Шымкент қаласының Бас жоспарына бірқатар өзгерістер енгізілмек. Бұл жөнінде журналистердің қойған сұрағына орай қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек баспасөз мәжілісінде баян етті. Бас жоспарға өзгерту енгізуге бірнеше мәселе себеп болуда. Олар:
Ұшу-қону жолағы ұзартылады
2024-жылы қалаға қосымша ұшу-қону жолағы қажет екені анықталып, әуежайда осы бағытта жұмыстар басталған. Енді соны Бас жоспарға ендіру қажет.
Қауіпті аймақтар бар
Сондай-ақ қаланың Бас жоспарында сел және көшкін жүруі мүмкін қауіпті бірер аумақтардың нақтылап көрсетілуі де тиіс. «Қазселденқорғау» мекемесі 2025-жылы Шымкенттегі сел басу қаупі бар, құлауы мүмкін аймақтарды анықтаған, олардың паспортын жасаған. Қалада құлау қаупі бар 13 аумақ белгілі болған. Жалпы аумағы 497 мың 570 шаршы метрді құрайтын бұл аумақта бүгінде 433 тұрғыны бар 109 нысан тұр. Сондай-ақ сел қаупі бар 29 аумақ анықталған. Жалпы көлемі 933 мың шаршы метрге тең 328 нысанда бүгінгі күндері 1129 адам тұрып жатыр.
«Бас жоспарда кез келген қауіпті жағдайдың барлығы да ескерілуі тиіс. Сел қаупі, құлау қаупі бар аумақтарда болашақта құрылыстың жүруіне тыйым салынады. Сондықтан қала әкімдігі бұл аумақтар Бас жоспарға қосылуы тиіс деп санайды», — деді С.Құранбек.
Газ бөлетін станциялар қажет
Қала әкімінің орынбасары сондай-ақ Шымкентте жаңадан екі автоматтандырылған газ бөлу станциясы салынатын болып ұйғарылғанын атап өтті. Өйткені қала аумағы үлкейіп, газ тұтынушылар саны артып келе жатыр, қосымша станциялар қажет. Сондықтан жаңадан екі станция салынып, олар да қаланың Бас жоспарына ендірілуі керек.
Әзірге бұған бюджеттен қаржы бөлінбеген, мәселе жан-жақты ойластырылуда. Көп ұзамай нақты шешім қабылданбақ.
Халық саны көбеюде
Жалпы, Шымкенттің бұдан бұрынғы Бас жоспары 2004-жылы бекітілген болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022-жылы күзде қалаға жұмыс сапарымен келгенде қаланың Бас жоспарын қайта қарау жайын тапсырғаны мәлім. Президент қаланың Бас жоспары оның экономикалық әлеуетіне сай болуы қажет екенін айтқан. Сондықтан 2023-жылы қаланың Бас жоспары қайта қаралып, оған елеулі өзгерістер ендірілген еді. Бас жоспар 2035-жылға дейін деп бекітілген. Ол кезге дейін қала тұрғындарының саны 1 миллион 900 мың адамға жетеді деп есептелген.
Жалпы аумағы 1170 шаршы шақырымды құрайтын Шымкентте қазіргі күндері 1 миллион 275 мыңнан аса адам тұрады. Орта Азиядағы ірі экономикалық орталықтардың бірі ретінде Шымкент Өзбекстан астанасы Ташкентпен бәсекелесе алады. Ташкенттің халқы екі еседей көп болғанымен аумағы Шымкенттен үш еседей кіші. 2007-жылдан бастап Шымкентке шекаралас бірнеше ауданның ондаған ауылдары қосылғаны мәлім. Бүгінде сол ауылдар шағынаудандар есебінде дамып, өсіп жатыр.
Д. ОРАЗ.
