Басты жаңалықтар Шымкент

Шымкентте мәселе шешу оңай


Себебі тұрғындар көкейтесті сұрағын 109 бірыңғай нөміріне хабарлап айтуды әдетке айналдырған. Сенімдісі осы. Ал бұл нөмір – Шымкент қаласы әкімдігінің ситуациялық орталығына тиесілі. Қабылданған барлық арыз-шағым, өтініш, талап-тілектер тиісті сала мамандарына дер кезінде жеткізіліп, мәселенің оңтайлы шешілуіне негіз болуда.

Жалпы бұл қызмет түрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында құрылғанын айта кеткен жөн. Президент өз сөзінде «Мемлекетімізді және қоғамның барлық саласын жаңғырта түсуге тиіспіз.

Саяси реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұжырым – қоғамымыздың мызғымас тұғыры. Реформалардың мазмұны жан-жақты толыға түспек. Жалпыұлттық ынтымақты және билік пен қоғамның серіктестігін нығайта береміз» дей келе «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасынының  Әділетті Қазақстан идеясын жүзеге асырудың түпкі мәні екенін де атап өткен-ді.

Қазір Шымкентте қала тұрғындарынан күн сайын, 24 сағат бойына өтініш қабылдайтын жалғыз мекеме осы – ситуациялық орталық. 109 біріңғай нөмірі және әлеуметтік желілердегі арнайы парақшалары арқылы шымкенттіктер психологиялық және заң көмегін, жалпы тәжірибелік дәрігерге (терапевт) жазылу, қоғамдық көліктер мен тұрғындар көп шоғырланған жерде жоғалған не тауып алған заттар, еңбек қатынастары мәселелері бойынша қоңырау шалып, мәслелерін шешіп жүр. Ауланы абаттандыру, түрлі қажетті құралдармен ауланы жабдықтау, отынмен қамтамасыз ету, су, газ, жарық мәселесінен бөлек, лифт жұмысы, автобустың бағыты, қоқыстың дер кезінде әкетілмеуі, бәрін-бәрін тұрғындар осы телефон нөміріне хабарлап айтатын болған.

Кешегі аптада қала әкімі М.Әйтенов ситуациялық орталықтың осы күнге дейінгі жұмысы бойынша есеп алды. Орталықтың басшысы Азат Әміртаевтың айтуынша орталық ашылғалы бері 530 431 арыз-шағым түскен. Олардың көбі соңғы кезде қоғамдық көліктердің жұмысына, жол жөндеу жұмыстарына қатысты көбейген. Жарықтың жиі сөнуіне, судың тапшылығына байланысты арыздар жиілеген.

Қала әкімі тұрғындар тарапынан түскен талап-тілектерді орындауда туындаған өзекті мәселелер бойынша сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді. Азаматтардан келіп түскен арыз-шағымдар дер кезінде есепке алынып, ол бойынша мамандар тарапынан анықтау, нақтылау жұмыстары жүргізілуге тиісті екендігін ескертті. Әлеуметтік желілерде белсенділікті арттырып, халықпен кері байланысты күшейту қажет. Ал орталықтың жұмысын жандандыра түсу үшін барлық шаралар жасалуда. Бүгінде орталық мамандары біліктілікті арттыру мақсатында арнайы курстардан өтуде. Тұрғындардың сеніміне ие болған орталық мамандары азаматтардан денсаулық, білім беру салаларына қатысты сауалдардың да азаймай отырғанын, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау мәселесіне орай арыз-шағымдар көбейгенін алға тартады.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудан бастап, су басу, өрт шығу сынды төтенше жағдайларға қатысты сауалдарды да орталық мамандары қабылдап алып, тиісті сала мамандарына дер кезінде жеткізуде.

Айта кету керек, қала әкімінің ситуациялық орталығы Шымкент қаласы Бәйдібек би даңғылы, 116 үй мекен жайында орналасқан.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *