Шымкентте жаңадан екі автоматтандырылған газ бөлу станциясы салынатын болып ұйғарылды. Өйткені қала аумағы үлкейіп, газ тұтынушылар саны артып келеді.
ххх
Шымкентте биыл 2251 жас маманды жұмыспен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда олардың 1643-і «Жастар практикасы» жобасы арқылы жұмысқа орналасты. Сонымен қатар биыл «Алғашқы жұмыс орны» деп аталатын жоба жүзеге асырылып, бұл бағыт бойынша 1160 жасты қамту жоспарланыпты. Соның 346-сы алғашқы жұмыс орнына жіберілген.
ххх
Қалада қайтарымсыз грант берудің 3-ші легі басталды, ол 93 адамға тиесілі болмақ. Бұл бағдарламаға мына санаттағы азаматтар қатыса алады: тіркелгеніне 3 жылдан аспаған жұмыссыздар мен жеке кәсіпкерлер, мүгедектігі барлар, көпбалалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелері, «қандас» мәртебесі бар азаматтар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, асыраушысынан айырылғандар, өңіраралық қоныс аударушылар. 20-қазанда басталған грант беру 3-қарашаға дейін жалғасады.
ххх
Газдан улануды болдырмау, оқыс оқиғалардың алдын алуды қамтамасыз ету үшін «Шымкент қалалық газ-техникалық қызметі» КММ арнайы жұмыстар жүргізіп жатыр. Олар тарапынан «ҚазақГаз» аймақтық АҚ Шымкент өңірлік филиалына 2025 абонентке тиісті шара көру үшін сәйкесінше мәліметтер жолданған. Олардың 230-ы газ жабдығы қалпына келтірілгенге дейін газдан ажыратылса, 1795 үй бойынша жұмыс жүргізілуде. Адам өміріне тікелей қауіп төндіретін ақаулығы бар газ жабдықтары орнатылған 810 абонент анықталып, кемшіліктер жойылғанға дейін газдан уақытша ажыратылған.
ххх
Шымкент мектептерінде оқитын 274 мың оқушыға қаладағы қоғамдық көліктерде тегін жүру құқы берілген. Дегенмен оларда тиісті «карточка» болуы керек, сол арқылы валидаторда тіркелуі тиіс. Бүгінде тек 30 мың оқушының ғана карта алғаны анықталып отыр. «Карточка» әр балада болуы қажет. Өйткені карта автобустардағы жолаушы санын анықтау, соған сай шараларды іске асыру үшін қажет.
Оқушылардың «карточканы» виртуальді түрде онлайн-режимде телефон қосымшасына енгізіп алуына болады. Ол үшін «jenil.avtobys.kz» сайтына кіріп, өзі туралы мәліметтің барлығын тізіп өтінім берсе жеткілікті.
