«Мектеп директорын тағайындауда жаңа тәртіп орнап жатыр
екен» деген сөз соңғы 2-3 аптада мұғалімдер арасында желдей ескені рас. Оған
негіз болған мәселе, еліміздің Оқу-ағарту министрлігі жариялаған талаптар. Бұл
әлі бекітілмеген құжат. Әзірге көпшіліктің талқысына салып отыр. Десе де…
Редакциямызға хабарласып, «тәртіп өзгеріп жатыр екен ғой, рас па?» деп сұраушылар көбейе түсті. Осының өзі-ақ, «болыс болуға құмарлық» қазақтың ежелгі дерті ма дерсін. Жәрайды, бүгінгі айтпағымыз ол жайлы емес. Сонымен, мемлекеттік мектеп директорын тағайындау тәртібінде нендей өзгеріс бар? Соған тоқталайық.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектеп директорларын тағайындау тәртібіне түбегейлі өзгеріс ендіре бастады. Бұдан былай мектепті 10 жыл қатарынан басқарған азамат қайтадан директор бола алмайды. Ол директор тағайындау конкурсына жіберілмейді. Бұл әрине мемлекеттік стандарттарға сай білім беретін, жергілікті әкімшіліктерге қарасты мектептерге қатысты талап. Жекеменшік мектепке директор болу әркімнің өз шаруасы. Құрылтайшының келісімін алса болғаны.
Мектеп директорлары міндетті түрде конкурс негізінде тағайындалады. Сертификаттау мен әңгімелесуден өтеді. Сертификаттаудан өту үшінгі тест сұрақтары бұрын 50 болатын. Енді 48 тапсырманы орындауы қажет.
Десек те Президенттік кадр резервіне кірген азаматтар сертификаттау тесіне қатыспайды.
Назарбаев Университетінің немесе «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша оқудан өткен шетелдік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері де бұл тапсырмадан босатылады.
Дәл осындай жеңілдік Quacquarelli Symonds World University Rankings, Times Higher Education университеттерінің әлемдік рейтингтері бойынша әлемнің үздік 100 университетінде, әлемдік университеттердің Academic Ranking of World universities Шанхай рейтингінде оқыған түлектерге де қатысты болып тұр.
Конкурстан өткен азамат мектеп директорлығы лауазымына бес жылға тағайындалады. Бірақ, бір мектепте бес жылдан екі мерзім қызмет атқарған басшы одан кейін қайта конкурсқа қатыса алмайды.
Министрлік мемлекеттік мектептің бірінші басшыларының кадрлық резервін жасақтау да жоспарланып отыр екен. Бұл резервке үміткерлер тек бір жылға алынады.
Кадрлық резервке үміткер болып тіркелу үшін үміткер ҚР азаматы, жасы 50-ден аспаған болуы міндетті. Жоғары педагогикалық немесе тиісті бейіні бойынша кәсіптік болмаса жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар азамат болуы шарт. Педагогикалық жұмыс өтілі 3 жылданк ем болмауы керек. Педагог-сарапшыдан төмен емес біліктілік санаты немесе «үшінші біліктілік санатты басшысының орынбасары» болмаса «екінші біліктілік санатты басшысының орынбасары», «бірінші біліктілік санатты басшысының орынбасары», «басшы-ұйымдастырушы», «басшы-менеджер», «басшы-көшбасшы» біліктілік санаты болғаны жөн. Сотты болған болмағаны да маңызды рөл ойнайды. Толық медициналық тексеруден өткендігін дәлелдеуі, дені сау екені жөніндегі анықтамасына мән беріледі. Әсіресе, психикалық, мінез-құлық, оның ішінде психоактивті заттарды қолдануына байланысты бұзылыстары (ауруларымен) жоқ, психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін, халыққа наркологиялық көмек көрсететін ұйымдарда есепте тұрмауы тексеріледі.
Үміткер магистр, PhD академиялық немесе ғылыми дәрежесі туралы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету Комитеті ұсынған Scopus индекстейтін журналдарда жарияланымдары бар педагогика немесе бейіндік бағыт бойынша ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі туралы, «Болашақ» бағдарламасының түлектері туралы қосымша ақпаратты болған жағдайда ұсынады екен.
Қазір осы талаптар ашық дерек көздерінде көпшіліктің талқысына салынған.
Білікті ұстаздар тарапынан түрлі ұсыныс-тілектер айтылуда. Солардың бірі, елемізге белгілі белсенді педагог, Шымкент қаласындағы №41 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Өмір Шыныбекұлы былай дейді:
–Егер ата-аналар директор болуға үмітті азаматтың педагог әдебіне қайшы моральдық бет-бейнесі туралы (ішімдікқұмарлық, өзгенің отбасын ойрандау, жеңіл жүріс т.с.с.) нақты фактілер ұсына алса, мектеп директорын тағайындау барысында бұл деректер есепке алынуы тиіс. Жоғарыда айтылған талаптарға осы пункті де қосу керек. Ал, «ол адамның жеке өмірі. Жеке өміріне қол сұғуға болмайды» деген уәждерін алға тартатындар «жеке өмірін» педагогикадан аулақтау барып сүре берсін. Мұндай жат қылықты адамның мектепте істеуіне қарсымын.
Айта кетейік, құжаттағы талаптарды талқылау шілденің 19-ына дейін жалғасады. Сосын, келіп түскен талап-тілектер ескеріле отырып, өзгертулер мен толықтырулар болуы мүмкін. Десе де министрлік мамандары жоғарыда айтылған негізгі талаптар өзгермейтінін білдіріп отыр.
Ал, сонымен, мектеп директоры болуға кімді лайықты дейсіз? Жоғарыдағы талаптарған ол сай келе ме? Айта отырыңыз…