «бармақ басты, көз қыстылыққа» жол бермейтін мемлекеттік қызметкерлер қажет.
Айта-айта жағымыз талып, жаза-жаза жауыр болған түйткілді тақырып — сыбайлас жемқорлықпен күресу жолында өзім қызмет ететін Шымкент қаласының Әділет департаментінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Департамент басшысының сыбайлас жемқорлықты болдырмау бағытындағы бұйрығымен бекітілген арнайы іс-шаралар жоспарына сай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша мекемемізде жиналыстар ұдайы өткізіліп тұрады. Жемқорлық жасаған жағдайда жүктелетін жауапкершіліктер жайлы түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Парақорлық дертімен пәрменді күрес жөніндегі заңдылықтарды оқып-үйрену, олардың тиянақты орындалуын назарға алу, жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне дер кезінде жіті көңіл бөлу, атқарушылық құжаттарды орындау барысында қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтау, белгіленген нақты жоспарды орындау мәселелері басты жолға қойылады. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының салдарын көзбен көру, мемлекеттік қызметшілердің заңға қайшы қадамдарға бармауының алдын алу бағытында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен бірлесіп, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты түзеу мекемелерінде іс-шаралар өткізіліп тұрады.
Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлық көріністерінің туындауына жол жоқ. Айта кетейік, бұл індетке тойтарыс беру – өз кезегінде еліміздің әрбір азаматының азаматтық борыш болып саналады. Сондықтан да билік пен бұқара арасындағы сенімді сетінететін бұл қауіпті құбылысты жеңуде бәрімізге де жоғары жауапкершілік жүктеледі.
Батырхан ЭРМАХАН,
Шымкент қаласы Әділет департаментінің атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі бөлімі-филиалының мемлекеттік сот орындаушысы